Екі қала мен үш ауданда 16 тұрғын үй

Газет мақаласы Айқын газеті №76

Кез келген мемлекеттік бағдарлама бірінші кезекте елде қордаланып қалған мәселелерді реттеуге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қызмет етуі тиіс. Бір өкініштісі, осындай ел мүддесіне негізделген бағдарламаларды жұртқа жете түсіндіруде кемшін қалып жатамыз. Сонымен бірге, адамдардың құқықтық сауаты да керемет болып тұрған жоқ. Мәселен, басты мақсаты халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету болып саналатын бағдарламалар бірінен соң бірі жарияланып жатқанымен, солардың ешқайсысы нақты нәтижеге жеткен жоқ. Қазіргі кезде ел құлағын елеңдетіп отырған «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша да шығандап алға шыға қойған жоқпыз.

Екі қала мен үш ауданда 16 тұрғын үй

Осыған байланысты Алматы облысы ор­талығындағы көрікті ғимараттардың бірі – көрме кешенінде «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағдарламасының жылжымай­тын мүлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Басты мақсаты – баспаналы болғысы ке­летіндерге аталған бағдарламаның басқа­лардан артық­шылығы мен халыққа аса қолайлы­лығын түсіндіріп, жұрттың сенімін арттыру болған шараға өңірдегі екінші деңгейлі банктер, тұрғын үй құрылысын са­лушы ұйым­дар және тағы басқа да тиісті сала­лардың жауапты тұлғалары мен өкіл­дері қатысып, жан-жақты мәлімет берді.

Бұл бағдарламаның басқалардан артықшылығы – несие бойынша пайыздық мөлшерлемесінің 7 пайыз екені мен оны өтеу мерзімінің 25 жылды құрайтыны. Әзірге кібіртіктеп тұрған бағдарлама бойынша үйлі болғысы келетіндер қатары алға жылжыған күндермен бірге артып келеді. Дегенмен бастапқыда белгіленген межеге жеткен жоқ. Қазіргі кезде Жетісу жеріндегі Талғар, Қарасай, Іле аудандары мен Талдықорған, Қапшағай қалаларында осы бағдарлама бойынша 16 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Неге аталған үш аудан мен екі қала дегенге келер болсақ, дәл бүгінгі күні Алматы қаласы маңындағы аудандар мен Талдықорған және Қапшағай қаласын қоныстанушылар қатары басқа­ларға қарағанда анағұрлым артық.

Еліміз көлемінде «7 – 20 – 25» бағдарла­масын орындауда басқалардан көш ілгері тұрған «Центр кредит банкі» АҚ Талды­қорған қалалық филиалының директоры Манат Байғонысованың айтуынша, «Центр кредит банкі» АҚ дәл бүгінге дейін респуб­лика бойынша аталған бағдарламамен берілген несиенің 91 пайызын рәсімдепті. Бұған банктің Талдықорған қаласындағы өкілдігі де өзіндік үлесін қосып отырғанға ұқсайды. Қала көлемінде қазірге дейін жалпы сомасы 300 миллион теңге болатын 18 ипотекалық несие беріліпті.

Әріптесінің сөзін жалғастырған «Қа­зақстан Ұлттық банкі» АҚ Алматы облыс­тық филиалы директорының орынбасары Алма Сакенова да «7 – 20 – 25» бағдарлама­сының тиімді тұстарын тарқата түсіндірді.

«Баспана» ипотекалық ұйымының серіктес банктермен жұмыс жөніндегі де­партаментінің директоры Қанат Әбдраимов берген мәліметке сәйкес, «7 – 20 – 25» мем­ле­­кеттік бағдарламасы бойынша ипоте­калық несие алуға 13 мың өтінім қабылданып, оның 7 633-і мақұлданса, Ал­маты облысы аумағында 191 несие рәсімделген. Еліміз бойынша осы бағдар­ламаның талаптарына сәйкес келетін
1 800-ге жуық пәтер сатылуға қойылыпты.

«Нұрлы жер» бойынша салынған тұр­ғын үйлерді өткізу қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, осы мемлекеттік бағ­дарлама бойынша салынған баспаналар «Тұрғын үй­ құрылыс ­жинақ банкінің» са­лым­шылары мен жалпы кезекте тұрғандарға және «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқылы үй алу тізіміндегілерге беріледі. Жергілікті атқарушы органдар «7 – 20 – 25» бағдарла­ма­сының қатысушыларына 5 мыңға жуық пәтер беруге дайын тұрған көрінеді. Алма­ты облысының әкімдігі де 130-ға жуық пә­­тер ұсынып отыр. Қазіргі кезде бағдарла­ма­ны кеңейту мақсатында «Қазақстан Ұлттық банкі» АҚ қарыз алушыға тұрғын үй қарызының 20 пайызынан асатын бас­тап­қы жарна енгізу мәселесін пысықтауда екен.

Өз кезегінде «Жаңа Генерация» ЖШС-нің өкілі Әлия Рахметова Алматы қала­сы­ның маңында салынып жатқан екі ірі тұрғын үй кешені туралы жан-жақты айтса, «Аспан Сити» құрылыс компаниясының директоры Заида Асқарова Талғар ауда­нында салынып жатқан тұрғын үй кешені­нен алғашқы жарна құюсыз-ақ қалай пәтер алуға болатындығы туралы баяндады. «Қазақстан Халық банкі» Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Ернар Айтжанов банктің халыққа ұсынатын тиімді шарттарын тарқата түсіндірді.

Баспаналы болуды армандағандар шара барысында «7 – 20 – 25» бағдарламасымен тұрғызылып жатқан нысандардың жай-жапсарымен, оны жүргізіп жатқан құрылыс компаниялары өкілдерімен танысып, банк қызметкерлерінен ипотекалық несиеге қалай қол жеткізуге болатыны туралы егжей-тегжейлі білді, өздерін толғандырған сауалдарға жауап та алды.

 

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы