«Ұлттық тәрбие тұжырымдамасы» жасалмақ

Газет мақаласы "Айқын" газеті №130

Шымкент қаласы биылғы 2019-2020 оқу жылын 253 мемлекеттік, 445 жекеменшік білім беру ұйымындағы «Ұлттық тәрбие тұжырымдамасын» жасауды 294 мыңнан астам білім алушымен бастамақ. Бұл ақпарат Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында өткен BILIM jane GYLYM конференциясында айтылды.

«Ұлттық тәрбие тұжырымдамасы» жасалмақ

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов тамыз конфе­рен­­циясындағы кіріспе сөзін Мағжан Жұмабайұлының «Алты алаш бас қосса, төрдегі орын мұға­лім­дікі» деген қанатты сөзі­мен бастады. «Алаштың көшін өрге сүйрейтін қайыспас қажыр­лы мұғалімдер біздің болашағы­мыз – бала­ларды тәрбиелеп, ел­дің ертеңін қамтамасыз ететін ең қадірлі жандар», – деді ол. Соны­мен қатар балаларды сәби кезі­нен рухани құндылықтарға баулып өсіру қажетін айтқан қала бас­шы­сы оқушылардың руха­ни дамуын жетілдіру, ұлт­жанды­лық­­қа, мәдениетке тәр­бие­леу мақса­тында үшжыл­дық «Ұлттық тәрбие тұжырымдама­сын» жасауды тапсырды. Әдебиетке кітап әлеміне құштар болып өсу үшін мектептерде әдеби кештер, жергілікті ақын-жазушылармен жиі кездесулер ұйымдастырудың пайдасы көбін де атап өтті. Ұс­таз мәрте­бесі мен білімнің сапа­сын көтеру жайын қозғаған әкім, ең алдымен, мек­теп айна­ла­­сын пайдакүнем бизнес­мен­дер­ден арылтуды сөз етті. «Жа­сы­­­ратыны жоқ, мектеп фор­ма­сы жыл сайын жаңа оқу маусы­мы басталғанда үлкен шу­дың басы болып келеді. Себе­бі, біздің тұрмысымызда әлеу­меттік шиеленістер, жағдайы төмен отбасылар бар екенін жақсы біле­сіздер. Мектеп оқушылары­ның формасы әр мектепте әр­түр­лі. Мектептердің әрқайсы­сы өз формасын бекітіп алған. Мәселен, ата-ана үйінің жанын­дағы лицейге баласын оқытқы­сы келсе, ол лицейдің оқушы фор­ма­сы тым қымбат тұрады. Әлеу­меттік наразылық осын­дай­­дан туындайды. Бұл жерде мектеп оқушыларының да фор­масын бірыңғай жүйеге көшіру керек. Мектеп форма­сын биз­нес­ке айналдырып, ақша табу­дың көзі қылуды доғару керек», – деді Ерлан Қуаныш­ұлы.

Конференция барысында жаңа оқу жылына қойылған мін­дет­тер мен мақсаттар баян­дал­ды. Ал Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Текебаева білім саласындағы жетістіктер мен алдағы атқарылар жұмыс­тар­ға тоқталды. Биылғы оқу жы­лына мегаполистің білім сала­сына бюджеттен 77 млрд тең­геден астам қаржы бөлініп, ол былтырғы жылмен салыс­тыр­ғанда 26 пайызға артқан. Жуырда 4 жаңа мектептің есігі бала­ларға айқара ашылмақ. Жыл соңына дейін үш ауысымда оқытатын мектептердің алтауы­ның мәселесі шешілмек.

Мекемелердің жылыту жүйе­лері қысымдаудан өткі­зіліп, білім ұяларына қатты және сұйық отын толық жет­кізілген. Жылыту маусы­мына сақадай сай. Айта кетейік, биыл мектеп­ке дейінгі мекемелер саны 8 пайызға арт­қан. Мем­лекеттік бағдарла­ма­лар аясында ашылып жатқан меке­мелердің барлығы да талапқа сай жабдық­талған.

Конференцияда белгілі болғанындай, ағымдағы оқу жылынан бастап 1-10 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқы­тыл­мақ. Мегаполис педа­гог­терінің 94 пайызы жаңартылған білім беру бағдарламасына сәй­кес білік­тілікті арттыру курс­тарынан өткізіліпті.

Шымкент қаласындағы 29 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 28 897 студент білім алып жүр. 7 колледжде дуальды оқыту жүйесі ендіріл­ген. Биыл ҰБТ-ға қатысқан 5 463 оқушының орташа ұпайы 85,3-ті құраған.

Миллион тұрғыны бар Шым­кент қаласында 5 454 оқу­шы мемлекеттік тапсырыс ая­сын­да 11 жекеменшік оқу ор­нында оқып жүр. Жаңа оқу жылынан бастап 130 мектеп жан басына қаржыландыру жүйесіне көшпек.

Қаланың бас ұстазы соны­мен қатар, білім беру меке­ме­ле­рінде әлеуметтік жағдайы төмен 30 697 бала тіркелгенін атап өтті. «2019 жылы жалпыға міндетті білім қорына 1 млрд 152 млн 170 мың теңге қаралған. Ол қаржыға әлеу­меттік жағдайы төмен отба­сынан шыққан 13 841 оқушы ыстық тамақпен, 7 241 оқушы жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалыспен қамтылды және 9 272 оқушыға «Мектепке жол» акциясы барысында көмек көрсетілді» деп атап өтті ол.   Биыл жазғы демалыста қала мектептері оқушыларының 88 пайызы демалыспен қамтылған.

Жиын барысында білім са­ла­­сында үздік жетістіктерге жетіп, біліктілігімен ерекше­лен­ген бірқатар ұстаз министр­ліктің және қала әкімінің алғыс­хаты­мен марапатталды.

 

Е.МҰРАТБЕК, 
Шымкент қаласы