Бюджетті ашық етуге не кедергі?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №152

Даму жолын бетке алған кез келген мемлекет ашық бюджет жүйесін құруға назар аударады. Бізде ондай ниет болғанымен, іске асыруда әттеген-айымыз көп. Мұның салдары халықтың әл-ауқатының төмендеуіне, экономикалық және саяси тұрақсыздыққа ықпал етеді. Қалай дерсіз? Қарапайым мысалды бір отбасы жағдайында айтып көрсек, ерлі-зайыптылар отбасы бюджетіне құйылатын жалақысын, яғни кірісін бір-бірінен жасырса, әрқайсы қалаған затын сатып ала берсе, қолда барды ұқсата алмай, банктен несие алуға құмар болса, ол үйдің балалары тойып тамақ ішпейді, жаңа киім кимейді, баспанасы жөнделмейді, қысқасы әл-ауқаты әлсіреп, тозып кетеді. Егер сол ерлі-зайыптылар табысын ортаға салып, бір бөлігін коммуналдық төлемге жұмсаймыз, бір бөлігіне азық-түлік пен киім-кешек сатып аламыз, бір бөлігін балалардың үйірмесіне төлейміз десе, отбасында береке мен бірлік болады. Мемлекеттік бюджет те осылай ашық болуы керек.

Бюджетті ашық етуге не кедергі?

Жоқ қаржы қайдан шықты?

Өткен айда Шамалғандағы теміржол өткелінде қайғылы жағдай болды. Сол кезде оқиғаға кім кінәлі деген сұрақ төтесінен қойылды. Теміржол өткеліне шы­ғып кеткен автобус жүргізушісін, теміржол өткелін жауып тастамаған теміржолшыны, сол өткелдің үс­тінен көпір салуды ұйымдас­тыр­маған жергілікті билікті, бюд­жеттен ақша бөлмеген құзырлы орындарды кінәләп жаттық. Ал шынында, бұл оқиғаға бюджет ашықтығын қамтамасыз ете алма­ғандар кінәлі екенін ұмыттық. Олар кімдер? Олар – халық пен билік. Халық бюджет қаржысының қайда жұмсалып жатқанын бақылауға құлықсыз, билік бюджет қаржысының әрбір тиыны қайда жұмсалып жатқанын жариялауға жауапсыз. Бұдан кімнің ұтатынын ішіңіз сезіп отыр.

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігінің сол кездегі басшысы Роман Скляр ­Ша­малған өткеліне көпір салу бюджетке салмақ салатындықтан, салынбай жүргенін айтты. Себебі көпір салу үшін сол маңдағы 70-ке жуық жеке үй мен екі жанармай құю бекетін құлату керек екен. Қайғылы оқиғаға дейін бюджетке салмақ салады деген көпір жоба­сына қаржы табылды, келесі жылы құрылысы басталмақ. Бұған дейін жоқ деген қаржы қайдан табыла қалды? Жауабы белгілі, бюджетте қаржы бар, тек оны бөлуде ол­қы­лық болған. Егер елімізде ашық бюджет жүйесі қалыптасса, Ша­малғандағыдай оқиғалар бол­май­ды. Себебі халық аста-төк жиындар мен форумдарға қарастырылған қаржының тозығы жеткен жол­дар­ды жөндеуге жұмсалуын талап ете­ді. Ал халық неге талап етпей жүр. Өйткені атқарушы билік ха­лық­қа бюджет туралы деректерді қол­же­тімді форматта ұсынбай отыр.


Шетел тәжірибесі қалай?

Шетел тәжірибелеріне сүйен­сек, ашық бюджет жүйесін құру аса қиын емес. Бұл орайда, Украи­надағы spendings.gov.ua ашық порталының жұмысына назар аударуға болады. Аталған ресурсқа Украинадағы мемлекеттік ұйым­дардың транзакциялары бір күн ішінде түсіп тұрады. Украина Қар­жы министрлігінің «Ашық қо­ғамдық бюджеттер» мемлекеттік мекемесінің директоры Олександр Комареустің айтуынша, бүгінгі таңда порталда 43 миллионнан астам құжат бар.

«Порталға 46 мыңнан астам мемлекеттік ұйым тіркелген. Барлық ақпарат қолжетімді, тегін. Кез келген азамат бұл мәліметті алып қолдана алады. Қазірге дейін осы ресурстың ақпаратын пай­далану арқылы 200-ден астам журналистік зерттеу жасалған. Одан бөлек, бізде openbudget ресурсы бар. Бұл ресурста барлық деңгейдегі бюджет ақпараты жа­рияланады. Қазірге дейін 9 603 жер­гілікті бюджеттер туралы ақпа­рат салынған. Ақпарат ашық, те­гін, кез келген азаматқа қолжетімді. Шығыстардың тиімділігі өлшенеді. Ақпарат айына бір рет жаңар­тылады», – дейді ол.

Осыған ұқсас жоба бізде бар, Ашық үкімет (open.egov.kz) деп аталатын жобаны атына заты сай дей алмаймыз. Соның салдарынан, Қазақстан Ашық үкімет индексінде елуліктен аса алмай отыр. Ал Ашық үкімет жобасын тиісті талап дең­гейінде жасай алған Грузия аталған индекс бойынша Шығыс Еуропа және Орталық Азия бо­йынша 13 ел­дің ішінде бірінші орында тұр. Бюд­жет ашықтығы индексінде әлемде бесінші орында. Transparency International Georgia бас ана­литигі Гиоргий Топурияның ай­туынша, Грузияда саяси пар­тия­ларды қаржылай қолдау жү­йесіне дейін ашықтық қамтамасыз етілген.

«Кез келген партияның сай­тына кіріп, қай азамат немесе ұйым қанша қаржы аударғанын кө­руге болады. Тіпті қаржы ауда­рушы туралы да толық ақпарат біле аласыз. Бір ықпалды партияға 60 мың лари қаржы аударып, бір­неше аптадан кейін үлкен тендер ұтып алған. Оны осы ашық жүйе арқылы білу мүмкін болды. Пар­тияларға берілетін қаржының лимиті бар. Бұл жүйе партиялардың ықпалды топтардың құралы болып кетуінің алдын алады», – дейді ол.

Егер Грузияда тендерге ұсы­нылған сатып алулардың құны мен жасалған шарттардың арасындағы баға динамикасында алшақтық болса, тендерді жуырда ғана құ­рылған компания жеңсе, тендерге бір ғана компания қатысса, тен­дерге қатысушы компания саяси партиялардың доноры болса, яғни сол компанияның директоры немесе акционері соңғы екі жылда саяси партияларға 1 000 лариден ар­тық қаржы аударған болса, ондай компаниядан сақтануға тырысады екен. Мұндай компания туралы деректерді қайдан алады? Грузия заңнамасы бойынша, кез келген тендерге қатысушы ком­пания өзі ұтып алған тендерлердің жалпы са­нын, қанша тендерге қа­тысып, оның қаншасын жеңіп алға­нын, өзі­не қарсылас ретінде тендерге қа­тысып жүрген үш бә­секелес ком­панияны, жеңген тен­дерлердің ви­зуализациясын, ұтып алған тен­дердің мерзімі мен құнын жария­лауға міндетті. Осылайша, бюджет қаржысына тапсырыс орындау­шылар туралы мәліметтер жалпы жұртқа қолжетімді болып отыр.

Жалпы, ашықтық саясатын дамыту үшін нендей құралдарға жүгінген жөн? Украинадағы «Эй­дос» орталығының бюджет саясаты бөлімінің басшысы Владимир Тар­найдың пікірінше, бұл ретте элек­тронды петицияның көмегі зор.

«Электронды петиция – қо­ғамдық пікірді сараптау мен анық­таудың ең мықты құралының бірі. Кандидаттар сайлауға түсерде осы ресурстан ақпарат алып, өзінің сайлауалды бағдарламасын әзір­леуге пайдаланады», – дейді.

Украинада бюджет құруға қатысу көрсеткіші жоғары. Сол елдегі 120 муниципалитеттің қатысу бюджетін қолдануы – соның бір мысалы.

«Қатысу бюджеті енгізілген алғашқы жылы білім саласы бел­сенді болып, бөлінген бюджеттің 90 пайызын алып кеткен. Осыны ескере отырып, кейін әр салаға лимит бекітіп, сол соманың ішінде дауыс беру жолымен бюджет бөлу әдісі енгізілді. Елдегі барлық мек­тептің бюджеті онлайн интерактив картаға орналастырылған. Кез кел­ген адам бірнеше мектепті са­лыстырып, толық ақпарат алуы­на болады. Сол елдің Ақпаратқа қолжетімділік туралы заңына сәй­кес, жобалар туралы ақпарат да­уыс беруден интерактивті кар­таға 20 күн бұрын жарияланады. Тұр­ғын­дар 20 күн бойы жобаларды тал­қы­лауға қатысады, ұсыныс жа­сайды, бюджеттің тиімді жұмса­луы­на ық­пал етеді», – дейді В.Тарнай.

Қазақстан үшін бұл әзірге ар­ман ғана. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова орталық және жергілікті деңгейдегі бюджеттің ашықтығын көтеруді қолдайды. Ол үшін халық­ты жергілікті бюджетті құруға атсалысуға тарту қажет деп санай­ды. Оның пікірінше, түрлі дең­гейдегі шенеуніктер ашықтық при­н­ципін, бюджет құрудағы қол­жетімділік пен бюджет құруға қа­тысуды ұсынса, азаматтардың өмі­рін жақсарту үшін өткізіп жа­тырмыз деген пайдасыз форумдар көбеймейді. «Бюджет есебінен сы­ра фестивалі өтіп, кәсіби футболды ұстап тұруға миллиард­тар жұмсалмас еді. Ең бастысы, Ша­малғандағы теміржол өткелін­дегідей жол-көлік апаты болмас еді. Себебі халықтың қауіпсіз теміржол өткелін салу туралы талабы орындалар еді», – дейді депутат.


«Самұрық-Қазынаның» сатып алулары неге жабық?

Ашық бюджет туралы айт­қанда, ел экономикасының тең жартысын иемденіп отырған «Са­мұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын айналып өте алмаймыз. Жалпы, бюджет ашықтығын қам­тамасыз ету үшін бірінші кезекте сатып алулар туралы деректер ашық болуы тиіс. Сонымен бірге сатып алулар жеңімпазы әділ бәсеке арқылы анықталуы керек. Осы тұрғыдан алсақ, «Самұрық-Қазынада» ашықтық жетіспейді деуге негіз бар. Себебі қор өткізетін сатып алулардың 85 пайызы бір көзден сатып алу арқылы жүргі­зіледі. Бұл – бәсекелестікке кедер­гі. Қордың сатып алу жүйесіндегі қаржы көлемі 5 трлн теңге екенін ескерсек, бұл жылы жауып қоя салатын мәселе емес. Бұл қордың сатып алулары еліміздегі Мем­ле­кеттік сатып алу заңына бағын­байды. Қор сатып алуларын өз Ережесімен жүргізеді. Ал сарап­шылар қордың сатып алулары Мемлекеттік сатып алу туралы заңға бағынуы тиіс деп санайды. Өйткені бұл қор да Республикалық бюджеттен ақша алып отыр. Мысалы, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында қорға 25 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бюджеттен қаржы алған құрылымның бюджеті ашық болуы тиіс. Ал қазіргі таңда «Самұрық-Қазынаның» сатып алу жүйесі ашық емес, қор тек сатып алу жоспарларын ғана жариялайды. Сатып алулардың басқа сатылары жабық тұр. Қордың сатып алу жүйесіне қарағанда, Мемлекеттік сатып алу порталында ашықтық басым. Бұл портал – бюджет тура­лы ақпараттардың қайнар көзі. Ол жерде сатып алу туралы хабар­ландыруларды, жеткізушілермен жасалған шарттарды, сатып алулар тарихын көруге болады, егер «Са­мұрық-Қазынаның» сатып алу­лары мемлекеттік сатып алу пор­талы арқылы жүргізілсе, онда барлық сатып алу бірыңғай жүйеде болады және ақпараттарға қол­жетімдік артар еді.

Ал қазіргі таңда қорға қарасты ірі компаниялар бюджеті ашық болмағандықтан, қажет мәлімет­терді сұрау салу арқылы білуге тура келеді, ал оған уақыт жұмсау қажет. Бюджет ашықтығы мәселесін көтеріп жүрген Zertteu қоғамдық қоры осындай олқылықтың орнын толтыру үшін Бюджет ашықтығы концепциясын әзірлеуді ұсынады. Концепцияға сәйкес, бюджет құрудағы төрт кезеңдегі жұмыс жария жүруі тиіс.

«Бюджет үдерісі жоспарлау, бекіту, орындау және есеп беруден тұратыны белгілі. Міне осы ке­зеңнің барлығы ашық болуы тиіс. Бюджет туралы ақпараттар қол­жетімді болуы қажет, ол ақпараттар интернеттен іздегенде тез табылуы тиіс. Бюджетті құруға мүдделі тараптар белсенді қатысуы қажет, бұл жерде тұрғындардың бел­сен­ділігі маңызды рөл ойнайды», – дейді Zertteu қоғамдық қорының жетекшісі Шолпан Айтенова.

 

Түйінсөз

Әрине, елде ашық бюджет жү­йесін орнықтыруда ештеңе істелмей жатыр деп байбалам салудан аулақ­пыз. Мысалы, Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаментінің директоры Данияр Сабырбаевтың таныстырған publicbudget.kz инте­рак­тив картасын бюджет ашық­тығын қамтамасыз етуге жасалған қадам деуге болады. 2018 жылдың соңында жасалған картада Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік мекемелердің бюджеті жарияланған. Порталға кірген азаматтар өзі қала­ған мекеменің бюджет жоспарын, шығындарын көре алады. Аталған жобаны еліміздің барлық аймағына тарату жұмыстары жасалып жатыр екен. Осы тұста ескеретін жайт, интерактивті карта орыс тілінде екен. Мемлекеттік тілді ескермесек, қазақтілді өңірлер үшін картаның құны көк тиын болып қалмақ. Әрі-беріден соң мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі екенін агенттіктің ес­кермегені таңғалдырарлық. Бюджет ашықтығын қалыптастыруға мүд­делі мекеме – Қаржы министр­лігінің Бюджет заңнамасы департа­ментінің директоры Зайфун Ерназарованың айтуынша, министрлік Азаматтық бюджет бойынша нұсқаулық әзір­леген. Ол жерде бюджет деген не деген сұрақтан бастап, осы салаға қатысты көп сұраққа жауап беріл­ген. Бұл азаматтардың бюджет ту­ра­лы сауатының артып, бюджет процесіне белсенді қатысуына үлес қосады. Алайда мұның барлығы – теңізге құйылған тамшыдай ғана еңбек.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ