Көтере алмас шоқпарды белге байлап…

Елдегі туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2016 жылы 1,3 пайыз болған екен. Отандық туризмді өрге сүйрейді деген EXPO халықаралық көрмесі өткен 2017 жылы бұл көрсеткіш 1,4 пайызға ғана жеткен. Ал 2018 жылдың 9 айында 0,9 пайызға құлдыраған.

Көтере алмас шоқпарды белге байлап…

Осылайша, сырттан келетін туристер саны 2011 жылдың бағдарламалық құжатында көзделген көрсеткішке жетпеген. Елге келген туристен шетелге демалуға шыққан қазақстандықтар көбейген. Бір жарым есе. Бұл жөнінде Есеп комитеті жүргізген мемлекеттік аудиттің қорытынды есебінде айтылады.

2,7 млрд доллар шетел туризміне кетіп жатыр

Есеп комитеті еске салмаса, отан­дық туризмнің мәселесін көтеруді ұмытқандай екенбіз. Себебі, жауыр болған мәселеден нәтиже шықпаған соң қайта айналып соғуға зауқың қалмайды. Алайда Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті мен Kazakh Tourism ұлттық компаниясын қам­тыған мемлекеттік аудитінің қорытындысы назарымды аудармай қой­мады. Сонымен, жыл сайын шетелге шығатын туристер санының ­шетелден біздің елге келетін турис­терден 1,5 есе көп болып шықты. Сервис қайда жақсы болса, саяхатшы сол жақты бетке алатыны белгілі жайт. Ал отандық туризмнің сервис сапасындағы кемшіліктердің салдарынан қазақстандықтар жыл сайын орта есеппен 2,7 млрд долларды шетелге шығаруға мәжбүр. Теңгеге шаққанда триллиондарды құрайтын ақшаны елімізде алып қалуға неге құлықсыз болдық? Тағы да сол Есеп комитетінің дерегінде ұлттық туристік өнімді қалыптастыруға, оны халықаралық және ішкі нарықта ілгерілетуге бөлінетін республикалық бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылып жатқаны айтылыпты. Мемлекеттік сатып алу саласында да бюджет заңнамасы сақталмаған. Мәселен, Туризм индустриясы комитеті республикалық бюджет қаражатын толық игеру кезінде ішкі және келу туризмі бо­йынша орналастыру орындарында (резиденттер мен резидент емес) қызмет көрсетілген келушілерге қыз­мет көрсетуді ұлғайту, елден тыс жер­лерде халықаралық туристік көр­мелер өткізу бөлігінде бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізе алмаған. Отандық туризмді дамытушы оператор – Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Даму жоспары мен стратегиясы болмаса да жұмыс істей берген. Компанияның жарғылық капиталы жарғылық қызмет үшін бейінді емес мүлік (сөрелер, фотоколлаж, подиумдар, панельдер) есебінен қалыптастырылған, олар пайдаланылмайды, Ұлттық музейдің жауапты сақтауында тұр. Туризмді орталық және өңірлік деңгейде ілгерілету саясаты «орталық-өңірлер» бойынша жайғастыру мен үйлестірудің бірыңғай саясатынсыз жүргізілген, кейбір іс-шаралар мен көрмелерді қайталау есебінен жүзеге асырылған. Бұл да Есеп комитетінің қорытындысы. Қысқасы, мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 460,1 млн теңгенің қаржы бұзушылығы анық­талды, оның 96,5 пайызы бухгалтерлік есеп жүргізу тәртібімен байла­нысты. Аудит барысында қаржылық бұзушылықтардың сомасы толық көлемде өтеліп, қалпына келтірі­ліпті. Бұдан басқа, аудит 678,4 млн теңгеге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануын, 1 564,1 млн теңгенің тиімсіз пайдаланылғанын және 43 рәсімдік бұзушылық болғанын анықтаған.

Kazakh Tourism: БАҚ жалған ақпар таратты

Біз өз кезегімізде Есеп комите­тінің аудиті жарияланған соң Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басшысы Рашид Күзембаев­қа ­ха­барластық. Рашид Талапұлы аудитке қатысты түсініктеме беруге бірден келісті, жауабын да сол күні кештетіп жөнелтті. Алайда ертесіне Kazakh Tourism ҰК басқарма төрағасы Рашид Күзембаевтың қызметінен өз еркімен кеткені туралы ақпарат тарады. Десе де, ұлттық компаниядан келген жауапты жариялауды жөн көрдік. Kazakh Tourism-нің баспасөз қызметінен келген жауапта осы аудит қорытындысына қатысты БАҚ арасында түсініспеушілік болғаны жазылған. Сөзбе-сөз келтірсек, «…бірнеше БАҚ Kazakh Tourism ұлттық компаниясының жұмысында табылған 1,5 миллиард теңге көлемінде қаржы бұзушылықтары туралы жалған ақпарат таратты. Негізінде, бұл бұзушылықтар ұлттық компанияның қызметіне қатысты емес және жалпы туристік салаға ба­ғытталған бюджетті тексерудің нәти­жесі болған. Нақты айтса, аталған 1, 460 млрд теңге көлемінде қаржы бұзу­шы­лықтар ішінде Kazakh Tourism ком­па­ниясына тікелей қатысты бір­де-бір тиын бұзушылық болмаған. Мемлекеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау мен қолдануға қатысты ескертулерге келсек, Есеп комитеті олардың қатарына мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылған бірқатар шараны қосты. Бұл жағдайда Компания тек мемлекеттік тапсырыстың атқарушысы ретінде әрекет еткенін атап өткен жөн. Ұлттық компанияға қатысты тиімді емес ұйымдық құрылым туралы және бірқатар басқа ескертулер болғанын жоққа шығармаймыз. Олардың көбі аудит барысында түзетілді, ал компания құрылымына келетін болсақ, қазіргі уақытта ол қайта қаралып жатыр. Айта кету керек, бастапқыда ұйымдық құры­лым бойынша компанияда 70 қызметкер болатыны көзделген, алайда штатты оңтайландыру нәтижесінде 40-50 қызметкер деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылданды. Ұлттық компанияның барлық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде жүргізіліп келе жатыр», – дейді баспасөз қызметі бізге жолдаған эксклюзив жауабында. Есеп комитеті Kazakh Tourism-нің Даму жоспары мен стратегиясы болмаса да жұмыс істей берген деген мәлімдемесіне айтар уәжі бар болып шықты. «Kazakh Tourism өз жұмысын 2017 жылдың соңында бастаған болатын, ал ұлттық компаниялардың даму стратегиялары 10 жылға арналып, сол онжылдыққа дейінгі жылдың 1 маусымына дейін әзірленуі тиіс. Бұл – арнайы ережелермен бекітілген. Осыған орай, Kazakh Tourism өзінің 2019-2020 жылдарға арналған Даму стратегиясының жо­басын әзірлеп, барлық мүдделі ор­ган­дармен келісіп, өткен жылы Ди­рек­торлар кеңесіне бекітуге шы­ғар­ған еді. Бірақ сол кезде 2019-2025 жыл­дарға арналған туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының әзірленіп жатқанын ескере отырып, Директорлар кеңесі екі құжаттың өзара үйлесуін қамтамасыз ету үшін, мемлекеттік бағдарламаның бекі­тілгенін күту туралы шешім қабылдады. Сондықтан осы жылы мемлекеттік бағдарлама қабылданған кезде, Ұлттық компанияның Даму стра­тегиясы да үйлестіріліп, белгі­лен­ген тәртіпте Директорлар кеңе­сі­нің қарауына қайта еңгізіледі. Ал стра­тегия бекітілгенге дейін компания қызметін ҚР туристік саласын да­мытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес атқарады», – дейді. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын жіті қадағалайтын Есеп комитетінің есебінен жаңылғаны туралы еш дерек есімізде жоқ. Олай болса, сол комитеттің айтқанымен толық келіспеген Kazakh Tourism басшысы қызметімен неге қош айтысты? Осы жағы түсініксіз.

Айға шапқан арыстанның қылығы

Туризмді дамытудың 2019-2025 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бірнеше рет талқыланып, таныстырылғанымен, әлі күнге қабылданған жоқ. Дәл осы бағдарламаның жоспарын әзірлеуге белсене қатысқандар қатарында Kazakh Tourism де бар. Аталған бағдарлама бағыттары бойынша инвестиция көлемі 2 трлн теңгені құрайды. Оның 70 пайызы жекеменшік инвестиция­дан тартылады, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады, оның ішінде 72 мың тұрақты жұмыс орны құрылады, елге келетін туристер саны 2025 жылға қарай жыл сайын 7 миллионнан 15 миллонға дейін жетеді деген болжам жасалған. 2025 жылға қарай бағдарламаны іске асыру арқылы туризм саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесін 8 пайыз­ға жеткізу көзделген. Бүгінгі ахуалды ескергенде бұл меже мүмкін бе? Туризм және саяхат жөніндегі дүниежүзілік кеңестің дерегінше, туризмнен табыс тауып отырған елдердің көшін Мальдив аралдары бастайды. Бұл елдің жалпы ішкі өні­міндегі туризмнің үлесі 39,6 па­йыз­ды құрайды. Одан кейін Сейшель аралдары (26,4 пайыз), Багам аралдары (19 пайыз), Сент-Люси (15 па­йыз) болып жалғаса береді. Экзотикалық аралдары бар елдердің қай-қайсысының да экономикасы туризмге тәуелді. Ал Еуропа елдерінде керісінше. Ұлыбританияның жалпы ішкі өнімдегі туризмнің үлесі 3,7 пайыз, АҚШ-та 2,6 пайыз ғана. Еуропадағы туризмнен табыс табушы елдер – Мальта (14,2%), Черногория (11%), Хорватия (10,9%) және Грузия (9,3%). Грузия ескі одақтасымыз болған соң, қатардан қалғымыз келмеді ме, былтырдан бері таныстырылып келе жатқан, бірақ әлі қабылданбаған Туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында өзімізге тым жоғары мақсат қойып алған сияқтымыз. Өйткені бағдарламада туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 8 пайыз­ға жеткізбекшіміз. Егер отандық ­туризмнің жалпы ішкі өнімдегі бүгінгі үлесін (0,9 пайыз) ескерсек, 8 па­йыздық меже айға шапқан арыстанның қылығына ұқсайды. Бәлкім, мемлекеттік бағдарлама бекітілмей тұрғанда, 8 пайыздық межені аздап төмендеткен жөн шығар? Әйтпесе, мұнымыз көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған адамның тірлігіне ұқсап тұр.