Шәркей демеңіз, табысы шаш етектен

Байырғыдан бері халқымыз өзін-өзі 100% қамтамасыз еткен өнімдердің бірі – аяқкиім еді. Көптеген ел сандалия, котурн, гэта, шабата секілді қарапайым «аяққаптарға» қанағат қылып жүрген замандарда ата-бабамыз көксуыр, мықшима, тақа, шоңқайма, саптама етік, пима, кебіс, мәсі, бекі, байпақ, шоқай және басқа да әсем өрнектелген аяқкиімнің сантүрлі үлгісін тігіп, өзгелерге өнеге болған.

Шәркей демеңіз, табысы шаш етектен

Қазақтың әр ауылында кем де­генде бір етікші жұмыс істеген. Өйткені аяқкиім тозбай, ұлтан тесілмей тұрмайды. Шеберлігін шың­дап, ісмерлігін өнер деңгейі­не дейін көтерген етікшілер бүкіл ел құрметіне бөленген, қазіргі тілмен айтқанда, майталман дизайнер ретіндегі атағы алысқа жайылып, алыс-жақын елдердің тапсырыстарын орындаған. Ке­йін қазақы болмысты жойып, толық отарлауды көздеген кеңес тұсында қасақана таратылған те­ріс насихат салдарынан, жұрт он саусағынан өнер тамған, ою-өрнектің неше түрін меңгерген етік­ші­лерге «көн тері сасыған неме» деп мұрын шүйіретінді шығарды. Ал енді ата-бабамыз алдында ұя­латын күйдеміз. Қазіргі қазақ, негізінен, қытайдың сапасыз аяқкиіміне тәуелді. Сарапшылардың әртүрлі бағалауларына жүгінсек, отандық жеңіл өнеркәсіп өн­­­дірісі қазақстандықтардың киім­ге деген сұранысының 10 пайы­зын да өтемейтін көрінеді. Ха­лықаралық стандарттарға сәйкес, мемлекеттің экономикалық қауіп­сіздігінің ең төменгі шегі 30 пайызды құрайды. Бұдан төмен бол­са, қауіпсіздікке қатер деген сөз. Атап өтер жайт, әлгі 10% – жеңіл өнеркәсіптің жиынтықты үлесі ғана. Бұл ретте қазақстандық нарықтағы тігін және тоқыма саласының үлесі – бар-жоғы 8%. Ал былғары аяқкиім саласының еншісі тек ащы күлкі мен кекесін ғана тудырады – 2 пайызға жуық. Ішкі нарықтың қалған 90 пайызын импорттық тауарлар басып алған. Аталған саладағы отандық нарық көлемі 1,7-2 триллион теңгеге жуық. Киім кимейтін қазақ жоқ. Ендеше бұл – тамақтан кейінгі екінші ең басты қажеттілік. Халқымызды аяқкиім тігу дәстүрінен айырған кеңес ода­ғымен бір­ге жеңіл өнеркәсіп­тің ірі кәсіпорындары да күйреді. Содан бері бұл нарық азия, еуропа және америкадан келетін жеңіл өнеркәсіп тауарларының ел тарихында болмаған басқыншылық-интервенциясына ұшырады. Осының сал­дарынан, бәсекеге шыдас бер­мей, азғантай ұсақ кәсіпорын­дар жұмысшыларымен қош айтысып, есіктеріне құлып салды. Мәселен, петропавлда даңқы көрші елдерде дүрілдеген, одақ­тық маңыздағы мәртебесі бар қос фабрика жабылған соң, сқо аудандарындағы 5 тігін цехы олардан босаған орынды баспай, ке­рісінше, әлгі­лер­дің кебін киді. Ұқсас жағдай өзге өңірлерде де қайталанды. Соның кесірінен, қазір ел­дегі барлық дүкен мен базарда аяқкиім сөрелері қытай, тайвань, ресей, италия, түркия, корея сияқ­ты қаптаған мемлекеттердің өнімдеріне толып тұр. Отандық өнім тек экзотикаға бара-бар. Бұл жағ­дайды қалай өзгертуге болады? – киім мен аяқкиім нарығындағы аянышты ахуалды түзету үшін отандық тауар өндіруші­лер­дің ерік-жігері керек. Ол серпінді бизнес-жобалардан көрініс беруге тиіс. Әйтпесе, көбін «бәрібір қы­тайлық не ресейлік өніммен бәсекелесе алмаймын» деген үрей буып алған. Әрине, жалаң жігермен алысқа ұзамайсың. Демек, мем­лекет тарапынан тиімді қолдау қажет-ақ. Өмір бойы қорға деген сөз жоқ, ең құрығанда, буы­ны бекігенше өтпелі кезеңде демесе де жеткілікті, – дейді солтүс­тікқазақстандық «оқушылар мен балалар киімінің тігін фабрикасы» жшс атқарушы директоры александр белоконенко. Оның айтуынша, дамыған батыс елдерінде нарықтық тәуекелдер мен қауіп-қатерлер нарық ойыншылары арасында кластерлік қағидат бойынша біркелкі таратылады. Яғни, көтерме және ұсақ көтерме сауда фирмалары, сервистік қызмет көрсетуші фирмалар, ақпараттық-жарнамалық қызметтер, көлік-тасымал және қоймалау-логистикалық қызметтер көрсететін компаниялар, өнім өндіруші шағын және орташа кәсіпорындар нарықтағы тәуекелдерді бірлесе көтереді. Ал бір­лесе көтерген жүк жеңіл екені мә­телден де, өмірден де белгілі. Мысалға, баскетбол кроссовкалары нарығының 95 пайызын басыбайлы иемденген америкалық nike аяқ киімдеріне осындай саналуан кәсіпорын қызмет етеді. Бірі тоқтап қалса, орнын бас­қасы басады, өндіріс тоқырамайды. Бұл тәсілді көрші қытай да, бауыр­лас түркия да, еуропа елдері және басқалары да қолданады. Ал қазақстанда өндірушілер бар­лық тәуекелді бір өзі арқалауға мәж­бүр. Бұған қоса, қазақстандық өнім­дердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігіне өндірістің өзіндік құнының қымбаттығы, өнім­ділігі жоғары арнайы жабдықтар мен құрылғылардың жоқтығы, маркетингтік ілгерілетудің тиімді бағдарламаларының болмауы ықпал етеді. «оның үстіне отандық кәсіпкерлердің бизнесті дамытудың не­гізгі экономикалық заңдылықтары мен өнімді ілгерілетудің өнімді тәсілдері туралы білімі кемшін. Бұл проблемаларды шешу үшін техникалық және басқарушылық буын кадрларын даярлау, қайта даярлау және аттестаттаудың пәрменді жүйесі құрылуға тиіс. Бұған қоса, жұмысшылар буынын, яғни тігінші, пішуші және басқа да тігін цехтарында қажет болатын мамандарды оқыту жетілдірілгені жөн. Өз өңірімізде осы бағытта қадам жасауға тырысудамыз. Мәселен, 2019 жылдың басынан бері «сән әлемі» дизайн мен технологиялардың ғылыми-зерттеу институты басқаратын тігін мега-кластері іске кірісті. Оның мақсаты – тігін өнеркәсібі индустриясының ғылыми негізделуін арттыру, кластер қатысушыларын өз ассортименттерін кеңейтуге ынталандыру үшін жағдай жасау», – дейді А.Белоконенко. Сарапшылар саланы жаңғырту үшін қолданыстағы мемлекеттік қолдау бағдарламаларын да пайдалануға болатынын айтады. Мәселен, қысқамерзімді оқыту курстарынан өткен тігіншілер «еңбек» нәтижелі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында берілетін 250 мың теңге мөлшерін­дегі қайтарымсыз грант арқылы қажетті жабдықтарды өздері сатып ала алады. Тігін фабрикалары құралы бар жеке тұлғаларды қажетті материалдармен жабдықтап, олардың жасаған өнімін бекітілген бағамен сатып алуға даяр. Бұл перзенттерінің күтімімен үйде отыр­ған көпбалалы және жалғызбасты аналарды жұмыспен қамтуға да мүмкіндік жасайды. Жалпы, бүгінде қазақстанда қанша жұп аяқкиім сатылатынын ешкім білмейді. Бірақ болашақта оның да нақты статистикасы жүргізіле бастауы мүмкін. Елімізде еуразиялық одақ тәжірибесі бо­йынша аяқкиімдерді таңбалау енгізілмек. Яғни, дүкендер мен базарларда сатылатын әрбір аяқ­киім­нің нөмірі болады. Ресей аяқкиімдерді таңбалауды 2018 жылғы 1 маусымнан ­бас­тап, сынақ түрінде енгізді. Ал 2019 жылдың 1 шілдесінен кейін ресейде таңбаланбаған аяқкиімдерді сатуға тыйым салынбақ. Сондықтан бұл елге өнімдерін өткізетін бірқатар отандық кәсіпорын экспорттан айырылып қалмау үшін өз елімізде де аяқкиім өнімдерін таңбалауға көшуді ұсыныпты. Қазақстандықтардың төлем қабілеттілігі төмен болғандықтан, экспортқа бағдарланған қазақстандық өндірушілер ресейге жылына 5,5 миллион жұп аяқкиім сатады екен. «қазіргі кезеңде бізде таңбалаудың барлық негізгі элементтері сынақтан өтті. Оның ішінде код эмиссиясы, кодты басу және тауарға түсіру, код генерациясы бар. Соңғысы gtin, бірегей сериялық нөмірден, сыртқы эко­номикалық қызметтің тауарлы номенклатурасының (сэқ тн) 4 белгісінен, тексеру кодынан тұрады. Пилоттық жобаға 200-ден астам компания қатысуда. Негізі, коды бар марканы қаптамаға да, тауарлық затбелгіге де, сондай-ақ аяқкиімнің өзіне де түсіруге болады», – дейді ресейдің бірыңғай операторының жоба басшысы вера волкова. Әйтсе де, сарапшылар аяқ­киім­дерді таңбалау онсыз да қиналған отандық кәсіпорындарға қосымша ауыртпалық түсіруі мүм­кін деп алаңдайды. Шетелден, әсіресе, қытайдан ағылып жатқан контрабанда өнімдері ары қарай да сатыла беруі ықтимал. «бизнестің байламынша, таңба­лау тиімділік пен нәтиже әкелмейді. Өйткені көлеңкедегілер одан ары заңсыз салада табысты жұмыс жасай береді. Ал чиптеудің қосымша жүктемесін нарықтағы адал ойыншылар көтермек. Бейресми экономикамен жүйелі күрес жолға қойылмай, өнімді есепке алу және қадағалаудың өркениетті құралдары тиімді болады деп айту асығыстық», – дейді Түркістан облысының кә­сіп­керлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров. Ресейлік бизнес-қауымдастық мә­ліметінше, таңбаны өнімге түсіру шығындары сонша көп емес: небәрі 50 копейка. Бірақ жабдықтарды (сканерлер, агрегаторлар) сатып алу, күйіне келтіру және тауарлардың қозғалысын қадағалау қомақты қаражат шығаруды талап етеді. Кәсіпкерлердің аяқкиімдерді таңбалауды пилоттық негізде енгізу туралы ұсынысын қарастырған үкімет оны қолдап, бірінші вице-премьер әлихан смайылов басқаратын ведомствоаралық жұмыс тобын құрды. Таңбалау пилоттық жоба түрінде сынақтан өткізілмек.