Сахна өнері – сана қалыптасуының тетігі

Газет мақаласы "Айқын" газеті №93

Драматургия – өте күрделі, әрі өнердің көптеген элементін өзіне сіңірген синкретті жанр. Бүгінде елорда мен Алматыда Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Смағұл Елубаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Шахимарден Құсайынов, Роза Мұқановадай сақа драмашылардың шеберханасы бар. Бұл өз жемісін беріп те жатыр.

Сахна өнері – сана қалыптасуының тетігі

Бізде Гүлсина Мерғалиева, Дәурен Серғазин, Дина Жұма­баева, Данияр Базарқұлов, Ерлан Кәрібаев, Есләм Нұртазин, Айдын Салбан, Фархадбек Қанафин, Рүстем Жаныаманов, Фархат Молдағали, Әридаш Оспанбаева, Әділет Ақан сияқты талантты режиссерлер шоғыры қалыптасты. Олармен шығарма­шылық байланыс орнатуға дайын Нурайна Сатпаева («Ложки-ли­пучки»), Михаил Земсков («Ши­палы тас»), Әннас Бағдат («Рух»), Қолғанат Мұрат («Бақыт кілті»), Жәнібек Әлікен («Құпия»), Ықылас Шалғынбай («Бекет»), Айдана Аламан («Жүрегімнің иесі»), Әлішер Айтуар («Туған күніңізбен, анашым!»), Әділхан Асанов («Мұңлы Арлекин», Мерей Қосын («Мен жоқ жердегі менің өмірім») сияқты дарынды драматургтар бар. Ал көбінің айтатыны бір-ақ сөз: «Драматург жоқ!». Бар екен, шүкір.

Әлия Бөпежанова, Сәния Қабдиева, Бақыт Нұрпейіс, Еркін Жуасбек, Амангелді Мұқан, Зухра Исламбаева, Меруерт Жақсы­лық­о­ва, Анар Еркебай, Жазира Ахмет, Ақмоншақ Ахмет, Нартай Ескендір, Айзат Қадырәлиева, Моншақ Бекайдарова, Елдос Тоқтарбай мен Назерке Жұмабай секілді театртанушы, өнертану­шы, сыншылардың баспасөз бетінде жарық көрген мазмұнды мақалаларын қалт жібермей оқуға тырысамыз. Ал «Шалқар» радио­сындағы филология ғылымда­рының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының «Ойсүзгі», ақын Қалқаман Сарин­ның «Қауырсын ғалам» мен ақын, әдебиеттанушы Айнұр Төлеу жүр­гізетін «Құс жолы» сынды радио­бағдарламалардың «сөз өнері», драматургия, театр жө­ніндегі білімді толықтыра түсуіндегі рөлі зор. Сол «Құс жолының» ішінде «Драматургия діңгегі» деп атала­тын, тыңдарман үшін тың идея­ларға толы арнайы айдар бар. Аналитикаға иек артқан осындай хабарлар көбейсе дейсің. Кө­рерменнің таным көкжиегін кеңейту – тек театр­лардың ғана емес, әр қалам иесінің міндеті.

Өзім балалар жазушысы есе­бінде бастап, кейін екі ертек жаз­дым. Былтыр «Әріптер әлеміне саяхат» атты алғашқы пьесам Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық бала­лар мен жасөспірімдер театрында (реж. Сағызбай Қарабалин), ал биыл «Жеті ойыншықтың жеңі­сі» деген екінші ертегім қазақтың Ж.Аймауытов атындағы Пав­лодар облыстық музыкалық дра­ма театрында қойылды (реж. Әділет Ақан). 2019 жылдың ақ­панында Сидней Олимпиа­да­сында алтын алқа таққан был­ғары қолғап шебері, қасиетті Түркістанның тумасы Бекзат Саттархановқа арнаған «Бокс, бокс, бокс...» атты шығармам IX республикалық «Тәуелсіздік тол­ғауы» атты жаңа өнер туын­дыларына арналған конкурстың «Балаларға арналған ең үздік драма» номинациясы бойынша III орын иеленді. Бұл – мақтам­паздықпен айтылған сөз емес, балаларға бағытталған драмалық туындыларды молайтудың амалы. Өйткені театрларымыз жаңаша мазмұндағы шығармаларға зәру. Қазіргі кезде инсценировка не­месе тәржімадан гөрі, қолайына жаққан қазақ қаламгерінің дра­масын қойған әлдеқайда тиімді. Өнер ұжымының халықаралық байқауларға қосқан қойылымы жүлдегер атанып, шетел төл әде­бие­тімізбен сахна арқылы та­нысса, мұның несі айып?! Қайта әлгілердің қазақ қаламгеріне деген қызығушылығы арта түсер еді. Театрдың Көркемдік кеңес мүшесі мен Әдебиет бөлімінің меңгерушісі ретінде драматург­тарды тартқан жөн деп есептейміз. Алайда кеңестің мүшелігінде көбіне-көп артист, театр сын­шысы, режиссер я болмаса театр дирекциясының өкілі жүретіні рас. Ал драмашылар аз. Қазақ елінде мемлекеттік және жеке­меншікті есепке алғанда 50-ден аса театр бар екен. Елорда, Ал­маты, Тараз, Шымкент, Маң­ғыстау, Ақтөбе, Көкшетау, Пав­лодар, Жезқазғандағы балалар қойылымына ерекше мән беретін театрлар жемісті еңбек етіп жүр. Өкініштісі сол, сапалы пьеса қат. Не істемек керек? Драмалық шы­ғар­малардың байқауын ұйым­дастырып, шын мәніндегі үздік деп танылғандардың ертегісі өңір-өңірге жолданса, бұл да анау айтқандай көмек болар еді. Сон­дай-ақ билет тарату, кішкентай көрерменді қызықтыру мәселесі де ойландырмай қоймайды. Осы ретте, техникалық, қаржылық мүм­кіндіктерді ескере отыра, Анкара, Мәскеу, Варшава, Берлин, Шанхай, Лондон, Санкт-Петербор, Токио, Рим театр­ларын­дағы әдіс-тәсілдерді игеріп, соны айналымға енгізсек. Мы­салы, Еуропаның озық театр­ла­рында балаға қойылым тарихы, автор, өнер ұжымының оны сах­налаудағы мұраты турасында толық ақпар беріліп, сондағы кейіпкерлер қонақты күтіп алып, фотоға түсіп, спектакль аяқтал­ғаннан кейін сауалнама ұйым­дастырылып, артықшылықтары мен кемшіліктері сөз етіледі. Сонымен қатар қойылымның эмо­циялық әрі эстетикалық мә­нін арттыру мақсатында пайдасы тиеді-ау деген әр саладағы ма­мандарды таңдап-таңдап тренинг өткізуге шақырады екен. Қазақ елі әдеби, мәдени интеграцияға енгенін ескерсек, мұндай жа­һандық жаңалықтарды игеруге тиіспіз. Бұл іспеттес дүниелерді арсеналға алуға бола ма? Біздіңше, болады. Тағы бір мәселе, егер театр басшылары драматургтарға пьеса жазып беру жөніндегі ұсыныс жасаса, жақсы дүниелер туады деп сенеміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, те­леспектакльдер және радиос­пектакльдердің саны артса, ал баспасөз премьераларды жарыса жазуға, насихаттауға күш салса, дұрыс болар еді. Бұл – көрермен тартудың маңызды бір тетігі. Капитализмнің заңдылықтарына сәйкес, маркетинг пен менедж­менттің игіліктерін тиімді пай­да­лансақ, іс алға жылжитыны бел­гілі. Яғни, афиша мен спек­такльдің сапасы өз алдына, саты­лымдағы билетті бала психоло­гиясына лайықтап безендіру, қолжетімді һәм тез сатып алатындай мүмкіндіктер тудыру, соның механизмын жаңарту, жарнама жағына мән беру секілді мәселелер оң шешімін табады деп ойлаймыз. Бір бай­қағанымыз, интернеттен бәрін көріп-білетін қазіргі қазақ бала­сын сендіру – оңай нәрсе емес. Демек, бұл іске педагогтар мен психологтарды да араластырған, олармен ақыл­дасқан артықтық етпес.

 

P.S.

Жалпы театрға емес, ар­найы драматургияға байланысты кеңейтілген жиын өтіп, онда семинар, шеберлік сағаттар жүргізіліп, артынша ұжымдық монография жарыққа шықса деген ізгі тілек бар. Мәселен, Мәскеуде тұратын қазақ драмашысы Олжас Жанайдаровтың іріктеу негізінде таңдалып алынатын, соған бізде қатысу бақытына ие болған жыл сайынғы курсы жастардың біліктілігін айтарлықтай арттыратыны сөзсіз. Осындай «калибрдағы» қарымды қаламгерлерден барынша үйренсек, білсек, өссек, күшейсек ғажап болар еді, шіркін. Өйткені өскелең ұрпақ – «инвестиция», келешектің кепілі!..


Әлібек БАЙБОЛ,
жазушы-драматург, 
әдебиеттанушы