Кәсіптен үміті бар жастар Зерендіге жиналды

Қазақстанда «Зерен-2019» жастар жазғы лагерінің екінші маусымы басталды. Жобаға Қазақстаннан басқа Әзірбайжан, Түркия, Моңғолия және Қытай елдерінен 200 жас дарынды қатысушы жиналды. Олар тәжірибелі тәлімгерлердің жетекшілігімен өз жобаларын дайындап, ұсынатын болады.

Кәсіптен үміті бар жастар Зерендіге жиналды

«Зерен-2019» республикалық танымдық жастар жазғы лагері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, Қазақстанда Жастар жылын өткізу бойынша Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

9 күн бойы қатысушыларға Дос Көшім, Ерлан Мұстафин, Мақсұт Жұмаев, Тимур Құдайбергенов, Әлихан Бәйменов және басқа да танымал тұлғалар тәлім береді. Спикерлер өз тәжірибесі мен табысқа жеткен тарихын жастармен бөлісіп, жоба жасап, жүзеге асырудың қазіргі уақыттағы қиындықтары туралы айтып береді.

Айта кетейік, жазғы лагерьдің мерзімі үш кезеңге бөлінген. Әр кезеңде 200 қатысушы жиналады. Лагерьде тұру және білім алу тегін. Бірінші кезең 3-11 шілде аралығында өтті, екінші кезең 13-21 шілде аралығында өтіп жатыр. Ал үшінші кезең 23-31 шілде аралығында өтпек.

Барлық қатысушы өз жобасын келесі негізгі бағыттар бойынша әзірлейді: азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа салалары. Әр командаға тәжірибелі тәлімгер-ментор тағайындалып, олар жастарға, идеяларын қалай жетілдіруі керек екені жөнінде жол сілтеп, кеңес береді.

Зерендіктер жобаға қатысты интеллектуалды жұмыстардан бөлек, күнделікті белсенді спорт секцияларына қатысады. Әр таңда, сағат 7-ден 8-ге дейін командалық спорт жарыстарына қатысып, кешкісін бәріне ұнайтын FireTime (алау маңындағы кездесу) уақытында ынталандырушы спикерлермен өз идеялары мен жоспарларын талқылайды.

Лагерьдің мақсаты – нақты іске асатын, орнықты, әлеуметтік бағыттағы бизнес жобаларды Қазақстанның барлық өңірінде ашу. Лагерь жастардың өзін өзі көрсетуіне көмектесіп, жастардың, соның ішінде ауыл жастарының экономикалық және әлеуметтік сатыларға қол жеткізуіне қолдау білдіру үшін ашылған.
Зерен лагері жобасы тәмамдалған соң сарапшы қазылар қатысушылар жасаған  жобалардан ең үздігін іріктейді. Үш маусымның жалпы жүлде қоры 15 млн теңге.

Айта кетер бір жайт, 3-11 шілде аралығында өткен бірінші маусымның қорытындысы бойынша 5 үздік жоба таңдалды, жобаларды жүзеге асыру үшін, 7 млн теңге салтанатты түрде табыс етілді.