Дәрігерге – миллион

Газет мақаласы Айқын" газеті №94

Қарағандыда кәсіби мереке қарсаңында денсау­лық сақтау саласының үздік қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Оларға Қарағанды облысы әкімінің сыйлығы табыс етілді. Салтанатты рәсім К.Станиславский атындағы театр сахнасында өтті.

Дәрігерге – миллион

– Бүгін осы залда адам ден­саулығына қамқорлық жасауды өмірлік мұрат етіп алған жандар­дың арасында тұрғаныма өте қуа­ныштымын. Ең шынайы құттық­тау мен тілектерді бүгін ден­сау­лық сақтау ардагерлеріне де айтқы­мыз келеді. Сіздер бірегей Қараған­ды мектебін құрды­ңыз­дар. Сіздер­дің еңбектеріңізге, тәжіри­белеріңізге баға жетпейді. Меди­цина университеті мен колледж қызметкерлеріне ерекше алғыс айтамыз. Сіздер білім­де­ріңізді шәкірттеріңізбен, болашақ дәрі­герлермен, медбикелермен бөлісіп келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз бен қамқорлықта­рыңызды xалық ұзақ жыл бойы ұмытпайды, – деді Қарағанды облысы әкімінің м.а. Ерлан Қо­шанов. Ол, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемалар біртіндеп шешіліп келе жатқанын атап өтті. Ауру­ханалар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Денсаулық сақтау ме­кемелерінде озық ақпа­раттық технологиялар еніп жатыр. Ал облыс қалалары мен аудан­дарына жұмыс істеуге келген жас мамандар тұрғын үймен қамта­масыз етілуде.

Қарағандылық ақ халатты абзал жандарға облыс әкімінің сыйлығын шетелдік әріптестер табыс етті. Мәскеулік кардио­хирург, медицина ғылымдарының докторы Лоайс Левано Уго Карлос анестезиолог-реаниматологтарға, неонатологтарға және педиатр­ларға арналған семинар-тренинг өткізу үшін Қарағандыға арнайы келген. Станиславский театрының сахнасында ол «Үздік педиатр», «Үздік акушер-гинеколог» және «Үздік хирург» номинациялары бойынша сыйлықтарды табыс етті.

Лауреаттарды құттықтауға медицина ғылымдарының док­торы, №2 Қарағанды аурухана­сын­да жұмыс істейтін польшалық дәрігер-кардиохирург Войцех Ежи, Қарағанды медицина уни­верситетінің оқытушысы, үндіс­тандық Гарвала медициналық уни­верситетінің профессоры Рэнна Тивари қосылды.

Облыс әкімі сыйлығын «Үздік терапевт» номинациясы бойынша дәрігер кардиолог, «Жүрек» ЖШС кардиология бөлімінің мең­герушісі Бақытбек Айтенов, «Үздік жалпы тәжірибе дәрігері» «Абай қаласының орталық ауруханасы» КМК жалпы тәжірибе дәрігері Галина Афанасьева, «Үздік орта медицина қызметкері» «Қарағанды қаласының №1 емханасы» КМК медбикесі Гүлден Әбенова, «Үздік акушер-гинеколог» дәрігер аку­шер-гинеколог, «Облыстық пе­ринаталды орталық» КМК дирек­торының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Александра Мотор­гина, «Үздік педиатр» дәрігер пе­диатр, «Теміртау қаласының көпбейінді ана мен бала орталығы» КМК балалар блогының жан сақтау және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Сергей Александров, «Үздік хирург» «Об­лыстық онкология диспансері» КМК Торакалдық бөлімінің мең­герушісі Ерғали Шәуенов, «Ден­саулық сақтаудың үздік ұйым­дас­тырушысы» «Облыстық пси­хо­нев­рологиялық диспансер» КМК директоры Қайрат Әбді­рахма­нов иеленді. Олардың әр­қайсысы 500 мың теңгеден сыйақы алды.

Қарағанды облысы әкімінің «Мамандыққа адалдығы үшін» номинациясы бойынша бір миллион теңге көлеміндегі арнайы сыйлығы «Ақтоғай ауданының орталық аудандық ауруханасы» КМК «Сарытерек» ДА жалпы тәжірибе дәрігері Амантай Әмір­құловқа берілді. 52 жыл ғұмырын адам өмірін емдеуге арнаған тера­певт, жалпы практика дәрігері Аман­тай Әмірқұлов КСРО Ден­саулық сақтау үздігі, «Құрмет» орденінің иегері және Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы. Аман­тай Әмірқұловтың екі ұлы да әке ісін жалғастырған дәрігер. Үлкен ұлы – хирург, кішісі – терапевт.

Мереке концертке жалғасты. Қарағандылық дәрігерлерге белгілі эстрада және опера әншісі ҚР еңбек сіңірген артисі, ҚР Мем­лекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы, ресейлік «Голос. Дети» жобасының жеңім­пазы Ержан Максим, Молдовадан келген флейташы Игорь Под­гореану, Астана опера театрының солисі Меир Байнеш, I'm a singer Kazakhstan телешоу жеңімпазы Роман Ким және басқа да әртістер өнер көрсетті.

Қазақстанда медицина қыз­меткерлерінің күні жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Қарағанды облысы әкімінің денсаулық сақтау қыз­меткерлеріне арналған сыйлығы 2006 жылдан бастап беріліп келеді.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы