Қасиетті шаңырақты киесі сақтады

Газет мақаласы "Айқын" газеті №131

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрын өрттен кейін қалпына келтіру үшін 22 компания жұмыс істеп жатыр. Олар театрды өз қаражаттарына қалпына келтіріп беруге бастама көтеріп, халықтың қара шаңыраққа құшақ толы гүлмен келуін жеделдету үшін қауырт жұмыс істеуде.

Қасиетті шаңырақты киесі сақтады

Дауылпаз ақын, батыр Махам­бет атындағы академиялық қазақ драма театры қызыл жалын құша­ғында қалды. Отызыншы жылдар­дың аяғында еліміздің батыс ай­мақтарындағы жалғыз театр бо­лып, өнерді өрістетуімен ерек­ше­ленген театрдың тарихында өрт оқиғасы да парақталып қалды. Бұл оқиға өнер адамдары мен өнерді сүйген халықты бір сәт есеңгіретіп жіберді.

Күрделі жөндеуден соң мамыр айында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нариман Үлкенбаевтың 80 жылдығы дүркі­реп, есте қаларлықтай өткен күні театр­дың сахнасы, акустика­сы­ның жақсарғанына, көрермен залы мен жарық беру техникасын­дағы жаңашылдыққа көңіліміз толған еді.

Театрдан өрт шыққаны туралы хабар лезде тиісті құрылымдарға жетіп, өрт сөндірушілер іске кіріс­кен шақта облыс-қала басшылары оқиға орнына келіп, аймақ бас­шы­сы тиісті құрылым­дарға өрттің шы­ғу себебін анықтауды тапсыр­ды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орын­ба­сары Рашид Бляловтың ай­туын­ша, департаментке қоңырау сағат 13.30-да келіп түскен. Белгілі болғандай, екінші қабаттағы элек­­трощиттен шыққан өрт театрдың жоғарғы қабаттарын бойлап, шатырға ұласқан. Сөйтіп, 1 500-1 800 шаршы метр аумақты шарпыған. Абырой болғанда, жапа шеккендер жоқ. Айтарлығы театрдың өрттен сақтандырылуы 2017 жылы тексеріліп, жөндеуден соңғы тексеру осы жылдың күз айына жоспарланған екен.

Ал полиция департаменті Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының өртену фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабының 1-бөлігі­мен (Өрт қауіпсіздігі талаптары­ның бұзылуы) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

 

Сенбі күні Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрын қалпына келтіру жұмыстарының басталу барысын тексерді. Театр ғимаратын аралап шыққан аймақ басшысы өртке себепкер болған электрощитті күрделі жөндеу жүргізілген кезде жаңартпаған театр басшылығын сынға алды. Облыс әкімі жағдай­ды жан-жақты саралап, кінә­лі­лерге шара қолдануды тапсырды.

– Бұл барлық облыс тұрғыны үшін үлкен сын болды. Бірақ адамдардың немқұрайлы қарама­ғандығының арқасында қалпына келтіру жұмыстары өрттен кейін біраз сағаттан соң басталды. Көп жұмыс істеу керек, асығыстыққа жол беруге де болмайды, қыс түс­кен­­ше уақытымыз бар. Маман­дар­­дың бағалауынша, үш ай ішін­де қалпына келтіру жұмыс­та­рын толығымен аяқтаймыз, – деді Нұрлан Ноғаев.

Айтарлығы, театрдың фойесі, көрермен залы мен сахнасы, сахна киімдері сақтаулы тұрған орын­дар­ға өрт жетпей, аман қал­ған. Театр ұжымы мен халық осы жағ­дай­ды естіген соң кө­ңіл­дері орны­на түсті. Өрт болғанның ер­те­ңіне сенбілікке шығып, театр­ды күл-қоқыстан тазалауға ат­салы­суда. Қазір нысанда театрды өз қара­жа­ты­на қалпына келтіріп беруге бас­та­ма көтерген 22 компа­ния жұмыс істеуде. Олар театрда өткізілуі тиіс мәдени шара­лардың жоспар­лан­ған кес­тедегідей өтуі үшін қауырт жұмыс істеуде.

 

Атырау облысы