Астана ажарын бетон тіреу бұзып тұр

Нұр-Сұлтандағы LRT (жеңіл рельсті көлік) желісінің құрылысы тоқтатылатыны туралы ақпарат тарағалы жұрттан дегбір қашты. Бұл тақырып әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр.

Астана ажарын бетон тіреу бұзып тұр

Ең қызығы, салмақты сарапшылар бұл жобаның болашағын екі-үш жыл бұрын болжағанда ешкім мән бермеген еді. Енді келіп, осынау қымбат жобаның Қытай тарапымен жасалған келісімшарт талабы да қатал екенін айтып, жаға ұстап отыр.

Жоба ішкі көзден қаржыландырыла ма?

Қала әкімінің Үкімет отырысындағы баяндамасынан кейін-ақ БАҚ өкілдері LRT құрылысын үйлестіруші тараптың түсініктеме беруін сұрады. Жауап жазбаша таратылды. «LRT жаңа көлік жүйесі. 1-кезек» құрылысына қатысты келесіні хабарлаймыз: Қазақстан мен Қытай тараптары арасындағы келісімде жоба Қы­тайдың мемлекеттік даму банкі (бұдан ары – ҚМДБ) арқылы алынған қарыз есебінен қаржыландырылатыны көзделген. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының бір бөлігі аяқталды және қаржыландырылды. Қазіргі уақытта өзара талаптарды нақтылау мақсатында, жобаны қаржыландырудың уақытша кідіруін тудырған Қытай консорциумы мен ҚМДБ арасында қаржыландырудың келесі транштары келісіліп жатыр. Сонымен қатар жобаға жүктемені төмендету және қаржыландыру шарттарын жеңілдету мақсатында әкімдік ҚР Үкіметімен бірлесіп ұлттық валютадағы ішкі көздер есебінен жобаны одан ары іске асыру нұсқаларын қарастырып жатыр», – деген жауаптағы «жобаның ішкі қаржы көздерінен қаржыландырылуы мүмкін» деген сөйлем бізді елең еткізді. Неге? Ол туралы сәл кейінірек. Сөз басында айтқанымыздай, сарапшылар бұл жобаның болашағына күмәнмен қарап келеді. Мәселен, қаржыгер Financial Freedoom-ның негізін салушы Расул Рысмамбетов 2017 жылдың 1 қазанында Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында Қазақстан премьер-министрінің Қытай даму банкімен 1,6 млрд АҚШ долларлық шартқа қол қойғаны, сол арқылы Қазақстан азаматтарына қытай банкісі алдында қаржылық міндетті жүктеп қойғанын жазған болатын. «Егер Қытай банкі алдындағы қарызды Астана LRT төлей алмаса, оны біз бюджеттен төлейміз», – деген қаржыгер бұл жобаның өзін-өзі ақтамайтынына дәлел де келтірген. «Бұл жобада жолаушы тасқынын ешкім ескермеген. 1,6 млрд доллар қарызды жабу үшін LRT-ны бірнеше жыл жөндемеу керек, компания жұмысшыларына жалақы төленбеуі тиіс және астаналықтар 4,7 млрд рет 100 теңгеден билетке төлеуі тиіс. Яғни, егер күніне бұл көлікті 100 мың жолаушы пайдаланар болса, 47 мың күн керек болады, бұл – 128 жыл. Күніне 200 мың жолаушы қызметін тұтынса, онда 64 жылда қарыздан құтыламыз. Салыстыру үшін айтсақ, Цюрих трамвай паркінің 13-14 мар­шрутында жылында 210-230 млн жолаушы тасымалданады. Бұл күніне 600-1000 жолаушы деген сөз. Ал LRT жобасы ешуақытта табыс әкелмейді», – деген болатын. Апта басталғалы әлеуметтік желіде жазылған жазбалардың басым бөлігі осы пікірмен үндес. Мәселен, әлеуметтік желі белсендісі Азамат Кеңесұлының пікірінше, бұл жобаны мүлдем тоқтатуға немесе белгісіз мерзімге консервациялауға болады. – Себебі, астанада жерүсті метросына деген мұқтаждық жоқ. Халық саны екі есе көп Алматының метросы жартылай жүктелген. Оның қасында кішкентай Нұр-Сұлтанға не жоқ?! Бұл – кезінде EXPO құрылысының буымен басталып кеткен жоба. Елімізде мұндай жобаның керегі жоқ, ретсіз басталған (зауыт, фабрика т.б.) құрылыстар көп. Олардан үнемделген қаражат әлеуметтік саланы анағұрлым жақсартар еді. Бізге Нұр-Сұлтанның қиқа-шиқа, әр көктем сайын ойқыш-ұйқыш болып қалатын жолдарын жөндейтін технология әкелу керек. Астананың шеткі аудандарын ретке келтіру керек, – дейді ол.


Жоба үшінші рет тоқтатылды

 LRT жобасын жіті зерттеген заңгер Нұрзат Байбосыновтың айтуынша, жеңіл-рельсті көлік салу туралы алғаш рет 2005 жылы қабылданған «Астананың жаңа көлік жүйесі» бағдарламасында аталған. Сөйтіп 2008 жылы ЖРК салу жос­парланды. Бірақ жоба құрылысы 2009 жылдың соңына жылжытылды. 2011 жылы символикалық тұрғыда құры­лысы басталғандай болғанымен, 2013 жы­лы жоба тым қымбат деген себеппен тоқ­татылды. 2015 жылы жобаны қайта қол­ға алып, EXPO көрмесіне дейін аяқ­тау міндеті қойылды. Ең қызығы, құ­ры­лыс жұмыстары қағаз жүзінде 2017 жылы мамырда басталды дегенімен, негізгі жұмыс сол жылдың күзінде, көрме аяқталып жатқанда қолға алынған. ЖРК осы жылдың соңында аяқталуы тиіс болатын. Алайда жоба биыл аяқталмайтынына апта басында көз жеткіздік. Сарапшылардың қай-қайсысы да бұл жобаға ашықтық жетіспейтінін айтады. «Былтыр осы жоба туралы зерттеу жүргізгенімде, компания сайтында да, мемлекеттік мекемелер реестрінде де компанияның қаржылық есебі болмай шықты. Корпоративті басқару құжаттарын да таппадық. Ұйымды дамыту стратегиясы да жоқ. Стратегияны мемлекеттік кәсіпорындар реестрі порталында тапқандай болған ем, атауы жазылғанымен, ол сілтемеден де ештеңе шықпады. Қысқасы, LRT құрылысына жауапты компанияның қызметі туралы жылдық есеп еш жерде жоқ. Алысқа бармай-ақ, көрші Ресейдегі 19 шақырымға созылған «Қырым көпірі» жобасын алайық. Керченск бұғазына салынған көпір Ресейдің Краснодар аймағы мен Қырым жартылай аралын байланыстырады. Міне, осы жоба туралы жоба құны, құрылыс мерзімі, құрылыс кезеңі, әр кезең бойынша құрылыс есебі, қаржылық есеп, жоба қатысушылары, жоба картасы туралы барлық ақпарат компания сайтында ашық жарияланған. Францияда салынып жатқан ғасыр жобасы – Grand Paris Express туралы ақпаратты да құрылыс компаниясының сайтынан оңай табасыз. Жерасты метросының 68 стансасын салу үшін Париж айналасында 200 шақырым тоннель қазылатын жобаға жауапты компанияның сайтында жобаға жұмсалатын әр тиынның есебі жарияланады. Ал LRT жобасының үйлестірушісі – «LRT құрылысына жауапты компанияның ресми сайтында (clrt.kz) біз атаған мәліметтердің арасынан жоба қатысушылары, жоба картасы мен құрылыс кезеңі туралы ақпарат қана бар. Ал компания туралы бөлімде жобаның маңызы туралы жазылған. Компания туралы түк таппайсыз», – дейді Н.Байбосынов. Оның пікірінше, «LRT құрылысы дирекциясы» ЖШС ресми сайтын Қаржылық ашықтық туралы кодекс ережесіне және инфрақұрылым жобаларының қаржылық ашықтығы жөніндегі анықтамаға (жоба құны, құрылыс мерзімі, осы кезеңдегі жағдай бойынша есеп, қаржылық есеп, жоба барысындағы өзекті жаңалықтар) сәйкес ретке келтіруі керек. Аталған кодекс пен анықтама талабына сәйкес, халықпен кері байланысты жолға қоюы керек. Ол бөлімде бос жұмыс орындары, инфрақұрылым жобасы шеңберінде тәжірибе жинақтау бағдарламасы, жастарға арналған мәдени және білім бағдарламалары туралы ақпарат жария­лануы тиіс. Әзірге мұның бірі де жоқ. Компания осы қылығымен-ақ заң талаптарын бұзып отыр.

 LRT құрылысы жалғаса ма?

Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, бұл жобаны орындау үшін әу баста қытай мен француз компаниясы ұсыныс жасаған. Қытай тарапы 1,887 млрд доллар баға ұсыну арқылы жобаға қол жеткізді. Француз компания­сы жобаны 2,3 млрд еуроға салып беруді ұсынып, конкурста жеңіліп қалды. «Құрамында China Railway Asia – Europe Construction Investment Co., Ltd, Beijing State – Owned Assets Management Co., Ltd, China Railway No.2 Engineering Group Co., Ltd компаниялары бар Қытай консорциумынан тауар, жұмыс пен қызметті «Астана» қаласының жаңа көлік жүйесі» бағдарламасы шеңберінде «Астана LRT» сатып алатын болды. Келісімшарт EPC (engineering, procurement, construction – жобалау, сатып алу және құрылыс) түрінде жасалды. Яғни, Қытай банкі жобаға құятын ақшаны Қытай банкіне береді, ал ол ақшаға қазақ тарапы кепіл болады», – дейді ол. Қытайдың банкі Қытай компаниясына ақша аударады, оған қазақ тарапы кепіл болады. Қызық формула. Бұл инвестиция талабына сай келе ме деген сұрақ та жоқ емес. Әзірге айтпағымыз бұл емес. Қытай консорциумымен «Астана LRT» жұмыс істеуі тиіс еді, алайда көп ұзамай Астана әкімдігі оның орнына LRT дирекциясын құрып, LRT құрылысын соған тапсырды. Дирекция жұмысын LRT құрылысының сапасын тексеруді бастауы қытайлық консорциум наразылығын туғызған көрінеді. «Меніңше, Қытай тарапы жобаның бағасын көтеруді немесе қазақ тарапының да өз қаржысын құюын ұсынып жатыр. Мұндайда қазақ тарапы консорциум мен Қытай даму банкімен үшжақты келісімшартты бастауына болады. Ол шартта Қытай тарапы шартты орындамаған жағдайда кепіл мен займ шарттары қайта қаралатыны қарастырылады», – дейді ол. Қаржыгердің пікірінше, енді қала әкімдігі LRT бойынша баспасөз мәслихатын өткізіп, мәселенің жілігін шағып тұрып түсіндіруі керек. Әкімдік үнсіз қалған сайын, халық жазғыра береді. Түсініктеме бермесе, ұпайын жоғалтады. Одан да барлығын ашық айтсын. «Ал LRT құрылысы уақытша тоқтап тұрғанда бүгінге дейін атқарылған жұмысқа аудит жүргізіліп, бетон тіреулерінің беріктігін тексеріп алған маңыз­ды. Бастысы – бастаған істі соңына жеткізіп, LRT құрылысын аяқтау қажет. Астана орталығындағы алып бетондарды қопарып шығарып тастау да арзан тұрмайды», – дейді. Сондықтан бетон тіреулер мен қаңылтыр қоршаулар ажарлы аста­намыздың көркін бұзып, бетін безеу басқан адамның кейпіне енгізбей тұрғанда оң шешім қабылдағанымыз жөн-ау… 


 Халима БҰҚАРҚЫЗЫ