Арыстағы апат: 185 үй толық жөнделді

Шіліңгір шілденің ыстығына қарамай маңдай терін төгіп, атқарған ерен еңбектің арқасында аз уақытта Арыс қаласында 181 үй толық жөнделді.

Арыстағы апат: 185 үй толық жөнделді

Бұл жұмыла кіріскен кең пейілдің жемісі, тіптен мұны ауызбіршілігі жоғалмаған елдің қандайда болмасын қиындыққа қарсы тұра білетін жұрттың жеңісі деп толық айтуға болады. Айтуымыз керек, бұл өмірдің теріс ағысына қарсы тұра білген арыстықтар мен оларды бір атаның балдарындай қолдаған елдің қуанышы...

181 үйдің жөнделіп болғаны жайлы Арыс қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадірбектің, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Бятов және басқалардың қатысуымен өткен брифингте белгілі болды.

Бүгінгі таңда 700-ден астам тұрғын үйде жөндеу жұмыстары басталған. 4 шілдедегі ақпарат бойынша, Арыс қаласында 181 үйдің  ақаулары толығымен қалыпқа келген. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.

Айта кетерлігі, 17 сектор бойынша барлық үйлер жөнделуде. Баспаналардың бүлінген шатырынан бастап, жарылған қабырғалар мен сынған терезелер қалпына келтірілуде.

Қосымша секторларға бөлінген қызметкерлер ақау актілерін түзумен айналысуда.  Облыс пен аудандардан 1500-ден астам құрылысшылар жұмылдырылған.


Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадірбектің мәліметінше, бүгінгі күні шаһарда тұрғындар күнделікті өмірге қалыптасу үшін барлық жағдайлар жасалған. Қаланың ішінде 30 шақты дүкендер жұмысын бастады. 4 наубайхана сұранысқа сай нан пісіріп, қызметіне кіріскен. Автопарктер де толығымен жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар, жергілікті халық атаулы әлеуметтік көмек, жалақы, зейнетақы сынды төлемдерді түгел алуда. 

 Ал қала бойынша жарылғыш заттардан түгелдей тазарту жұмыстары жалғасуда. Шаһар тұрғандарына айта кетерлігі, қауіпті деп танылған заттарды байқаған жағдайда 102,112 нөмірлеріне хабарласу керектігін ескертеміз! Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Бятов мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі таңда тұрғындарға ешқандай қауіп жоқ.

Журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Қорғаныс министрілгінің өкілі, Арыс қаласының тұрғындарынан қоңыраулар толассыз келіп түсіп жатқанын жеткізді.

«Жалпы бүгінгі таңға дейін 30 700 жарылғыш оқ дәрілердің бөлшектері табылған. Қазіргі уақытта осы табылған фрагменттер қаладан 60 шақырым тысқары орналасқан арнайы полигонға жеткізілген.

Алдағы уақытта оның барлығы жойылатын болады. Яғни адам өміріне қауіпті емес» – деді Е. Бятов.

Әлі де жарылысқа байланысты қызметтік тексерістің жүргізіліп жатқандығын жеткізген жауапты басшылар, оқ дәрілер сақталған қойманың көшірілетінін тағы да айтып өтті.