«Цифрлы Қазақстан» – технология жеңісі

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 178

«Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетеміз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Цифрландыру дегеніміз – Қазақстанның озық ел атану жо­лындағы мақсаты емес, құралы. Бәсекеге қабілетті болу, өсім­ді өнім өндіруді арттыру, міне, осы – мақсат»  деген бо­ла­тын Елбасы өзінің Жолдауында. Заманның көшінен қалмау – уа­қыт талабы. Ал уақыт ағымы еш тоқтаған емес. Осы тұрғыда қа­­былданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы – тех­но­ло­гия­лық тұрғыда дамуға қол жеткізу.

«Цифрлы Қазақстан» – технология жеңісі

Тұтастай алғанда, бағдарла­ма­ның басты мақсаты – қазақстан­дық­тардың өмір сүру сапасын жақсарту әрі ұлттық экономиканы цифр­лан­дыру. 2020 жылға дейін интер­нет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін көтеру еді. Ал тұр­ғын­­дардың 95 пайызын цифрлы xабар таратумен қамтып, сауатты­лығын арттыру көзделуде. Цифрлы технология біздің өмірге тәуелсіз­ді­гіміздің бастапқы жыл­да­рынан-ақ батыл енгізіле бас­тады. Мәсе­лен, ең алдымен мек­теп­терді жап­­­пай компьютер­лен­діру жолға қойыл­ды. Сөйтіп, компьютер кең­седе де, үйде де негізгі ақпараттық құрал ретінде пайдаланылды. Қы­зылорда облы­сы да осы бағытта қалыс қал­май, цифрландыруды қарқын­ды жүргізуде. Бүгінгі күнге барлық мектеп 100 пайыз ком­пью­­термен, жоғары жылдам­дық­ты интернет желісімен, Wi-Fi-мен қам­тылды. Тіпті, балабақшаға ке­зекке қою мемлекеттік қызметі авто­маттан­дырылып, ретке кел­ті­ріл­­ді. Дәрігер қарауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру қызметтері онлайн түрде «Даму мед» мобиль­дік қосымшасы арқылы жүзеге асты.

Оған қоса, өткен жылы облыс әкімдігінің IT паркі іске қосылды. Ол Цифрлы технологиялар бас­қар­масына қарасты еді. Ақпа­рат­тық технологиялар орталығы КММ-ның бағдарлама­шылары­ның күшімен тұрғындар мен мем­ле­­кеттік мекемелер қажеті үшін IT жобаларды жүзеге асыруда. Бола­шақ­та ІТ парктің Astana Hub ха­лықа­ралық ІТ-стартаптар тех­но­паркі­мен меморандум жасасты. Соның аясында ІТ парк аймақтағы IT мамандардың жобаларын «идея сатысынан» үлкен бизнеске айналу саты­сына дейін жетелейтін құры­лым болмақ. Қазірден бастап жас бағдарламашыларды тәрбиелеу үшін «IT – Эшелон» жобасы бастау алды. Онда 200 жас бағдарламашы программалау тілінен шетелдік оқы­тушылардан дәріс алып, серти­фи­катталды.

Қазіргі таңда облыс тұрғын­да­ры­ның цифрлы сауаттылық дең­ге­йін арттыруға да аса мән берілу­де. Былтыр тұрғындардың цифр­лы сауаттылығын арттыру мақса­тын­да облыста 50 583 тұрғын оқыды. Ал биыл базалық цифр­­лы дағды, ақпараттық қауіп­сіз­дік негіздері, электронды үкімет және элек­тронды мемлекеттік қыз­­мет­тер, азаматтарға арналған «Ашық үкімет» қосымшаларын қол­дану дағдысын арттыру, элек­трон­ды сауда бағыттары бойынша 26 270 облыс тұрғыны оқытылды. Осы оқыту курстары тұрғындар үшін тегін жүргізілуде.

Бағдарламада қанық әріптер­мен жазылған цифрлы инфра­құры­лымды дамыту, цифрлық Жібек жолын іске асыру, мемле­кет­тік органдардың қызметін цифрландыру, цифрлы мемле­кет­ке көшу бойынша да көптеген жұмыс тындырылған. Мәселен, «Қазақстанның ауылдық елді мекендерін кеңжолақты қолжетім­ді­лікпен қамтамасыз ету» жол кар­тасын іске асыру шеңберінде Қызылорда облысының 236 ауыл­дық елді мекенін интернет же­лі­сі­не кеңжолақты қолжетім­ді­лікпен қамтамасыз ету жоспарланған.

Аталған жұмысты 3 кезеңде жүр­гізу межеленген. Оның алғаш­қы­сы ретінде 73 ауылдық елді ме­ке­ні «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ла­­масының бірінші кезеңдегі шең­берінде интернетке жерүсті тал­шықты-оптикалық байланыс же­лі­лері арқылы қосылатын бола­ды. Содан соң, екінші кезеңін­де интернетке LTE – 800 мобильді байланысы арқылы 55 ауылдық елді мекен қосылмақшы. Ал үшін­ші кезеңге KazSat сериялы жер­се­рік­ті байланыс арқылы 108 ауыл­дық елді мекенді қамтамасыз ету ұсынылған.

Онымен қоса, облыс аумағында ақпараттық-телекоммуникация­лық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 77 мемлекеттік орган арасындағы ақпарат алмасу жиілігі мен сапасын арттыру үшін тал­шық­ты-оптикалық байланыс кана­лын өткізу жұмыстары жүргі­зілуде. Жоба биыл наурыз айында басталған. Енді оның аяқталу мер­зі­мі 2022 жылға жоспарланып отыр. Цифрлы мемлекетке көшу бо­йынша 2019 жылы 13 мемле­кет­тік көрсететін қызметтерді авто­мат­­тандыру жұмыстары жүргізілу­де. Оның ішінде техникалық және кәсіптік білім берудегі оқу про­це­сін автоматтандыру, тегін және жеңілдікпен тамақтануды ұсыну қызметі, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерь­лер­де демалуға жолдамалар беру, тегін тасымалдауды ұсыну, білім беру саласында қызметкерлерді жұмысқа қабылдау ақпараттық жүйесін атап өтуге болады.

Осы бағдарламаның ең таны­мал бөлігі – ақылды қалаларды қалыптастыру. Бүгінде Қызылорда облысының біраз ықшамаудан­да­рын­да іске асып жатыр. Мәселен, Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроға­рыш өнеркәсібі министрінің 10.07.2019 жыл №152/НҚ бұйры­ғы­­мен «Ақылды» қалалардың эта­лон­дық стандарты бекітілді. Биыл облыста «Білім беру», «Ден­сау­лық сақтау», «Көлік», «Қауіпсіздік», «ТКШ», «Қалалық басқару», «Эко­логия», «Ауыл шаруашылығы» және «Әлеуметтік сала» бағыттары бойын­ша 27 жоба іске асырылуда.

Оның ішінде ауқымды жоба­ның бірі – «112 бірыңғай кезек­ші­лік-диспетчерлік қызметі». Бұл пилоттық жоба Қазақстанда алғаш рет Қызылорда қаласында жүзеге асырылды. Онда шұғыл ден қоюға және азаматтардың өтініштеріне жедел қызметтердің үйлесімді өза­ра іс-қимылына, сондай-ақ шұ­ғыл жедел қызметтердің ресурс­тарын ұтымды бөле отырып, кешенді ден қою уақытын қысқартуға бағыт­тал­ған. Яғни, «112» бірыңғай теле­фон нөміріне қоңырау шалу арқы­лы тұрғындар орын алған төтенше жағдай туралы хабарлап, 101, 102, 103, 112 жедел қызметтерді шақыра алады. Қазір осы жобаны аудан орта­лықтарына да енгізу жұмыс­та­ры жүргізілуде.

Бұдан бөлек, биыл жыл соңына дейін «109 бірыңғай байланыс орта­­лығы» жобасын енгізу жоспар­ла­нуда. Оған әлеуметтік желідегі парақшалар, әкімдіктердің сайты, Telegram чат-боты, WhatsApp мес­сенд­жері, «109» қызметінің мо­биль­дік қосымшасы және тағы да басқа байланыс каналдары арқылы тұрғындардан коммунал­дық және қала өміріне байланысты мәсе­ле­лер бойынша өтініштері қабыл­да­нып, тіркеліп, орындалуы қатаң бақыланатын болады. Қауіпсіздік саласын цифрландыру бойынша қала ішінде 1 400 бейнебақылау камерасын және 45 зияткерлік қиылыс пен жылдамдық өлшегіш камерасы орнатылмақшы. Мұны 2022 жылға дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі бойынша іске асыру жоспарлануда.

«Ақылды қала» тұжырым­да­ма­сы­ның негізі 2012 жылдан бас­тап қаланды. Оның тұжырым­дамасы негізінде білім саласы 66 бағытты қамтиды. 33-і қолда­нысқа ен­ген. Қазір ұлттық білім беру де­рек­тер қоры, электронды журнал, электронды күнделік жоба­лары ен­гізілді. Электронды құжат айна­лы­мы бар. Бұған дейін дәрігердің жазғанын дәрігерден басқа ешкім түсінбейтін. Соңғы үш-төрт жылда қолжазбаны элек­трон­ды түрде дайындауға мүмкін­дік туды.

«Цифрлы Қазақстан» бағдар­ла­масының түпкі мақсаты – ха­лық­тың өмір сүру деңгейін жоғары сатыға көтеру. Бұл мақсатымыз орын­далу үстінде. Сондықтан уақыт өткен сайын заман талабы­нан қа­лыс­паудамыз. Дегенмен бәрі уақыт еншісінде.


Айдар САЙЛАУОВ,
Қызылорда облысы