Арыс. 748 үй жөнделіп жатыр

Арыс. 748 үй жөнделіп жатыр
Күні кеше Арыс қаласындағы қираған үйлерді қайта жөндеу үшін 17 секторға бөліп, 435 үйге жөндеу жұмыстары басталғаны жайлы хабарлаған болатынбыз. Енді міне, жұмыс жандана түсіп, қазіргі таңда 748 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арыс қалалық ауруханасы бір айдың ішінде іске қосылады. Бұл туралы Арыстың бүгінгі жай-күйі туралы нақты ақпарат беру мақсатында өткізілген брифинг барысында айтылды.
Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Бятов, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М. Егізбаев журналистердің қатысуымен брифинг өткізді.
– ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Арыс қаласына тиесілі аумақты толық қайта тексеру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде 28 мыңнан аса оқ-дәрі табылды. Қала маңындағы Ақдала, Дермене ауылдарын тазарту аяқталды. Сондай-ақ Арыс аумағына және оған тиесілі жерлерде радиациялық, биологиялық жағдайға мониторинг жасалды. Қалада радиациялық фон бірқалыпты. Жарылыс болған әскери бөлімше командирі қазіргі уақытта қызмет орнында. Оған қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде, – деп мәлімдеді полковник Е. Бятов. 
Арыс қаласының әкімі М. Қыдырбек «Апаттан зардап шеккен қала қазіргі таңда 17 секторға бөлініп, әр облыс жұмысын бастағаны белгілі. Қазіргі таңда 170 бригада құрылысқа кірісті. Жөндеу жұмыстары бір айдың ішінде аяқталады. 748 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М. Егізбаев қазіргі таңда Арыстағы емхана науқастарды қабылдап жатқанын және 1 ай ішінде қалалық аурухана іске қосылатынын атап өтті.
Айта кету керек, Арыс қаласы мен қала маңында 8867 үй бар. Соның 6127 үйі жарылыстан зардап шеккен болса, оның ішінде 27 үй толықтай қайтадан салынатын болады.

7фото