Театр тарландарының тартуы

Газет мақаласы Айқын газеті №124

20-23 тамыз аралығында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен  Қазақстан ұлттық театрларының V республикалық фестивалі өтеді.

Театр тарландарының тартуы

Аталған шараға танымал театр сыншылары мен артистер қауымы әділ бағасын беріп, қазылық етеді. Олардың қата­рында Е.Жуасбек, М.Токарев, А.Еркебай, С.Қамиевтер бар.

Дәстүрлі фестивальдің ашылу салтанаты 20 тамыз Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында өтеді. Шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген этни­ка­лық театр ұжымдары көрермен қауымға өнерлерін паш етіп, бағын сынайды. Киелі сахна төрінде «Махаббат туралы поэма» спектакль-эпосы, «Ақ келіннің махаббаты мен өлімі» трагедиясы, «Қасқыр ұлыған түн» және «Ақ бас бүркіт» дра­масы, «Апат» музыкалық плас­тикалық спектаклі сахналанады.

Фестиваль – актер мен ре­жис­сердің тәжірибе алмасу ала­ңы. Осындай шара арқылы шығар­машылық даму мен жаңа бағытта ізденуге мүмкіндік туатыны анық. Ал этникалық бағыттағы фести­валь көпұлтты еліміздің тілдік және мәдени сан алуандығының сақталуына, мәдениаралық достық қарым-қатынастың беки түсуіне оң ықпал етері сөзсіз. Осы арқылы еліміздің этникалық театрлары сахна төрінде түрлі этностың өнерін, мәдениетін наси­хат­тай­ды. Фестиваль ұйым­дас­ты­ру­шылары қазақ елінің бай мәде­ние­тін адан ары дамытуды мақсат тұтады.

Биылғы шараға Шымкент қалалық Өзбек драма театры, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры, К.Қожамьяров атындағы Мемле­кеттік республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры, Қостанай об­лыс­тық орыс драма театрлары қаты­сады. Олардың өнерін Қостанай қаласының тұрғын­дары мен қонақтары төрт күн бойы І.Омаров атындағы Қоста­най облыстық қазақ драма теа­тры­ның сахнасынан тегін тама­ша­лай алады.

Фестивальдің салтанатты жабылуы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасы­ның орынбасары Ж.Түймебаев­тың, Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетовтің қатысуымен 23 тамыз күні Жастар сарайында өткізіледі.