Арыстағы жарылыс: Бөген суқоймасын бұзу туралы тарап жатқан видео – жалған

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі Бөген су қоймасын бұзу туралы тарап жатқан видеоның жалған екенін мәлімдеген хабарлама таратты.    

«24 маусым сағат 09:20-да өрт сөндіру қызметіне №44856 әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болып, өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына облыстық ТЖД жеке құрамының 52 адамы мен 12 техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ Шымкенттегі кинологиялық қызметтің 23 адамы аттандырылды», – делінген хабарламада.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарға сәйкес, қазіргі таңда оқиға орнында өрт сөндіру шаралары мен эвакуация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайдан зардап шеккендер туралы ақпарат анықталуда.

«Төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы әкімдігінің басшылық құрамы оқиға орнына аттанып кетті. Сондай-ақ Бөген су қоймасын бұзу туралы тарап жатқан видеоның жалған екенін мәлімдейміз», – дейді баспасөз қызметі.