Таразда «Сағат» стеласының құрылысы басталды

Тараз қаласында шаһар тұрғындары мен қонақтарының көзқуанышына айналатын тағы бір сәулетті нысанның құрылысы басталды. Өткен жылы бұрынғы көк базар маңындағы тұғырдан облыстық әкімдік алдына қойылған жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткішінің орнынан көп ұзамай «Сағат» стеласы бой көтермек, – деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.

Таразда «Сағат» стеласының құрылысы басталды

Апта басында басталған құрылыс жұмыстары қазір қарқын алған. Мұнда «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары ескерткіш аумағындағы көгалды қазып алып, тазалаумен айналысуда. Жұмысқа 12 адам, 1 техника жұмылдырылған. Ойылған шым «Жастар» аллеясын көгалдандыру, көгеріштендіруге пайдаланылады.

Нысан облыстың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға беруді жоспарлануда. Стеланың биіктігі 40 метрге жетеді. Оның әр қабырғасына биіктігі 4 метр болатын 4 сағат орнатылады. Демек, бұл нысан қаланың кез келген бұрышынан көзге түседі. Ал стеладағы қоңырау 1 сағат сайын белгі беріп тұрады. Сыртқы әрлеу жұмыстары толығымен шығыстық нақышта жүргізіледі. Сондықтан мұнда «Самарқан кірпіші» сынды ерекше құрылыс материалдары пайдаланылмақ.

Шынында, қаланың осы бір тұсы 2 мың жылдан астам тарихы бар Тараздың өткенінен хабар беретін нысандардың бой көтеруімен ерекшеленбек. Демек, дәл осы аумақта салынған «Сағат» стеласы өткен мен бүгіннің, болашақтың арасындағы берік дәнекерге айналатыны анық.