«Қазақ даласының әр тасы – қағбам, әр бұтасы – сәждем»

Газет мақаласы "Айқын" газеті №157

Аяулы Әбіш Кекілбаев осылай деген екен. Маң­ғыс­тау же­рінде Әбіш тойы жалғасуда. Ақтау қала­сын­дағы «Дос­тық үйінде» әде­биет және өнер қайрат­кер­лерінің конгресі өтсе, ABISH ALEMI халықа­ра­лық театр фести­ва­лі де өз шы­мыл­дығын түрді.

«Қазақ даласының әр тасы – қағбам, әр бұтасы – сәждем»

Маңғыстау облысы әкімдігі мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті мұрын­дық болған халықаралық кон­греске әлемнің әр түкпірінен келген әдебиеттану, тіл білімі, тарих, философия, педагогика, психология, әлеуметтану, саясат­тану секілді гуманитарлық сала мамандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Халықаралық конгреске жи­нал­ған қоғам қайраткерлері, жазу­шылар Әбіш әлеміне терең бой­лап, Кекілбаев пен қазақ әде­биеті төңірегінде арнайы баян­дама жасады. ХХ ғасырдың 60-жыл­дары әдебиетке келіп, жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ руханиятына, әдебиеті мен мәде­ниетіне өлшеусіз үлес қосқан, тәуелсіз Қазақстанның қалып­та­суы­­на ерен еңбек сіңірген мемле­кет және қоғам қайраткері, ака­демик-жазушы Әбіш Кекіл­баев­­тың бай әдеби мұрасы да қазақ әдебиеті мен мәдение­ті­нің алтын қорына қосылған қымбат қазына. Осы орайда, талантты ақын-жазу­шылардың шығарма­шы­лы­ғын зерделеп, олардың идеялық-көр­кем­дік мәнін ашу, жас ұрпақ тәр­биесіне пайдалану, суреткердің әлемдік әдебиеттегі орнын ай­қын­дап, халқымыздың рухани-мәдени кемелденуіндегі орнын пайымдау – игі іс.

 


ABISH ALEMINE БОЙЛАСАҚ...

ABISH ALEMI – тұңғыш рет өткізіліп отырған фестиваль. Атал­ған шараға Мәдениет және спорт министрлігі мен ТҮРКСОЙ қолдау білдірген. Каспий теңізі жағалауындағы амфитеатрда өткен мерекелік шараға қалам­гердің жұбайы Клара Жұмабаева, Нұр-Сұлтан және Алматы қала­сы­нан келген жазушының әріп­тестері қатысты. «Халықара­лық дәрежеде алғаш өтіп отырған ABISH ALEMI театр фестивалі болашақта екі жылда бір өтетін дәс­түрлі мәдени форумға айна­лып, жазушының өміршең әдеби туындыларын әлем сахналары арқылы дәріптеп, насихаттауға қызмет ететін болады» деді Маң­ғыс­тау облысының әкімі Серікбай Трұмов.

Фестивальге қатысып, бақ сынайтын театр ұжымдарының қойылымдарын Еңбек Ері Асан­әлі Әшімов, «Алтын қалам» сый­лы­ғының лауреаты Исрафил Исрафи­лов, Батыс Қазақстан об­лыстық қазақ драма театрының қоюшы-режиссері Сердеш Қажы­мұра­тов, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер теа­тры­­ның көркемдік жетекшісі Ер­кін Жуасбек, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов, талантты актер Медғат Өмірәлиев сарапқа салатын болады.

Армения, Грузия, Иран, Өз­бек­стан, Тәжікстан, Түркия, Түр­кіменстан мемлекеттерінен театр ұжымдары фестивальға қа­ты­суға арнайы келді. Сонымен бірге М.Әуе­зов атындағы акаде­мия­лық драма театры, Ж.Аймауытов атын­дағы Павлодар облыстық драма театры және Н.Жантөрин атын­дағы Маңғыстау драма теа­тры бар.

Театр фестивалі Әбіш Кекіл­баев­тың «Күй» шығармасымен ашылды. Сахналаған – Маңғыстау драма театры. Театр актерлері спектакльді өте жоғары деңгейде алып шықты.

Жүзіп өте алмайтын мұхиттай, жүріп өте алмайтын шексіз ұлы дала­дай, асу бермейтін биік шың­дай, алынбайтын қамалдай Әбіш Кекілбаев әлеміне ену оңайға түспесі анық. Тарих құрсағынан заты қазақтың пейілінен әулие боп жаралған тұлға, дана билерді еске салатын терең жазушыны аш­қан сайын жаңа қырынан тани түсесің...

 


ОҢДЫ АУЫЛЫНДА МЕШІТ АШТЫ 

Қаламгердің туған жері Оңды ауылында мешіт ашылды. Жоба құрылысына облыс жұртшылығы атсалысып, мешітті өздері тұрғыз­ды. Арасында бір өзі 5 млн беріп, күмбезін тұрғызып берген жомарт жандар да бар. Мешіттің ашылу салтанатына жазушының жары Клара Жұмабаева, қоғам қайрат­кер­лері мен вице-премьер Берді­бек Сапарбаев қатысты. Қаламгер 1939 жылы Оңды ауы­лын­да дүниеге келген. Бұл ауылда ана­дайдан «Ай ана» мүсіні менмұн­да­лап тұрады. Зәулім ескерткішті Әбіштей дананы дүниеге әкелген Айсәуле анамызға арнап, өңір азаматтары тұрғызған екен. Бұл мемориалды нысанның өзіндік мәні бар: жары соғыстан орал­ма­ған қазақ әйелінің бейнесін білді­реді. Елге келген әр азамат «Ай ана» мүсініне тағзым етпей кет­пей­ді. Қаламгердің кіндік қаны там­ған киелі өңірге ат басын бұр­ған қайраткерлер алдында оқу­шы­лар жырдан шашу шашты. Кекілбаевтың құрдастары көп­ші­лік алдында сөз сөйлеп, өз есте­лік­терімен бөлісті.

Мешіттің биіктігі – 18 метр. Бұл нысан кәсіпкерлер қаржы­сына салынып отыр. «Әбекең­нің 80 жылдығы қарсаңында мешіт ашып жатқандарыңызға көп рақмет! Мешіт адамды иман­ды­лық­қа бастайды. Тәрбиелікке шақырады. Бірлікке, ынтымаққа үндейді. Ата-бабамыздан келе жат­қан құндылықтарымызды сақ­тау – үлкен дүние. Соған ме­шіт пайдасын тигізеді деп ой­лай­мыз» деді Бердібек Сапарбаев.

Мерекелік шаралар Шетпе ауылында да жалғасын тапты. Орталық алаңда «Әбіш ауылы» киіз үй қалашығы бой көтерген. Қаз-қатар 30 үй тігіліп, үш мыңға жуық адам жиылды. Аудан тұр­ғын­дары мен қонақтар астан дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашалады.

Жазушының 80 жылдық ме­рей­тойын Мәдениет үйінде өткен жазба ақындар мүшәйрасы қо­рытындылады. Елдің түкпір-түк­пірінен келген шайырлар жи­налғандарды абыз әлеміне қара сөз­бен сапар шектіріп, көрерме­ні­не айрықша қуаныш сыйлады.


Гүл БЕКЗАТ