Субсидия беремін деп пара алған атыраулық ұсталды

Атырау облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде субсидиялауды беру бойынша оң шешім үшін шаруа қожалықтарының басшыларынан жүйелі  негізде пара алғанын мойындаған.

Субсидия беремін деп пара алған атыраулық ұсталды

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұқарамен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин хабарлады. Оның айтуынша, басқарма басшысының міндетін атқарушы делдал арқылы жалпы сомасы 200 мыңнан астам теңге пара алуда күдікті деп танылған.

«Кінәсін толық мойындауына байланысты процестік ұстау қолданылған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр», – деді А.Бердалин.

Айта кетейік, ауылшаруашылығы саласында 2018 жылы және 2019 жылдың 4 айында 199 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген, 63 тұлға сотталған.