Жәрмеңкелер жаңа форматта өткізіледі

Биыл өңірлерден келетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жаңа форматта өткізіледі. Жәрмеңкелер «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда ұйымдастырылады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің кезекті отырысында айтылды деп хабарлайды  Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Жәрмеңкелер жаңа форматта өткізіледі

Бұған дейін елорда әкімі аймақтармен жәрмеңкелер өткізу форматын өзгерту туралы тапсырма берген болатын. Жаңа өзгерістерге сәйкес, ауаны баптайтын бірыңғай құрылым, сонымен қатар ет және сүт өнімдеріне арналған арнайы тоңазытқыш орнатылады.

«Біз «Хан Шатыр» маңындағы алаңды белгілеп, жер иесімен келістік. 1 маусымда Түркістан облысы өз өнімдерін ұсынады. Жәрмеңке күзге дейін аталған аумақта өтеді», – деді қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова.

  Бүгін өңірлер арасында елордада 20 жәрмеңке өткізу кестесі келісілді. 1 маусымда жаңа алаңда Түркістан облысының өнімдері ұсынылады.

«Егер біз жәрмеңкедегі баға нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен екенін мәлімдеген болсақ, бұл іс жүзінде орындалуы тиіс. Бүгін халық азық-түлік бағасын жақсы таразылайды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына санитарлық жағдайға назар аударуды, Қоғамдық даму істері басқармасына өткізілетін жәрмеңкелер туралы халықты хабардар етуді, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына бағаны бақылауды жүзеге асыруды, сондай-ақ, тауарлардың ассортиментін кеңейтуді тапсырамын», – деді  Бақыт Сұлтанов.

Бүгінгі таңда аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қала шетіндегі жәрмеңкелер  орындары анықталды. Сарыарқа ауданында бұл Көктал-1 (Алмалық көшесі 1), Көктал-2 (№68 мектеп алды), Агроқалашық (Тілендиев және Ақан сері) тұрғын алабының аумақтары; Алматы (Железнодорожный кенті); Есіл (Жағалау ықшам ауданы). Осы аудандардың әрқайсында аталған жәрмеңкелерге қатысуға дайын тауар өндірушілері бар. Демалыс күндері 4 қалалық жәрмеңке өткізілді. Оған 20 мың адам қатысып, 40 тонна өнім сатылды.