Jas túrkіstan марафоны балалар шығармашылығын шыңдады

Газет мақаласы Айқын газеті №77

«Бала – адамның бауыр еті» дейді дана халқымыз. Бүгінгі бала тәрбиесі, ұрпақ сабақтастығы тек ата-ананың ғана емес, тұтас мемлекеттің, барша адамзаттың басты мәселесі десек, қателеспейміз. Шыны керек, мемлекетіміз­де әрбір баланың білім алуы мен тәрбиесіне мүмкіндігін­ше жағдай жасалып отыр. Алайда бала тәрбиесі өзекті мәселе күйінде қалып тұр. Ал оны жан-жақты дамытуда толғандыратын дүниелер жетерлік. Қазір газет, кітап оқымай, керісінше, сананы улап, теріс тәрбие беретін олқылығы көп әлемжелі мен ғаламторға телмірген ұрпақ жетіліп келеді. Қоғамның басты проблемасы да тап осында болып тұрғаны ащы шындық. Сондықтан ұрпағының тәрбиесі мен санасын түзеуге ұмтылған елдер бұл мәселеге шындап кірісті. Осы тұрғыда Түркістан облысы ұрпақ тәрбиесінде маңызы бар жобаны қолға алып, балалар басылымдарына, балалар тәрбиесіне қатысты және жеткіншектер руханиятымен айналысып жүрген сала өкілдерінің басын қосып, алқалы жиын өткізді.

Jas túrkіstan марафоны балалар шығармашылығын шыңдады

Түркістан қаласында Jas Túrkіstan – 2019 республикалық балалар шығармашылық ма­рафоны өтті. Екі күнге жалғасқан бала тәрбиесінде аса маңызы бар жиынды Түркістан облыстық Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.

Оған еліміздегі балалар мен жасөспірімдер басылымдарының бас редакторлары, балалар ақын­дары, жазушылары мен драма­тургтері, анимация және аударма саласының өкілдері, журналистер, телеарна, сайт жетекшілері, білім саласының өкілдері және оқу­шылар қатысты.

Қонақтар мен жиынға қатысу­шылар алдымен мәдениет үйі ал­дында ұйымдастырылған балалар кітаптары мен басылымдары көр­месімен танысты. Атап айтқанда, шығармашылық марафон аясында республикалық және өңірлік ба­сылымдардың көрмесі ұйым­дас­тырылды. Редакторлар мен қалам­герлер оқушыларға, ұстаздарға және оқырман қауымға басылым­дарын таныстырып, пікір алмасты.

Түркістан қалалық мәдениет үйінде өткен жиында балалар әде­биеті, аудармасы, журналистикасы, анимация саласы, әлеуметтік желілердегі балалар психологиясы және өзге де мәселелер талқы­ланып, баяндамалар жасалды. Балақайлар мен жеткіншектерге арналған сайттарды дамыту, оларды жат пиғылды ақпараттан қорғау мәселелері қозғалып, секциялық отырыстар өткізілді.

Форумды жүргізген облыстық Ішкі саясат басқармасының бас­шысы Бейсенбай Тәжібаев бұл жиынның негізгі мақсаты мен бағытына тоқталды.

«Қоғамдағы бала тәрбиесі, ұрпақ мәселесі, өсіп келе жатқан жаңа буынның жағдайына қатыс­ты проблемалар бар. Олар­ды тәрбие­леудің, рухани тұрғыдан кемел­ден­ген зиялы азамат ретінде қалып­тас­тырудың әзірге нақты шешімі та­былып жатқан жоқ. Сондықтан біз осы тұрғыда бала­лар басылым­да­рына, балалар тәр­биесіне қатысты және жеткін­шек­тер руханиятымен айналысып жүрген саланың өкіл­дерін Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан арнайы шақырып, мәселені ортаға салып талқылап, өзара пікір ал­масулар мен талдаулар жасап, жаңа ойларды тыңдадық. Сонымен қатар облысымыздағы бірқатар мек­тептерге барып, оқушылармен арнайы шығармашылық, шеберлік сағаттарын өткіздік. Жалпы мақсат еліміздегі балалар шығарма­шы­лығы, балалар дүниесіне қатысты жобаларды жаңа бағытта жан­дандыру болмақ», – деді.

Бейсенбай Дәулетұлының айтуынша, өткен жылы Елбасы­ның Жарлығымен құрылған Түркістан облысы бүгінде құрылыс немесе басқа да түрлі шаруашылық жұмыстары ғана емес, рухани бағытта да бірқатар келелі істерді қолға алып, нақты шаралар атқарылып жатыр.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында өткен жиынның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, Түркістан облысының әкімі Өмір­зақ Шөкеевтің атынан бүгінгі форумның ашылу салтанатымен құттықтады. Әкімнің орынбасары балаларды рухани бай етіп өсіру маңызды іс екенін айтты.

«Бала тәрбиесі – облысы­мыз­дың басты назарында. Ұлы жа­зушымыз Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Сондықтан біз бала тәрбие­сімен қатар, бала арманы қалай орындалу керек, соған да аса мән беруіміз керек. Біз балаларды жан-жақты дамыту, құқығын қорғау, ізгілікке, шығармашылыққа бе­йімдеу бағытындағы жұмыстарды күшейтуіміз керек. Бұл ретте бұ­қа­ралық ақпарат құралдарының, балалар әдебиетінің, анимация саласының маңызы жоғары. Әлеу­меттік желілерде, сайттарда бала дүниетанымына оң әсер ететін дүниелерді көбейту мәселесі де өзекті. Жасөспірімдерді қаты­гездікке шақыратын, ой-өрісін, жан дүниесін бұзатын керітартпа ақпарат көздерін шектеуіміз қажет. Бұған қарсы тұру үшін бүгінгі жиынға қатысып отырған шығар­машылық өкілдері мен жергілікті билік күш біріктіргені жөн. Jas Túrkіstan – 2019 балалар шығар­машылық марафонын өткізудегі мақсатымыз да осы», – деді Мәлік Нұржанұлы.

Жиын барысында белгілі бол­ғандай, жалпы Түркістан облы­сында 2 миллионға жуық халық бар болса, соның 772 мыңнан ас­тамы кәмелетке толмаған жасөс­пірімдер.

Форумның секциялық оты­рыс­тарында балалар әде­биеті, аудармасы, журналистикасы, анимация саласы, әлеуметтік желілердегі балалар психологиясы және өзге де мәселелер талқы­ла­нып, баяндамалар жасалды.

Жиында балалар мен жасөс­пірімдер басылымдарының басын біріктірген «Жас өркен» ЖШС бас директоры, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек «Балалар басылымдары мен әдебиетінің жай-күйі және өзекті мәселелері», «Балапан» ар­насының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы «Балапан» телеар­насының жаңа жобалары мен жоспарлары. Қазақша комикс шығару ісіндегі жетістіктер», PR маман, Talbesik.kz сайтының бас редакторы Азамат Битан «Балама гаджетімді біл деп бердім немесе интернеттегі әлди-әлди (медиа­кон­тент) мәселесі», «Сақ» кино­сту­диясының директоры Нұрид­дин Пәттеев «Қазақ анима­ция­сы­ның бала тәрбиесіндегі алар орны», «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсенбек Мағлұ­мов «Балалар басылымдарына деген көзқарасты жақсарту: газет-журнал оқудың бала мен ата-анаға пайдасы», ғылым докторы Халил Четин «Түркиядағы балалар басы­лымы мен анимациясы», әдебиет­танушы, жазушы Аягүл Мантай «Шетелдегі балалар әдебиетінің жай-күйі, үлгі алатын тұстары», Ұлттық аударма бюросының редакторы, аудармашы, ақын Есей Жеңісұлы «Балалар мен жасөс­пірімдерді әдебиетке қызық­ты­ру және шетел авторларының шығармаларын сапалы аудару жолдары», балалар ақыны Серік­бол Хасан «Оқушылар мен жасөс­пірімдерді поэзияға бейімдеу. Балалар поэзиясындағы ізденістер мен проблемалар», Өзбекстаннан келген балалар қаламгері Алмагүл Оңаева, драматург Әлібек Байбол, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова, «Қызмет» газеті мен «Ақылдым» журналының директоры Бейсенкүл Нарым­бе­това, «Жебе» баспа үйінің дирек­то­ры, «Қазығұрт» және «Жас ға­лым» журналдарының жетекшісі Жарқынбек Төлтебаев, режиссер, «Оңтүстікфильм» мекемесінің ди­ректоры Батырхан Дәуренбеков және өзге де азаматтар баланы дамытуға қатысты ой-пікірлерін айтты.

Жиында әлеуметтік желідегі ба­лалар психологиясы және бала­қайлар мен жеткіншектерге арнал­ған сайттарды дамыту, оларды жатпиғылды ақпараттардан қорғау мәселелері талқыланды. Балалар басылымдары, балалар драма­тургиясы, әдебиеті, анимациясы, балалар телеарнасының жай-күйі, сайттар мен желілердегі түйткілдер батыл айтылды.

Мәселен, қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек өз сөзінде Түркістанда өткізіліп отырған бала тәрбиесіне қатысты маңызды шараның өзге де өңірлерге өнеге болып, елімізде мұндай жиындардың жиі өт­кізіліп тұру керегін айта келе, ба­лалар басылымдарына көбірек жазылу қажеттігіне назар аударды. Себебі, аталған басылымдардың апта сайын үйге баланы тәрбие­леуге қатысты тамаша мәні бар дүниелердің барып тұратынын жеткізіп, «ұлтымызды дамытамыз десек, баланы тәрбиелегенде ойын жинақтап дұрыс жеткізе алатын және санасы таза ұрпақ қалып­тастыруымыз қажет», – деді.

«Балапан» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймахан­қызы баяндамасында телеарнада былтыр 50-ден астам жоба дайын­далғанын және биыл да осындай көлемде жобалар болатынын айт­ты. Сондай-ақ арнаның жаңа ­мау­сы­мын Түркістан облысы­ның әкі­мі қолдаса, киелі қалада тұса­уын ашсақ деген ниеті барын да жеткізді.

Серікбол Хасан мұндай ша­ралардың елімізде жиі өткізудің маңызы зор болатынын айтты. «Бала тәрбиесіне ата-ана­лар өте мән беру керек. Қаламгер ағамыз айтқандай, жапон елінде баланы құрсақта жатқаннан бастап тәр­биелеуді қолға алған болса, сол сияқты ежелден біздің де ата-аналарымыз балаға бесікте жат­қаннан бастап тәрбие бере бас­таған. Бала бесікте жатқанда «бесік жырын» тыңдаса, өсе келе жаңылт­паш, батырлар жырларын, ерте­гілерді естіп жетілген. Мәселен, баланы оқуға, жақсы жетілуге қалай бейімдеуіміз керек? Әрине, оны өзімізден бастауымыз керек. Яғни, бала ата-анасынан көргенін қайталайды. Сол себепті, балаға үлгі болу үшін кітап оқу және сол сияқты басқа да қажетті дүниелерді көрсете беру қажет. Қазір балаларға аналған жақсы оқитын дүниелер жетерлік. Міне, соларды оқытуға тырысу керек, – деді ол.

Шара барысында бұрындары балалардың газет-журналдар мен кітаптарды көп оқығаны және көп оқыған баланың өсе келе кітап­құмар болып қалыптасатыны ту­ралы айтылды. Қазір кітап пен газеті бар үйлер азайып кетті, ақпаратты ғаламтор мен әлеуметтік желіден ала салатын заман келді деген сияқты әңгіме өрбіді.

Сондай-ақ әлеуметтік желі мен ғаламторда сапалы контент бар ма? Жас буын өкілдері ұялы телефон мен түрлі гаджеттерден не көріп жүр? Оларды пайдасыз ақ­параттан қалай қорғаймыз? Осын­дай түйткілді мәселелерден қалай құтылу керек немесе жасөспірімдер жайында олар қисық бұтаққа айналмай тұрғанда шыбықты түзу өсіру қажеттілігі де талқыда қоз­ғалды.

Басқосуда байқалғаны, жас буынның тәлім-тәрбиесіне, олар­дың бойына ұлттық құндылықты сіңіруге бір кісідей атсалысып жүр­ген елге белгілі азаматтар атал­ған шараға жоғары дайындықпен келген екен.

Келесі кезекте «Томпақ» және «Қалқанқұлақ» телесериал­дары­ның бас кейіпкерлері Ерсұлтан Сіргебай, Нұриман Әділхан, Ар­ман Қасымбековтер сахна төріне шығып өздерінің шығарма­шы­лықтары жөнінде әңгіме қозғап, фильмдегі әндерін орындады.

Одан кейін кезек жас ұрпақты тәрбиелеу жолында елеулі іс атқа­рып жүрген «Сақ» киностудия­сының тағы бір төл туындысы «Түркістан» анимациялық фильмі көрермен қауымға жол тартты. Көркем туынды жас ұрпақтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін оятып, тарихқа деген құрметін қалыптастыруға арналған.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген фильмнің форматы 2D, ұзақтығы – 25 минут. Балаларға базарлық ретінде ұсы­нылған туындының режиссері және бас суретшісі – Азамат Ерназаров. Сценарий авторы – Бақытжан Құлжабаев, әуенмен әрлеген – Әйтеке Көптілеу.

Тұсаукесерде сөз алған «Сақ» киностудиясының директоры Нұ­риддин Пәттеев «Анимацияда 18 жылдық тәжірибесі бар шы­ғар­машылық топ 60-қа жуық қыс­қаметрлі мультфильм мен бірнеше деректі және көркем фильмдер шығарып үлгерді. Кәсіби дең­гейдегі режиссерлер, аниматорлар және суретшілерден құралған ұжымның шығарма­шы­лығы Қа­зақстан және шет елдерде кеңінен танылып, өз бағасын алған. «САҚ» киностудиясы анимация саласын дамытумен қатар, бала­ның көз­қарасын дұрыс қалыптас­тыруды, отансүйгіштік, адамгер­шілік, адалдық және достық секіл­ді қасиеттерді насихаттап, оларды ұрпақ санасына сіңіруді басты мақсат санайды», – деп атап өтті.

Аталған фильм желісіне Жал­ғас есімді жас баланың ерлігі арқау болады. Оқиға барысында Жалғас Отанына, еліне деген парызын сезіне отырып, жаудың теріс пиғылына қарсы тұрады. Бала батыр осылай Түркістанда өтетін Қазақ құрылтайындағы қастан­дықтың алдын алып, Тәуке ханды ажалдан арашалап қалады. Жалпы, анимациялық фильм көрерменді қызықты оқиғалармен баурап, адами тәрбиеге, әр адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге үндейді.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» ма­қаласында «Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үр­дісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мульти­плика­циялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да тал­ғамына ерекше назар аудару керек» деген болатын. Осы орай­да, «Сақ» киностудиясының ат­қарып жүрген жұмысы ауқымды.

Айта кету керек, осы күнге дейін «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазы­ғұрт» анимациялық фильмдерін және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериядан тұратын телехикая мен «Ұлы Жібек Жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмін жұртшылық назарына ұсынған киностудия биыл «Ордабасы – бірліктің туы», «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмдері арқылы кішкентай көрермендерді бір қуантқан еді.

Анимациялық фильмді зал толы оқушылар қауымы мен қонақтар аса қызығушылықпен тамашалады.

Жиын соңында модера­тор Бейсенбай Дәулетұлы бар­шаны тәуелсіз қазақ елінің тұлғалы азаматын қалыптастыру жолында бірлікпен еңбек етуге шақырып, ұрпақ тәрбиесіне аса маңызды бұл іс-шараны дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Сол күні келген қонақтармен әріптестік орнату жөнінде келісім­дер жасалды.

Қонақтар күннің екінші жар­тысында Түркістандағы №19 және М.Әбенова атындағы орта мек­тептерге арнайы барып, оқушы­лармен еркін форматта кездесу өткізді.

Кездесуде мектеп жасындағы жас ақындар өлеңдерін оқып, өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Балалармен емен-жар­қын әңгімелескен танымал жур­налистер олардың сауалдарына тұшымды жауап беріп, ағалық ақыл-кеңесін айтты. Оларға «бар­лық білімнің бастауы – кітап» екенін түсіндірген «Жас өркен» ЖШС бас директоры, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек «Жақсы нәр­сені армандаңдар, қорықпаңдар, талпыныңдар. Қандай мамандық болмасын, газет оқыңдар. Газет оқыған адамның тілі бай болады» деп атап өтті.

Сонымен қатар ең үздік сауал қойған жас көрерменге Ұлттық аударма бюросының аударма­шысы, жазушы Есей Жеңісұлы қолтаңбасымен кітап сыйлап, ақ тілегін білдірді.

«Облыстың барлық ауданынан талапты, дарынды балалар көптеп жиналыпты. Әңгіме өте жақсы бол­ды. Әке мен ана тәрбиесі, әлеу­меттік желілердің ықпалы, ани­мациялық фильмдердің бала тәрбиесіндегі орны, т.б. өзекті тақырыптарда сөйлеушілер біраз мәселе айтты. Облыста 500 мыңнан астам бала бар екен. Солар қоғамға масыл емес, асыл болып қосылса деген зор талпыныс, ниет қой бұл азаматтардікі», – дейді.

Балаларға «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Жас ға­лым», «Алтынсарин әріптері», «Қу­ыр­маш» секілді газет-жур­нал­дардан базарлық таратылды.

Одан кейін осы іс-шара аясын­да қонақтар Түркістан қаласының Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сынды киелі орындарын аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты.

Маңызды марафонның екінші күні қонақтар Келес ауданының орталығы Абайға барып, онда танымал қа­ламгерлер Абай ауы­лының орта мек­тебінде оқушы­лармен және ұс­таздармен кездесті. Алты аудан­нан келген оқушылар мен ұстаздар қаламгерлерді сах­надан жібермей, сұрақтар қойды. Оқушылардың жанарынан жа­лынды байқаған қаламгерлер жас буын өкілдеріне ризашылығын білдірді.

Түркістан облысы