Қорғасын қолқаңды қапқанда...

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 4

Алматының нашар экологиялық ахуалы бір бүгін көтеріліп отырған мәселе емес. Әлі күнге шешімін тап­­паған соң бұл тақы­рып­­қа қайта-қайта оралуға тура ке­леді. Өткен жылдың басында ауа­да­ғы қорға­сын­ның мөлшері қалып­ты деңгейден 100 пайыз асып кет­ке­ні айтылған. Арада жылжып жыл өткенмен сол мәселе тағы алды­мыздан шығып отыр. Алматылықтар қандай ауамен тыныстауда? Қала­лық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау департаменті қыз­меткерлері жағдайды бақылау үшін арнайы зерттеу жүргізген.

Қорғасын қолқаңды қапқанда...

«Алмалы, Жетісу, Наурызбай аудан­дарындағы ауада қорғасын қалып­тағы мөл­шерден 1,2-2,2 есе артқан. Сондай-ақ ауада азот диоксиді, күкіртті ангидриді, көмірсутектер, көміртек тотығы, күйе мен азот тотығы да қалыпты деңгейден асып кеткен. Ауа атмосферасынан барлығы 10 290 сынама алынған. Жоғары деңгей 2 651 сынамада байқалған», – дейді Тауарлар мен көр­се­тілетін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау департаментінің жетек­шісі Айзат Молдақасымова. Дәрігер­лердің айтуынша, ауа атмосфера­сының осыншалықты ластануы адамдар­дың тыныс алу жүйесіне кері әсерін ти­­гізеді. Қазіргі таңда алып шаһарда бронх қабынуы, демікпе мен аллергиялық ауру­лар асқынып тұр. Сарапшылар Алма­ты­ны еліміздің аллергиялық аурулар аста­насы атағалы да біраз болды. Ол кезде аллер­гологтар бұл арамшөптердің көбеюі салдарынан орын алып отырғанын айтқан болатын.

 

Қыс мезгілінде ауа ластана түседі

Алматы экологиясына кері әсерін тигізіп отырған басты екі мәселе бар. Оның бірі – жылу электр стансалары болса, екіншісі – қала көшелерінде жүйт­кіп жүрген 700 мың автокөлік. Шаһар ауасы, әсіресе, қыс мезгілінде ластана түседі. Себебі жекеменшік сектордағы үйлер көмір жағады. Тұрғындар көгілдір отынға ауысу жайлы ойланбай отырған жоқ. Әйтсе де, әр үйді газ құбырына қосу оңай шаруа емес. Бұл – тұрғындардың қалтасына біраз салмақ түсіретін жағдай. Сондықтан көгілдір отынға толық ауыстыру үшін біраз уақыт керек болатын сыңайлы. Осындай фактордан ауаға қорғасын, фармальдегид, азот диоксиді мен күкірт қышқылы сияқты зиянды қал­­дықтар тарайды. Қаладағы жылу электр стансасы мен кәсіпорындарды толы­ғымен көгілдір отынға ауыстыру жайы да ара-тұра айтылып қалады. Эко­­белсенді, қоршаған ортаны қорғау туралы сайттың құрушысы Павел Алек­сан­дров денсаулығын ойлаған әрбір адам медициналық маска киіп жүруі керек деген бастама көтергені де есте. «Лас ауа күні бойы қаланың ең жоғары ау­дан­дарына дейін жетеді. Қала бойынша ластану деңгейі қалыпты нормадан бірне­ше есе арта түседі. Сондықтан көшеде міндетті түрде (медициналық) маска киіп жүру керек», – дейді қоғам белсендісі.

 

Көліктен келетін зардап көп

«Алматы-2050» даму стратегиясында қала аймағында ауаға жыл сайын 122 мың тонна зиянды заттар жіберілетіні айтылған. Оның 65 пайызы көліктен келеді. Қаладағы 500 мың көлік пен қала сыртынан келетін 200 мың көлік бұған айрықша үлес қосуда. Қала әкім­ші­лігінің мәліметіне қарағанда, зиянды қал­дықтың 27 пайызын Екібастұз көмі­рін пайдаланатын ЖЭС-2 шығарып отыр. Стратегияда ортамерзімді жоспар бойынша 2030 жылға дейін экологияны жақсарту, оның ішінде ЖЭС-ін қайта жаңғырту туралы айтылған.

– Алматы қаласының экологиялық ахуа­лы, атмосферада зиянды заттардың көптігі айтылғалы біраз болды. ЖЭС-2 мен қаладағы көліктің көптігі бұған басты себеп. Көліктер пайдаланып отыр­ған жанармай сапасы нашар. Біздің елде әлі еуростандарт енгізілген жоқ. Дизель отынымен жүретін қоғамдық көлік­тер көп. Ауада зиянды заттардың көп­тігі адамдардың тыныс мүшелері арқылы олардың денсаулығына кері әсер етіп отыр. Осы мәселені шешуге 10-20 жыл бұрын кірісуге тиіс едік. Бұл мәселені шешуде не істеуге болады? Біріншіден, газбен жүретін автокөліктерді көбейтуіміз керек. Қоғамдық көліктердің бәрін газға алмастырған жөн. Газ құятын стансалардың қатарын көбейту керек. Экологиялық альянс әкімшілікке ЖЭС-2-ге, басқа да өндіріс орындарына жаңа тех­нологияны енгізу жайлы ұсынысын айт­ты. Бұл жобада ЖЭС мұржаларына сүз­гі қойылады. Сүзгі жағылған көмір­ді 97 пайызға тазалайтын болады. Әкімші­лік алдағы уақытта қандай шешім қабыл­дай­тынын күтіп отырмыз. Бұл жерде екі нұс­қа бар. Бірі – ЖЭО-2-ні тұтас газға алмастыру, екінші – біздің технологияны пайдалану. Біз ұсыныс жасап отырған технологияны пайдалану шамамен 50 мил­лиард теңге тұрады. Ал газға алмас­ты­ру – 500 миллиард теңге. Яғни, 10 есе қымбат. Біз өз технологиямызды таныс­тыр­дық. Екіншіден, Алматы қаласын жасылдандыру жобамызда бар. Жоба бойынша 1 миллион түп ағаш отырғызу көзделген. Егер осы жобамыз іске асса, онда Алматы шаһарының экологиясын жақсартуға біраз серпіліс жасалар еді. Экологияның нашарлауы ең алдымен адамдардың денсаулығына кері әсерін тигі­зеді. Ұлтымыздың денсаулығы жақ­сы болып, салауатты өмір сүреміз десек, ең бірінші экологияны дұрыстауға тиіспіз. Біз, адамдар, экологияны қолдан құр­тып отырмыз. Бақылаудың нашар­лы­­ғынан, халықаралық стандартты ұс­тан­­бағандықтан осындай күйге түстік, – дейді «Байтақ-Болашақ» экологиялық альян­сының президенті Азаматхан Әмір­тай.

 

Экологиямен айналысатын кез жетті

Алматы тұрғындарын жылу мен электр энергиясымен осы күні үш ЖЭС қамта­масыз етеді. Оның бірі – Сейфул­лин даңғылы бойында, екіншісі – Алғабас ықшам­­ауданында, ал үшіншісі – Өтеген батыр кентінде орналасқан. ЖЭС-2-ні газға алмастыру жайында 2011 жыл­дан бері мәселе көтеріліп келеді. Деген­мен әлі де бір тоқтамға келген жоқ. Ста­тис­­­тика бойынша, алматылықтардың әр­бір үшіншісі – тыныс алу жолдары ауру­­ларымен, әрбір төртіншісі – демік­­пе­мен, ал әрбір оныншысы – аллер­гия­мен ауырады. Демек, бұл – Алматы экологиясымен шындап айналысатын уақыт әлдеқашан жетті деген сөз. Метро, троллейбусты кеңінен пай­да­лану, қала маңындағы елді мекен­дер­ге электричкамен қатынау, көліктерді қала­ға мейлінше аз енгізу мәселесі жиі ай­тылады. Осы мәселенің бәрі ың­ғай­ла­нып, көгалдандыруға көңіл бөлсек, әсем шаһар­дың сұлулығымен қоса эко­ло­гиясына да айтарлықтай пайда­мызды тигізген болар едік.