Абаттанған Арыс

Газет мақаласы "Айқын" газеті №160

Түркістан облысына іссапармен келген «Самұ­рық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бас­қарма төрағасы Ахметжан Есімов облыс әкімі Өмір­зақ Шөкеевпен бірге Арыс және Түркістан қалала­рын­дағы құрылыс нысан­дарын аралады.

Абаттанған Арыс

Алдымен қор қаржылан­ды­руымен күрделі жөндеуден өткен «Ақнұр» балабақшасында болып, балғындармен тілдесті. 65 жыл бұрын кірпіші қаланған ғимарат апат кезінде зардап шеккен. Бұдан кейін батырлар аллеясын жаяу аралап өтіп, Арыс қала­сының ақсақалдарымен кез­десті. Жергілікті қариялар риза­шылығын білдіріп, ақ батасын берді.

«Құрылыс сапасын тұты­нушы білер. Бастысы – халық ризашылығы. Осының бәрі тірліктің көзін тауып, басқарып отырған басшыларыңыздың арқасында», – деді «Самұрық-Қа­зына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Арыс ақсақалдарымен кездесу кезінде.

Сондай-ақ Өмірзақ Шөкеев пен Ахметжан Есімов толықтай жаңартылған теміржол вокза­лын­да болып, күрделі жөндеуін тексерді. Арыстықтар аймақ бас­шысы Өмірзақ Шөкеев пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасын 1 200 орын­ды жаңа стадионда өтетін доп додасында қарсы алды. Өмірзақ Шөкеев пен Ахметжан Есімов жас спортшылармен бірге фут­бол алаңында доп теуіп, ойынды ашып берді.

Айта кету керек, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қа­ла­дағы 68 нысанды қалпына кел­ті­руге қол ұшын созып, 53 білім беру нысаны, 8 денсаулық сақтау, 4 спорт, 3 қоғамдық орын ныса­нын толық жөн­деуден өткізді. 16 мектеп жаңа жиһазбен қам­тамасыз етілді. Бүгінде 64 ны­сан ел игі­лігіне берілді. Тағы 4 ны­санның құ­рылысы жүріп жатыр. Түркістан қаласындағы 7 әлеу­меттік жоба да қор қолдауында. Олардың құ­рылысымен та­нысқан «Са­мұ­рық-Қазына» АҚ бас­қар­ма тө­рағасы, Оқушылар са­райы, 7 000 орынды стадион, Кон­­гресс орталығы, Қ.Ясауи мұ­ра­жайы мен амфитеатрда болды.

Ахметжан Есімов пен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ынты­мақтастық туралы меморандум­ға қол қойды. Оған Түркістан облысын газдандыру, энергетика кешені мен электронды сауда мен пошта желісін дамыту, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, Smart City дамыту және облыста әлеу­меттік нысандарды салу сияқты 9 бағыт кіреді. Жоба ақылды қала (Smart City) Арыс және Түркістан қалаларын сервистік үлгі бо­­йынша дамытуға арналған. Осы бағдарлама аясында қор Түркіс­тан облысындағы 97 мектеп пен ауруханаға дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін және радиожелілерді салуды және Арыс қаласындағы 12 мек­тепте, 2 ауруханада, 2 бала­бақ­шада 400 бейнебақылау каме­раларын және 50 WiFi нүктесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, өңірдегі энергетикалық кешеннің даму тақырыбы сөз болды. Жақын уақытта қуаты 220кВ жаңа қосал­қы стансаның құрылысы жүзеге аспақ, оған кернеуі 110 кВ жергі­лікті тарату электр желісі қосы­латын болады.

«Бұл дайындалған мемо­рандум алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық да­муына және халықтың әл-ауқа­тын көтеруге өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев.

Меморандумның басым бөлігі сатып алу мәселесіне, атап айтқанда импорт алмастыру және жергілікті қамтуды дамы­туға арналды. Қор ұзақмерзімді келісімшарт жасасу арқылы Түркістан облысында жаңа өн­дірістерді құруды көздейтін жобаларға қолдау көрсетеді.

 

Түркістан облысы