Елік атқан браконьер ұсталды

Павлодар облысында рейд жүргізілді.

Елік атқан браконьер ұсталды
Фото: Интернеттен алынды

Рейд кезінде Ақтоғай ауданының полицейлері «Ақтоғай-Шолақсор» күре жолында «Honda CR-V» автокөлігін тоқтатқан.

Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, көліктің салонында еліктің тұтас еті, 10 келі балық, төрт үйрек пен аңшылық қаруы табылған.

«Тексеру барысында елікті атуға рұқсат құжаты жоқ екені анықталды. Сонымен қатар ереже бойынша елікті қорықшыны ертіп жүріп қана аулауға рұқсат етіледі. Ер адам заңсыз балық аулаған, себебі бір адамға тек 5 келі ғана балық аулауға болады. Заңсыз балық аулау фактісіне қатысты ҚР ӘҚБК 383-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды», — деді департамент өкілдері.

Тергеу жалғасуда.