Алматыда нейрореабилитациялық орталық құрылады

Газет мақаласы "Айқын" газеті №106

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен МакГилл университеті (Канада) медицина саласындағы ынтымақтастық және бірлескен нейрореабилитациялық орталықты құру туралы меморандумға қол қойды.

Алматыда нейрореабилитациялық орталық құрылады

Орталық №1 Қалалық клиникалық ауру­хана базасында құрылатын болады. Аурухана инфаркт пен инсульттерден, балалардың церебральды салынан және нейрогенеративті аурулардан кейін ерте оңалтуға мамандан­дырылған аурухана Қазақстанның жетекші ЖОО-ның бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқаруына берілген болатын.

Оқу жылының басында ҚазҰУ-ға Кана­дадан әлемге танымал профессорлар келіп, Қа­зақстандағы денсаулық сақтау саласы ма­ман­дары үшін практикалық семинарлар мен ше­берлік сыныптарын өткізеді. Олардың ішін­де: Майкл Шевелл – педиатрия факультетінің деканы және Монреаль балалар ауруханасының бас дәрігері; Аннет Мажнемер – деканның білім жөніндегі орынбасары, церебральды сал және медицинаны дамыту саласының жетекші сарапшысы; Ларри Си Лэндс – өкпенің ге­не­тикалық аурулары саласындағы белгілі ғалым және сарапшы, Медицина факультетінің пе­диатриялық пульмонология бөлімінің мең­ге­ру­шісі, муковисцидоз және өкпені транс­план­тациялау клиникасының директорлары бар.

Олар қазақстандық әріптестерін заманауи кешенді бағдарламалармен, ауруларды емдеу мен оңалтудың дәрі-дәрмектік және дәрі-дәрмектік емес әдістерімен таныстырып, озық тәжірибемен және адамның жүйке жүйесі ауруларын зерттеу нәтижелерімен бөліседі.

МакГилл университетінің мамандары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ нейрореаби­ли­та­ция­лық орталығының қызметіне, нейродегенера­тивті ауруларды емдеу мен оңалтудың жаңа тех­нологияларының трансфертіне үнемі кеңес береді. Орталықтың құрылуы бірлескен зерттеу және ғылыми-білім беру жұмыстарын жүргі­зуге, ҚазҰУ-дың Медицина факультетінің сту­­денттерінің тәжірибелік дайындығын жүр­гі­зуге де мүмкіндік береді. Болашақта орталық меди­ци­налық туризм драйверлерінің бірі және ней­родегенеративті ауруларды емдеу мен оңал­ту жөніндегі Орталық Азия хабына айналуы тиіс.

Атап өту керек, ҚазҰУ-да «Каннам Севе­ранс» клиникасымен (Корея Республикасы) бірлесе ашылған медициналық диагностикалық орталық табысты жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың тамыз айында оңтүстік кореялық дәрігерлер кезекті рет Алматыға келіп, уни­верситет қызметкерлері мен қала тұрғындарына тегін кеңес береді.