Авиация «Оскары» отандық әуекомпанияға берілді

«Эйр Астана» әуе компаниясы Skytrax-тың 4 жұлдызды рейтингісіне және Skytrax World Airline Awards беделді сыйлығының «Орталық Азия мен Үндістандағы үздік әуекомпания» атағына сегізінші рет ие болды. Салтанатты шара Париждің Ле Бурже авиашоуында өтті.

Авиация «Оскары» отандық әуекомпанияға берілді

– Skytrax – борттық қызмет көрсету бойынша берілетін стандарт. Әлемнің үздік әуекомпаниялары сынға түсетін байқаудың жүлдесін тағы бір мәрте иемденуіміз біздің компанияның жоғары сапалы қызметінің жемісі деп білемін. Қызметімізге жоғары баға берген жолаушыларымызға және ерен еңбектері мен кәсіби біліктілігі үшін әріптестеріме алғыс білдіремін, – деді «Эйр Астана» әуекомпаниясының президенті Питер Фостер.

Skytrax жүлдесін табыстау осымен 19 рет өткізілді. Бұл авиация саласындағы «Оскар» іспетті жүлде. 2018 жылдың қыркүйегінен бастап 2019 жылдың мамыр айына дейін 21 миллионнан астам жүздеген елдің жолаушылары 300 әуе компанияның жердегі және борттағы қызмет көрсету сапасына баға берді. Олар сауалнамаға жауап бере отырып, тіркелу, отырғызу, салон тазалығы мен ыңғайлылығы, тағамдар мен сусындар, ойын-сауық жүйесі мен әуе компаниялардың борттық қызметін бағалады.