Қазақ жиһазы неге жадау?

Жиһаз – үйдің көркі. Баспананың жарасымды, жайдары, жайлы болуы да соған байланысты. Қазақстанда жиһаз өндірісімен 1 216 кәсіпорын айналысады. Олардың арасында бір де бір алпауыты жоқ. Басым көпшілігі – жұмысшыларының саны елуден де аспайтын шағын кәсіпкерліктер.

Қазақ жиһазы неге жадау?
Фото: Интернеттен алынды

Ал қызметкерлерінің саны 51 мен 250 адам ара­лығын­да құбылатын небәрі 6 орта кәсіпорын ғана бар. Салдарынан, IKEA, Vitra, ­Steinhof, MFI, B&B, Angel Cerda және басқа да жаһандық жиһаз ісі­нің лидерлері қатарына Қазақ­стан­ның қосар бір де бір бренді, өкі­лі жоқ. Дүниежүзілік деңгейді айт­пағанда, еліміздегі жиһаз саты­ла­тын ірі сауда орталықтарын ре­сей­лік, бела­рустық, түркиялық және қытайлық жиһаздар жаулап алған. Бұл кейде сорақы жайттарға соқтырып та жатады. Мәселен, бірінші кезекте мемлекеттік мүддені басшылыққа алуға тиісті әкімдіктердің бірі 2018-2019 оқу жылы үшін 28,8 миллион теңгеге мектеп парталарын Беларусьтен алғызыпты. Себебі, техникалық спецификация және келісімнің шарттары бойынша бұл парталар 20 күн ішінде жеткізілуге тиіс болған. Ал жиһаз өндірісімен ай­на­лысатын жергілікті 50 кәсіп­орынның ешқайсысы осынша қысқа уақыт ішінде екі мыңға жуық партаны жасап үлгеру мүмкін болмайтынын айтқан екен. Қазақстандағы осы нарықта 25 мемлекет өнімін өткізеді. Ең көп көлем Ресей, Беларусь, Қытай және Түркиядан әкелінеді. Одан кейінгі орындарда Италия, Гер­мания, Украина, Малайзия және Испания орналасқан. «Ондыққа» сондай-ақ Оңтүстік Корея кіреді. Отандық өнімдер болса, негі­зінен «тапсырыспен жасату» сег­ментіне көшкен. Оның өзінде өн­дірушілер ағаш тақтайынан бастап, қарапайым тұтқасына дейінгі қажетті материалдар көбіне Ресейден және басқа елдерден тасылатынын, ал Қазақстанда тек дизайн мен құрастыру ғана жү­ретінін мойындайды. Сарапшы­лардың айтуынша, бұған Қазақ­станның төл орман-өнеркәсіптік кешенінің жоқтығы себеп. Сал­дарынан, еліміз ағаш-тақтай ма­те­риалдарын (ДСП, ЛДСП, МДФ) өзге елдерден көп көлемде тасы­малдайтын әлемдегі он елдің қатарына кіретін көрінеді. Қазіргі уақытта елімізде үй іші­нің дүние-жабдықтарын жасаумен шұғылданатын өндірушілердің ең үлкен бөлігі – 780-нен астамы әр­түрлі тапсырыстарды орындауға маманданған. Тағы 250-ден астамы тек кеңселік және сауда саласына арналған жиһаз шығарады. 65 ком­пания тек асүй жиһаздарына бағ­дарланған. 47 ұйым орындықтар және отыруға арналған басқа да жиһаз түрлерін өндіреді. Матрас өндірісінде бар-жоғы 13 компания ғана қалыпты. Республикамызда жиһаз ұйым­дарының ең көбі Алматыда шо­ғырланған: жалпы саны – шамамен 345. Одан кейінгі орында екі еседей аз көрсеткішпен (180-нен астам) Астана тұр. Үштікті Қарағанды об­лысы (100-ден асады) тұйық­тайды. Айта кету керек, ресми статис­тикада, яғни, жиһаз жасау ісіне тартылған отандық 1 216 кәсіпорын қатарында «3 күн ішінде шкаф-купені дайын етемін», «тапсырыс бойынша арзан асүй» секілді хабарландырулар беретін, бірақ шынында өзі ештеңе кесіп-құ­растырмай, барлық тапсырысты сонымен айналысатын кәсіп­орынға тапсыратын мыңдаған делдалдар есепке алынбай отыр. Нақты жұмыс жасап тұрған орта кәсіпорындар негізінен Алматы облысында шоғырланған, бұлар – жұмысшыларының саны 201-ден асатын «P.T.Z» ЖШС, «КПК ZETA» ЖШС, «ZETA ИНЖИ­НРИНГ» ЖШС. Жалпы, отандық жиһаз өндіру­шілер – негізінен көпжылғы кә­сіпорындар: олардың 72%-ының 3 жыл және одан көп тәжірибесі бар. Ашылғанына тек 1-ден 3 жыл­ға дейін уақыт өткен кәсіп­орын­дардың үлесі – 19%. Қалған 9 па­йызы ғана – жаңа құрылған компаниялар. Қазақстандық бизнесмендер мемлекеттік тапсырыс өндірі­сі­міздің өркенін өсіріп, өрісін кеңейтеді деп үміт қылады. Әртүрлі бағалаулар бойынша мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемі жыл сайын шамамен 9-дан 25 миллиард теңгеге дейін жетеді. Мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық қаптаған құрылымдары, облыс, қала, аудан, кент, ауыл әкімдіктері кабинетті жаңартуға, ғимаратты жаңғыртуға жұмсайтын бюджеттік миллиардтар толығымен отандық бизнеске арна тартса, бұл саланың дамуына қуатты серпін берер еді. Әрі кәсіпкерлерге өндірістеріндегі жергілікті мазмұн үлесін арттыруға, қазір қалпымен шетелден импорт­талатын фурнитураны және басқа да құрауыштарды өзімізде өндіруге қол жеткізуіне ықпал етпек. Ел басшылығы айтып жүрген «қа­рапайым заттар экономикасы» идеясының мәні де осында. Әзірге отандық кәсіпорын­дар республиканың ішкі қажеттігін тек 25-30%-ға ғана өтеуде. 2017 жыл­­дың қорытындысында олар 1,69 млн бірлік жиһаз шығарған. Салыстыру үшін айтсақ, 2014 жылы мәселен, бұл көрсеткіш 1,78 миллион бір­лікке дейін жеткен болатын. Ал 2018 жылдың тоғыз айында 1,17 миллион дана жиһаз өзімізде өндірілген. Оның 2%-дайы ғана жат­жұрттарға жеткізіліп, жа­һан­дық «қара базарда» өткізілген. Жиһазшылар төл өндірісімізді ынталандыру үшін «Нұрлы жер», «7 – 20 – 25» және басқа да бағдар­ламалар аясында елімізде жасалған жиһазды сатып алу тетігін іске қо­суды ұсынады. Олар сондай-ақ жиһаз өндірісі бойынша ұлттық стандарт әзірленуге тиістігін ай­тады. Бұл жиһаз компанияларына сапаны арттыруда жол сілтеп, мемлекеттік сатып алуларға қаты­суға көмектесуі тиіс. Қазір бұл салада, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында «Жиһаз өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» (КО 025/2012 ТР) техни­калық регламенті әрекет етеді. Тех­регламент бірыңғай кедендік аумақта орындалуға және қолда­нылуға міндетті жиһаз өнімдеріне арналған ортақ талаптарды бекіту мақсатында әзірленді. Еуразиялық одақ байламына сенсек, бұл талаптар адам өмірін және денсаулығын, мүлікті, қор­шаған ортаны, жануарларды, өсімдіктерді қорғау, сондай-ақ тұтынушыларды жаңылыстыратын іс-әрекеттердің алдын алуды қамтамасыз ету үшін енгізілген. Техникалық регламент одақ аумағында сатылатын барлық жи­һаз өнімдеріне – тұрмыстық және қоғамдық орынжайларға ар­налған. Оның ішінде жеке тап­сырыс бо­йынша жасап шыға­рыл­ған жиһаз бұйымдарына, жинақ­та­рына, гар­нитурларға қолданылады. Тиісінше, ЕАЭО аясында, соның ішінде Қазақстанда жиһа­зын өткізгісі келетін шет мемле­кет­тер одақтың осы талаптарына бағынуы шарт. Соның бір нәтижесі болса керек, кейінгі бір жыл ішінде беларустық жиһаз қазақстандық нарықта Қытайды үшінші орынға ығыстырып, Ресейден кейінгі екінші тұғырға көтерілді. Техрегламент бойынша әрбір жиһаз бірлігі таңбалануы тиіс. Бұл ретте ЕАЭО-ның кедендік аума­ғын­да өткізілетін әр жиһаз бұйы­мында орыс тілінде және мүше елдің мемлекеттік тілінде жазылған таңбалаудың болуы талап етіледі. Таңбалау жиһаз бұйымдарына мықтап бекітілген қағаз этикетка немесе матадан жасалған құлақша (ярлык) түрінде болып келеді. Таңбалауда мыналар жазылуға тиіс: жиһаздың эксплуатациялық және функционалдық мақсатына қатысты аталымы (мысалы, диван, үстел); дайындаушының тауарлық логотипі (болған жағдайда); өнім жасалған елдің атауы; дайын­дау­шының атауы және орналасқан жері; оның және импорттау­шы­сы­ның атауы; заңды және нақты мекенжайы; жиһаздың дайын­далған күні; кепілдік мерзімі; қызмет ету мерзімі. Ең бастысы, жиһазда Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің нарығындағы «өнім айналымының бірыңғай белгісінің» болуы талап етіледі. Әйтпесе, тауар контрабанда са­налуы ықтимал. Одақ нарығында айналымға шығарылғанға дейін кез келген импорттық жиһаз өнімдері осы техрегламенттегі қауіпсіздік та­лаптарына сәйкестігін растаудан өтуге тиіс. Ол растау негізінен ресейлік компаниялар арқылы жүргізіледі. Егер тауар «қауіпсіздігі сертификаттау не декларациялау арқылы расталуға тиіс өнімдер тізбесіне» кіретін болса, онда ЕАЭО Кеден одағының серти­фи­катының және декларациясының болуы міндет. Онсыз жиһаз өнімін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде құрастыруға да, сатуға да тыйым салынады.