Театр – актерді шыңдайтын алаң

«Әр адамның белесі болады» деген Нұрлыбек  Төлеген бүгінде Елбасы қоры сыйлығының лауреаты. Арманы Қазақстанның ғана емес, Орта Азияның да бетке ұстар өнер майталманы болу.

Театр – актерді шыңдайтын алаң
Сурет жеке мұрағаттан алынды

         – Қазақстандағы театрдың дамуына не қажет деп ойлайсыз?

         – Осы сұрақты өзіме де талай қойдым, бірақ нақты жауабын таппадым. Меніңше, бізде театр ғана емес, кино да жойылып бара жатқан секілді. Себебі, көбісі керекті ақпаратты әлеуметтік желілердегі қысқа видеолардан көріп алады. Сондықтан бәрі таңданатындай арнайы, жаңа жүйе енгізу қажет. Екіншіден, театр – актерді шыңдайтын алаң. Әр актер өз шеберлігін шыңдап, жаңа нәрсе үйренуден қашпау керек. Содан болар, соңғы кезде киноға да түсіп, театрда да ойнап жүретін актерлердің саны көбейген. Оның үстіне, театрдың адамға берер көп.

         – Актерлыққа қалай келдіңіз?

         Өнерлі отбасында дүниеге келген соң, көз ашқалы сахнаны көрдім деуге болады. Себебі, тоғыз айымда ата-анаммен алғашқы рөлімді ойнаған едім. Түрлі спектакльдерге, концерттерге қатысып жүрдім. Мектепте де өнерге жақын болдым. Өйткені барлық мерекелік іс-шараға, сайысқа қатысып жүрдім. Бірақ ата-анам өнер жолына келуіме қарсы болды. 9-сыныпта жазғы лагерьде жүргенде, концерт ұйымдастырғаным бар. Сонда әкем «Өз дегеніңнен қайтпайсың-ә!» дегені есімде. Сол әкемнің берген батасы болар. Құдайға шүкір, қазір театрда жұмыс істеп жүрген жайым бар.

         – Болашақта спектакль қою ойыңызда бар ма?

         Мықты актер ғана емес, сонымен бірге режиссерлікті де алып жүрген талантты азаматтар бар. Мысал ретінде ұстазымыз әрі көркемдік жетекшімізді айтуға болады. Ол – Қазақстанның ғана емес, Орта Азияның да бетке ұстар режиссерлерінің бірі. Сол кісідей болсақ, әрине. Өзімді режиссерлікке беттедім деп айта алмаймын. Театрдан бөлек, сәтті шыққан 2-3 спектаклім бар. Дегенмен, әлі ерте. Бәрі уақыттың еншісінде.

         – Сіз үшін кино мен театрдың айырмашылығы бар ма?

         Кинода дубль бар. Тіпті бір дубльмен ойнап шығуың мүмкін. Ал театрда олай емес. Шынайылықты көрсету үшін рөлге еніп қана қоймай, тынымсыз еңбектену қажет. Өйткені сахнада бәрі көрінеді. Оның үстіне театр көрермені де өте сезімтал, оларды алдай алмайсың. Бәрі «тайға таңба басқандай» көрініп тұрады. Бірақ саханада рөліңді ойнап, көрермен қошеметіне бөленгенде төбем көкке жетеді. Ең үлкен баға – халықтың қошеметі.

Сұхбаттасқан Аружан ҚҰЖАСАРИНА