KPI зауытының құрылысы қарқын алды

Газет мақаласы Айқын" газеті №96

Атырау облысында, дәлірек айтсақ, облыстағы еркін экономикалық аймақта интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

KPI зауытының құрылысы қарқын алды

Журналистермен кездескен Kazakhstan Petrochemical Industries Inc (KPI) ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Оразбаев жобаның өндірістік қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жете­тінін хабарлады. Ке­шеннің өзі екі техно­логиялық бөлік­тен тұрады, бірінші – пропанды сутексіз­дендіру және пропи­ленді полимерлеу бөліктері. Бұдан өзге, кешенде жалпы зауыттың шаруашы­лы­ғына қатысты 32 нысан бар. Айта кетер­лігі, бір жыл бұрын басшылықтың ауы­суымен кешен құрылысының қарқыны артты.

– Сол сәттен бастап құрылысқа түзе­тулер енгізу және құрылысты дұрыс ұйымдастыру, құрал-жабдықтарды, материалдарды жеткізу және құрал-жабдықтарға тапсырыс жариялау мәселелері шешімін тауып, іс алға жылжыды, – дейді Қайрат Оразбаев.

Әуел баста жоба белгілі бір қиын­дық­тарға тап болғанымен, «Самұрық-Қа­зына» ұлттық әл-ауқат қоры жобаны жоспарланған мерзімде, яғни 2021 жы­лы пайдалануға беруді талап етіп отыр, – дейді кешен басшылығы. Қай­рат Оразбаев атап өткендей, қазір құрылыс жұмыс­та­ры жоспарға сай жүріп жатыр, және жо­баны жүзеге асырудағы прогресс 34%-ға жеткен. Ал 2017 жыл­дың 27 қа­рашасы мен 2018 жылдың 28 мау­сымы аралығында бұл көрсеткіш 6% болатын. Мұнай өңдеуші зауыттарды қайта жаңғырту кезіндегі тәжірибесінің арқасында «Самұрық-Қазына» Қазақ­стан­ның тәуелсіздігі тарихында алғаш рет осындай ірі жобаны ұлттық компа­нияның күшімен жүзеге асырып жатыр.

– Қазір нысандардың барлығында бас-аяғы 2 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр. Айта кетерлігі, жұмысшы­лардың 90 пайызы – қазақстандық ма­мандар. Қазір Қазақстанның компа­ния­лары шетелдік компаниялармен тең дәрежеде жұмыс істей алатынын сенім­мен айтуға болады, және олар жұмыстың сапасы мен қауіпсіздігіне толық жауап бере алады, – деп атап өтті KPI құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Талғат Қуқатов.

Кешен мамандарының айтуынша, жобалау жұмыстарының алға басуы 53 па­йызды құрайды. Өндірістік жұмыстар үшін 3 196 сызба әзірленіп, 3D үлгі­ле­рінің 67 пайызы қаралып бітті. Жуырда, 19 маусым күні 3D үлгілердің 90 пайызы қаралып, мақұлданған соң темір құбыр­лардың сызбалары беріледі. Ал, бұл дегеніміз – жұмыс құжаттамасының аяқталғанын білдіреді.

Құрал-жабдықтарды жеткізу жұ­мыстары бойынша прогресс 34 пайызды құрайды, ұзақ мерзімде дайын болатын 123 түрлі құрылғыны сатып алу үшін тапсырыс берілген. Құрылғының басым бөлігі Еуропа өндірушілерінен сатып алынады. Алайда ең ірі колонна – сплит­тердің тапсырысы «Атырау­Мұнай­Маш» зауытына түскен. Құрылғы қыркүйек айында әзірленіп бітеді деген болжам бар, содан кейін ол нысанға жеткізіліп, орнатылады. Бұл – бүгінгі таңда Қазақстан бойынша тапсырыспен жасалатын ең ірі құрылғы болып отыр, тіпті мұнайды қайта өңдеу зауыттары үшін мұндай ірі құрылғы елімізде дайындалмаған.

Негізгі құрылғыларға тапсырыс беру бойынша прогресс бүгінгі таңда 91 па­йыз­ға жетіп отыр, қосалқы құрыл­ғы­лар­ға да тапсырыс беріліп жатыр. 2019 жы­­лы барлық құрал-жабдық бойынша өнді­руші кәсіпорындарға тапсырыс беру аяқталады деген жоспар бар. Логисти­калық қызметтер үшін Қашаған және Те­ңіз жобаларына өте үлкен жабдықтар­ды жеткізген қазақстандық компаниялар тартылған. Баса айта кетерлігі, бүгінгі таңда құрылыс алаңында құралдарды уақытша сақтайтын жеке қойманың құрылысы аяқталуға жақын, құрал-жабдық мұнда тазаланып, кедендік рәсімдеуден өтеді.

Журналистермен әңгімелескен KPI басшылығы жоба бойынша қазақстан­дық үлесті дамытуға көңіл бөлініп отыр­ғанын атап өтті. Мысалы, бүгінгі таңда жобаға құрал-жабдық әзірлейтін екі ірі зауыт тартылған, Петропавлдағы ауыр машина құрылыс зауыты мен Ақтаудағы Sewon Vertex ЖШС зауытына отыз дана сұйықтық сақтайтын құрал мен бес жылу алмастырғыш құралға тапсырыс берілген. Бұнымен қатар, 22 мың тонна металл конструкциясының 9 мың тоннадан астамы Қазақстанның жеті зауытында шығарылады.

 

Еламан ЖУСАНОВ