Көкөніс Ресейге экспортталуда

Бүгінде ауылдарды дамытуға баса назар аударылып отыр. Ең бастысы, ауылдағы ағайынның жерден өнім алып, мал басын көбейтіп, тіпті басқа да кәсіппен айналысуына мүмкіндік баршылық.

Көкөніс Ресейге экспортталуда

Ауылдарда еңбекақы алып қана отыра беретіндей кәсіпорындар мен мекемелер жоқ екені белгілі. Бір кезде ауылдағы жастың бәрі қалаға ағылып, нәпақа іздеп кеткен еді. Қазір керісінше оралып жатқандар бар. Өйткені мемлекет жұмыс істеймін, кәсіппен айналысамын дегенге пайызы төмен несие ұсынып, кәсіппен айналысуына жол ашып отыр.

Енді, тек еңбек ету керек. Мәселен, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы арқылы ауылдағы қаншама ағайын кәсіппен айналысуды қолға алды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ осы бағдарлама арқылы проценті төмен және жеңілдік мерзімі қарастырылған несие береді. Бұл кәсібін жаңадан ашқанның аяқтан нық тұрып кетуіне үлкен мүмкіндік. Мәселен, Ақтөбе облысында өткен жылы 655 ауыл кәсіпкері «Еңбек» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отыр. Олардың алды еңбектің табысын еселей түсуге кірісіп кетті. Бөлінген 2 млрд 460 млн теңгеге жуық қаржы ауыл кәсіпкерлеріне тың серпін берді.

 

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ауылды жерлерде іске асыратын жобаларды жеңілдетілген несиемен қаржыландырады. Несие ауыл кәсіпкерлеріне 6%-пен беріледі, тиімді сыйақы үстемесі – 6,7%-тен аспайды. Кәсіпкер жұмысын бастап, жүргізіп алғанша негізгі қарызды төлеу бойынша 2 жылға дейінгі, ал үстеме ақы бойынша 9 айға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Бұл кәсібін жаңа бастап жатқандаға үлкен көмек.

Сондай несие алған кәсіпкерлердің бірі – Мәртөк ауданына қарасты Қазан ауылындағы «Зәру» шаруа қожалығы марал өсірумен айналысады. Маралдың халық денсаулығына пайдалы өнімін тиімді пайдалана отырған шаруашылық басшысы Бану Тілегенова, қолға алған кәсібін одан ары дамытуда мемлекеттік қолдауды пайдаланып, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алған.

«Марал өсіруді қолға алдым. Шаруашылықтың бұл түрі жалпы батыс өңірі бойынша бізде ғана бар. Жыл бойы халық емделетін шипажайымыз бар. Маралдың қанын ем-шараларға пайдаланамыз. Осы шаруашылықты одан ары дамыту үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 12 млн теңге несие алдым. Ол қаржыға шаруашылыққа қажет техникалар мен жабдықтар сатып алдым. Мемлекеттің кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отырғаны үлкен көмек», – дейді «Зәру» шаруа қожалығының басшысы Бану Тілегенова.

Мәртөк ауданының Мәртөк ауылының тұрғыны Гүлайда Убаниязова тігін цехын ашып, жергілікті халыққа қажет бұйымдар тігумен айналысады. Бұл біріншіден кәсіп болса, екіншіден ұлттық өнер деуге толық негіз бар.

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Еңбек» бағдарламасы арқылы 6 млн теңге несие алдым. Оған тігін машинасы мен әмбебап станок сатып алдым. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының біз сияқты жұмыссыз отырған жандарға көмегі үлкен. Көрпе, жастық, қыздың жасауы сияқты ұлттық бұйымдар тігемін. Жеңілдетілген несие беретін қаржы ұйымына алғысым шексіз. Қазір Атырауда, Ақтаудан және Ресейден тапсырыстар түсіп жатыр. Олардың сұранысын қамтамасыз ету үшін тағы да несие алып, жұмыс көлемін ұлғайту жоспарда бар, – дейді ол.

Ақтөбе облысы бойынша 2019 жылы 640 кәсіпкерге несие беру үшін 2 млрд 150 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Қазір облыста ауыл кәсіпкерлерін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы несиелендіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Бағдарлама аясында Қор «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының несие жөніндегі бөлім басшысы Нұрлан Құсмағанбетовтың айтуынша, «Егінжай» сияқты несие өнімдерін қаржыландырады. Сонымен қатар Ақтөбе қаласына қарасты Жаңа қоныс ауылындағы «АмирАГРО» шаруа қожалығы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алып, шағын ғана жылыжайын үлкен кешенге айналдырған. Бүгінде 20 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер өнімдерін Ақтөбе қаласынан бөлек, Ресейге экспорттайды.

– Біз Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 13 млн теңге несие алып, ол қаржыға аумағы 2000 шаршы метр болатын жылыжай салдық. Басында шағын ғана жылыжайымыз бар болатын. Қазір де жылыжайды одан әрі үлкейтіп жатырмыз. Қияр мен қызанақ өсіріп отырмыз. Өнімді өткізетін жерлеріміз бар. Өзіміздің ішкі нарықтан бөлек, Ресейге де жібереміз. Табысымыз жақсы. Мемлекеттің қолдауы кәсібімізді кеңейте түсуге үлкен мүмкіндік ашып отыр, – дейді жылыжайдың сату жөніндегі менеджері Нұртас Доштияров.

Шағын несие алуға ниеттенген ауыл азаматтары Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқуы қажет. Ол жерден арнайы сертификат алады және бизнес-жоспарын жасап, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өңірдегі филиалдарына барып, филиал қызметкерлері өткізген құжаттардың тізімі мен өзінің аты-жөні және байланыс нөмірі жазылған талонды ұсынады. Құжатты несие менеджерлері 11 жұмыс күннің ішінде қарап, тиісті жауабын айтады.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жылына 10 мыңға жуық ауыл кәсіпкерін қаржыландырады. Соның 70%-ті стартап-жобалар екенін ескерсек, Қордың қолдауымен қаншама жаңа жоба жүзеге асып жатқанын аңғару қиын емес. Қор шағын несие беруді бастағаннан бері ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 280 млрд. теңгеге жуық қаржы берген.