Әлеужеліде әркім отыр, әкім де отыр…

Әкімдердің әлеуметтік желіге жаппай тіркелуін әлеумет әрқалай қабылдады. Бірі жөн десе, екіншісі әлеужеліден басқа жерде де өмір бар еді дейді. Әкімқаралардың өз аккануттарын өздері жүргізетініне күмәнмен қарайтындар да бар. Қалай десек те, әкімдер шоғыры әлеужеліге бас сұқты.

Әлеужеліде әркім отыр, әкім де отыр…
Фото: Интернеттен алынды

Әрине, бұған дейін де желі арқылы халықпен жұмыс істеген әкім-қаралар болды. Желідегі жұрт үшін кейін қосылғандарға қарағанда, солардың сүйкімі жоғары.  Соңғы жылдары желідегі әкім­дердің арасында белсендісі ретінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов аталып жүр. Желіге жеті жыл бұрын «бай­ланған» елорда басшысы­ның белсенділігі қала әкімі бол­ғалы тіпті арта түсті. Ал өзі мұны белсенділікке баламайды. БАҚ өкілдерімен өткен бейресми кездесуде «Facebook-тегі парақ­шамда жазба қалдырмасам да, қолым қалт еткенде мені тегтеген жазбаларды міндетті түрде қараймын» дегені бар. Шымкенттің әкімі Ғабидол­ла Абрахманов 2011 жылы Twitter-ге тіркелгенімен, әлеу­желідегі белсенділігін Тоқаевтың «тоқпағынан» кейін күшейткен секілді. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Instagram-да Көкшетау қаласын басқарып тұрғанда тіркелген екен. Желі қолданушылармен жұмыс істеуде ысылып қалған ол, наурызда облыс әкімі болып тағайындалды. Демек, әкім назар аударатын мәселенің геогорафиялық ауқымы кеңейе түсті. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Facebook желісінде наурыз айының соңында пайда болғанымен, парақшасын әзірге баспасөз хатшысы жүргізіп отыр. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Facebook-тегі парақ­шасында кәсіби қызметінен бөлек жеке өміріне қатысты қызықты жазбалар жазып жүр. Кейде бұл әкім блогерлерді жол­да қалдыратындай әсер береді. Себебі, өзі қатысқан шарадан фоторепортаж жариялайтын әкім сол суреттерді өзі түсіре ме екен деп ойланып та қаламыз. Әлеуметтік желіде ешқандай ресми парақша ашпаған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев­ты Telegram желісіндегі akimatatyrau тобынан тауып ал­дық. Бұл топта облыс тұрғын­да­ры­ның мәселесін шешуге бел­се­не қатысатын болып шықты. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановты Twitter-ден көре бастағанымызға көп бола қой­ған жоқ. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов – Instagram-ның белсенді пайдаланушысы. Жұмы­сы мен жеке өмірі туралы жазба­ла­рынан оның отбасындағы 11 ба­ланың 10-шысы екенін біл­дік. Анасы туралы әдемі естелі­гімен бөліскен әкім желі қолдану­шы­ларының қошеметіне бөлен­ген. Маңғыстау облысының әкімі Ера­лы Тоғжанов та Facebook желісінде белсенді болып жүр, кеше бірнеше пост жариялады. Сол сәтті пайда­ланып, мес­сенд­же­ріне сұрақ қал­дырдық. Сұ­рағымыз жауапсыз қалды. Әзірге әлеуметтік желілерде аккаунт ашпаған бес әкім қалды: Бауыржан Байбек (Алматы қала­сы), Даниал Ахметов (ШҚО), Ар­химед Мұхамбетов (Қостанай об­лысы), Қырымбек Көшербаев (Қы­зылорда облысы) және Өмір­зақ Шөкеев (Түркістан облысы). Әкім үшін қай желі тиімді? «Әкімдердің әлеуметтік желіге келуі – жақсы бастама. Диалогқа ашық азаматтық қоғам демо­кратияның ажырамас бөлігі. Халыққа әлеуметтік желі арқылы жақын болған шенеуніктің жаман болғанын көрмедік. Оны түсінетін де, жұмысынан қашып, құла­ғы­мыз тыныш болсыншы дейтін ше­неуніктер де жетеді. Халыққа жа­қын болған, байланысқа шық­қан дұрыс. Дегенмен Instagram өте ыңғайсыз коммуникация құ­ралы екенін айтып өтейін. Себебі, күніне мыңдаған коммент жазы­лады. Оның бәрін оқу, жауап беру, анализ жасау мүмкін емес. Әрине, белгілі сөздер мен нақты аккаунт­тар бойынша сұрып­тай­тын софт құралдар бар. Бірақ әр суреттің астында неадекват белгісіз аккаунт­тар мен орынсыз коммент өріп жүр», – дейді SMM маманы Нұрлан Жанай. Оның айтуынша, Twitter-ге тіркелген дұрыс, халықаралық аудитория, сауатты сарапшылар мен мықты журналистер бақылап отырады. Аудиториясы көп бол­ғаны үшін ғана Instagram-ға тір­келу түсініксіз. Саннан сапа ма­ңыз­ды деп санаса, Facebook-тен па­рақша ашуы керек деген пікірде. Саясаттанушы Талғат Қалиев­тің пікірінше, мүмкіндігі болса, барлық желіден парақша ашуға болады, тек балансты сақтаса бол­ғаны, әйтпесе, әлеужелі – уа­қыттың ұрысы. «Желіде ұзақ отыру негізгі жұ­мысқа кедергі. Егер достығымда әкімдер пайда болса, олардың па­рақшасынан атқарған және атқа­ра­тын жұмысы туралы оқығым ке­леді. Өңірлерде қандай да бір оқи­ға орын алғанда әкім де, по­ли­ция да жұмған аузын ашпай қояды. Сондай кезде әлеужелі шу­лап жа­тады. Сол сәтте желіні пай­дала­нып, осындай оқиға бол­ғаны рас, оны ретке келтіру үшін жұмыс іс­теп жатырмыз, жағдай ба­қыла­уы­мызда десе, халық са­быр­ға келеді. Мен үшін әлеужелі әкім­ге де, әлеуметке де сонысы­мен пай­далы болар еді», – дейді Талғат Қалиев. Желіден тыс жерде де өмір бар Талғат Қалиев әлеуметтік желі халықпен байланыс орнатудың ең төте жолы болғандықтан, әкім­дердің желіге тіркелуін қолдайды. «Әлеужеліге тіркелу әкімнің заманауи екенін көрсетеді, ал әкім­ге проблемамен жедел та­ны­сып, шұғыл шешуге мүмкіндік бе­реді. Бірақ әлеужеліге ғана бе­йім­деліп кетуге болмайды. Мен әлеуметтік желіде бармын, халық жұмысымды көріп отыр, лайк басты, демек жұмысым керемет де­ген ойға еріп кетпесе екен. Әлеу­­меттік желі байланыс жа­сау­дың бір жолы ғана, тек оны жұ­мысқа тиім­ді қолдана білсе бол­ғаны. Сосын әлеужеліге әкім­дердің бәрі тіркелуі шарт та емес. Мысалы, Астана мен Алматы тұрғындарының басым бөлігі әлеуметтік желіге шоғыр­лан­ған. Мұнда әкім үшін әлеуже­лінің пайдасы орасан. Ал өңір­лерде, әсіресе аудандарда әкімнің желіде отырғанынан пайда жоқ. Себебі, ол алқаптағы егіс жұмыс­тарын бақылап, далада жүруі ке­рек. Ауыл-аймақтағы жұрттың бәрі желіде емес, әкім ол жұртпен бетпе-бет кездесуі керек», – дейді саясаттанушы. Науқаншыл шенеуніктердің ісі Ал блогер Аршат Ораздың пі­кірінше, әкімдердің әлеуметтік желіге тіркелуі уақытша құбылыс. «Тіркелгісі келгендер, байла­нысқа ашықтары, өзіне сенім­ділері бұрыннан тіркелер еді. Ха­лықпен байланысты бұған де­йін өзге ресурстар арқылы жолға қойған әкімдер үшін әлеуметтік желіге тіркелу қажет те емес. Президент Тоқаев Twitter-ді бұрыннан қолданады, оның әр туиті – жаңалық. Instagram-ға тір­келуі ақпарат ауқымын кеңейт­кісі келгеннен болар. Өз басым жаппай тіркелулерді науқаншыл шенеуніктердің ісі ретінде бағалаймын. Демек өз инициативалары жоқ, бұйрық­-нұсқаумен ғана жүріп үй­ренген. Оларда тұрақтылық бол­майды. Осындайда «әкімдер аккаунт­тарын өздері жүргізе ме?» деген де сұрақ туады. Желіге бұрыннан тіркелген, желіде жазылған мәселелермен танысып отыратын әкімдер бар. Мысалы, жеке өзім Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлта­новтың, Бай­қоңыр ауданы әкімі Ерлан Қана­ли­мовтың, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар­дың өз аккаунттарын өздері жүргізетінін білемін. Әкімдермен кездесулерде мұны үнемі сұрай­мын. Сұлтанов БАҚ өкілдерімен кездесуде ак­каунтты қол астын­да­ғылардың жүргізуі дұрыс емес еке­нін айтқан еді, әркім аккаун­ты­на ие болуы керек. Бәлкім ештеңе жазбас, бірақ желіде жазылғ­ан­дарды кө­ріп, қадағалап отырады. Әлеу­мет­тік желі әкімдерге сол үшін керек, халықтың мұң-мұқ­тажы­мен, сын пікірімен, ұсыны­сымен танысу ма­ңызды. Мұны бұрыннан істе­ме­гендер енді еріксіз тіркелген бол­са, оларға күмәнмен қарай­мын. Ал науқанға ермей, тіркел­мегендер туралы айтарым, оларда халықпен байланыс жақсы жолға қойылған деген сөз», – дейді блогер. Әкім парақшасы тыныштандыру құралы емес «Сиқырлы SMM» кітабының авторы Нұрлан Жанайдың ай­туынша, онлайн белсенділіктен бө­лек оффлайндағы шаруалар да жү­йелі істелуі керек. Әйтпесе, он­лайнда бәрін қатыратын, өмір­де ешкімді жанына жуытпайтын басшылар да бар. Лайк, репост, коммент – бұл да бір SMM-нің бағалау көрсеткіші. Дегенмен осы әлеуметтік желілердегі жұмыстар өртті уақытша өшіретін профи­лак­тикалық шаруа емес, ұзақ мерзімге қарастырылған жүйелі, жан-жақты келісілген, маман­дар­мен ақыл­дасып шешілген стра­тегия болуы қажет. «Әйтпесе, әкімдіктердің бұ­рынғы парақшаларын бақылап жүрміз. Басы бар, аяғы жоқ, бір жерде тек орысша, қазақшасы жоқ, бірнеше парақша қатар ашыл­ған және парақшалардың аты жүйесіз кеткен», – деген ол әкім­діктердің SMM-ін жүргізу жолдарын ұсынды. Яғни, әкім­дік­тер 2-3 жылға (кемі 1 жыл) кон­тент стратегия құруы керек. Жұ­мыс қан­дай бағытта істеледі, маман­дарды қалай бекітеміз, олардың білімі мен тәжірибесі жете ме? Жұмыстың нәтижесін қалай өлшейміз деген сұрақтың жауабын анықтап алу керек. «Екіншіден, 3 айға (кемі 1 ай) контент-жоспар құру. Әлеуметтік желіде қандай тақырыптар қозға­лады? Қай тақырыптың аудито­рияға жеткенін қалай білеміз? KPI қалай болады? Қай контентке кім жауапты? Оны кім салады немесе автоматтандырыла ма? Уақыты қандай? Бұл жерлерде жалпы кон­тент не туралы болатыны жазылса, бір аптаға мәтін, сурет дайын алдын ала жасалып тұруы керек. SMM командада кемі 4 адам болуы керек. Баспасөз хатшы бұлардың жұмыстарын қадағалап, бақылап, есеп алып отырады. Facebook, Twitter-ге баспасөз хатшы жалпы жауапты болғанмен, тікелей оның шаруасы емес. Оның жанына кө­мекшілікке са­уатты SMM маман­дар (әлеуметтік желі хатшысы) алу керек. Cол 4 адам­ның ішінде са­бырлы, са­уатты, халықпен байла­ныс орната алатын біреуін тек комментке қоясыз (жуниор SMM маманы). Одан кейін түрлі топт­ар­мен, олар­дың контентімен жүйелі жұмыс істейтін коммьюнити менеджер. Ол сол топтағы ха­лыққа жақын, белгілі бір ортада абы­рой­лы адам болуы керек. Тарқатып айтсақ, блогер, жур­налистерді реттеп, солардың көңілін табатын адам. Үшіншісі дизайнер (опе­ра­тор, фотограф, видеомонтаж) – сапа­лы фото, видео, дизайнерлік ша­руаға жауапты болады. Төр­тін­шісі – стра­тегиядан бастап барлық жұ­мысты қадағалайтын, уақытылы пост шығаратын, сауатты, тәжі­ри­белі адам. Ол – сениор SMM маманы, яғни SMM команданың басшысы. Нақты кейстері, бұрын істеген жобалары бар адам болса, тіпті жақсы», – дейді. SMM – ойыншық емес. Са­лын­ған сурет, жазылған пост, ай­тылған әңгіме осында сақта­лады. Сондықтан осы бастан дұ­рыс, жүйелі әрі нақты қадам жа­салуы керек. Әлеуметтік желідегі әкім парақшасы уақытша пиар акция, халықты тыныштандыру, мани­пу­ляция құралы болып кетпеуі керек. Өйткені халық көзі ашық, көкірегі ояу, бәрін біліп, түсініп отыр.