Бұрынғы бөлімшелерді ұмытпайық!

Газет мақаласы Айқын газеті №88

Бұрынғы бөлімшелер деп отырғанымыз, бұрынғы колхоз-совхоздарға қарасты үлкенді-кішілі ауылдар. Мұндай елдімекендерге облысқа арнайы іссапармен келетін Парламент депутат­тары мен үкімет мүшелерін, яғни берісі министр мыр­залар­ды айтпағанда, тіпті облыс, аудан орталықтарын­дағы өнер ұжымдарының өздері баруды доғарғалы қашан?! Сірә, осындай атүсті көзқарастың салдары болса керек, бұрынғы бөлімшелер­дің кейбір тұрғын­дары қалаға және қалаға таяу аудандарға жөңкіле көшкен­нен кейін бүгіндері елдімекен ретінде жер бетінен біржола жойылуға таяу.

Бұрынғы бөлімшелерді   ұмытпайық!

Несін жасырайық, жабайы ур­банизацияның кесірінен «марқұм» болып кеткен ауылдар да баршылық. Сөйте тұра, тұрмыс-тіршілікке қо­лайлы болғандықтан, әлі күнге дейін іргесі сөгілмей, тұрғындары сиремей отырған бұрынғы бөлімшелер де бар. Солардың бірі – Теректі ауданының Шағатай ауылдық окру­гіне қарасты Қызылжар ауылы. Осы ауылда осыдан бірер апта бұрын «Ауыл – ел бесігі» атты мәдени-спорт­тық шара өтті. Алдымен, Қы­зыл­жар жастары­нан құралған қос командаға қоса, Шағатай, Қоғалы­түбек және Ақ­жайық ауданының Көнеккеткен ауылынан келген, сондай-ақ Батыс Қазақстан облыс­тық «Орал өңірі» газеті редакция­сының командалары футбол мен волейболдан өзара мықтыны анық­тады. Спорттың екі түрінен өткен жарыс түстен кейін сағат 16.00-де басталып, кешкі сағат жетіге таман аяқталып, жеңімпаз-жүлдегерлерге Шағатай ауылдық округінің әкімі Оразбек Құсайынов диплом мен бағалы сыйлық табыс етті. Сонан соң ауыл кешін әуелі Шағатай мәдениет үйінің өнерпаз­дары, іле-шала облыс орталығынан келген ерлі-зайыпты Еркін – Зоя Өтегенов­тер, ағалы-қарындасты Арман Биғалиев пен Марина Биғалиева және Дархан Құлбабаев сынды өнер жұлдыздарының шыр­қаған әндері тербеді. Айтпақшы, тура осы шара барысында республи­каға танымал журналист Қазыбек Құт­тымұратұлы Қызылжар ауылы­ның маңындағы «Хан зираты» ата­лып кеткен қорымға жерленген Жантөре хан және осы жерден мәңгілік мекенін тапқан билер мен батырлар, әулие-ахундар туралы тарихи тұрғыдан тағы­лымды әңгіме өрбітті. (Жантөре – кезінде кіші жүздің ханы болған Әбілқайыр ханның немересі, Айшуақ ханның баласы. Жантөре хан кісі қолынан қаза тапқан. Ол биліктен гөрі өнерге жақындау болған, бірнеше күй шы­ғарған. Бірақ бізге жеткені Жан­төренің «Шал­қымасы» ғана. – Б.Ф.)

– Біздің ауылда бүгінгідей ауқым­ды мәдени-спорттық шара өтпеге­н­іне 30 жылдың жүзі болды. Несін айтасың, айналайын, бір жасап қал­дық! Осындай керемет шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болған Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламановқа, Шағатай ауылдық округінің әкімі Оразбек Құсайыновқа және Қызылжардың түлегі, өзімнің шәкіртім, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллинге ауылы­мыздың кәрі-жасы, үлкен-кішісінің атынан көп рақмет, зор алғыс ай­тамын. Осындай ақжолтай азаматтар аман жүрсін, ел-жұрттың алғысына бөлене берсін! – дейді Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі, Теректі ауданының 93 жастағы Құрметті азаматы Хамит Салахиев ақсақал. Ауыл тұрғындары, сонымен қатар қарайған ұйымдастыру жұ­мыстарының басы-қасында жүріп, бүкіл шаруаның қиюын келтірген Қызылжар тоғызжылдық мектебінің директоры Мәншүк Өтенова мен осы білім ошағының ұжымына, Шағатай ауылдық мәдениет үйінің меңгеру­шісі Жанна Әубәкіроваға, кітапхана­шылар Мәншүк Молдашева мен Нұрзия Ғұмароваға, аталмыш шараға демеуші болған жергілікті кәсіп­керлер Абат Абылғазиев пен Алмат Қайыровқа дән риза.


Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы