5G: үміт пен үрей

Газет мақаласы "Айқын" газеті №153

«Бүкіл әлем микротол­қынды пешке айналуда. Адамдар денесін көзге көрінбес миллиардтаған код тесіп өтеді». Құзыр­лы органдар тыныш ұйық­­тай берсін: бұл қа­­зақ­стандықтардың WhatsApp-пен таратып жат­­қан кезекті фейк-ха­бар­­ламасы емес. Бұл – халықаралық қоғам­дас­тықтың бойын буған 5G-ге қатысты үрей.

5G: үміт пен үрей

Қазақстанда тіпті 2,3,4 G-лер барлық жерде бірдей аулай бер­мей­ді, ал әлем 5 G туралы сөз ету­де. Ол әңгімелердің арасында қор­қыныштысы да жетерлік. 2017 жылдың қыркүйегінде Еуропалық комиссияға «кәрі құрлықта» 5 G ұялы желілерінің кеңеюіне мора­торий жариялауды талап еткен мәлімдеме тапсырылды. Онда радиациялық деңгейдің еселеп артатынына байланысты адамдар денсаулығына келетін зиянға, теріс неврологиялық әсеріне алаң­дау­шылық білдірілген. Еуро­палық зиялыларды адамзат пен ғалам­шар­дың тағдыры толған­дырады:

«Біз, төменде қол қойған ғалым­дар мен дәрігерлер, өндіріс­пен байланысты емес тәуелсіз ғалымдар адам денсаулығы мен қоршаған ортаға ықтимал қауіп-қатерді толық зерттегенше бесінші буындағы 5G желілерін өрістетуге мораторий енгізуді ұсынамыз. Қолданыстағы 2G, 3G, 4G, Wi-Fi сыртында іске қосылатын 5G өз кезегінде радиожиілікті электр-магниттік өрістер (RF-EMF) ықпа­­лын айтарлықтай арттырады. Радиожиілікті электрмагниттік желі адамдар мен табиғатқа зиян келтіретіні дәлелденіп отыр» делін­ген хатта.

Жаңа 5G сымсыз технологиясы миллиметрлік толқындарды пай­да­ланады, әрі 4G-ге қарағанда, әлде­қайда үлкен қуатқа ие фотон­дар түзеді. Демек, ғалымдардың байламынша, оның адам мен жан-жануарға қауіпсіз екенін дәлел­де­мей, қолданысқа енгізу – ақылға қонымсыз. Алайда америкалық профессор, философия докторы Рональд Пауэлл бұл бизнестің жаһандық нарығы қару-жарақтан 3,5 есеге артық болғандықтан, өн­діру­шілер оны жаппай енгізуге асы­ғатынын айтады.

– 5G-мен бірге, таратушы құрыл­ғылар мен коммутатор­лар­дың жоғары шоғырландырыл­ған желісі де пайда болады және олар да радиация деңгейін біршама арт­тырады. Қазір бұл нарық 7 трил­лион долларға бағалануда. Онда өз үлестерін иеленіп қалуға бар­лық ірі мемлекеттердің өндіру­ші­лері өте ынтық, – дейді Р.Пауэлл.

Батыстық әріптестерінің пікі­рі­не азиялық зерттеушілер де қосы­лады.

– Өкінішке қарай, болашақ зерттеулердің қорытындысы не көр­сететініне қарамастан, 5G тех­но­логиялары барлық жерде кең қанат жаяды және бәрін кері қай­тару мүмкін болмайды. Өйткені адамзат өз болашағын сонымен байланыстырып отыр. Бұл – адам­зат тарихында бұрын-соңды бол­ма­ған жағдай: Жердегі барлық тұрғындар адамның өз қолымен жасалған құрылғылардың жаппай сәулелендіруіне ұшырайды. Сол кезде түбегейлі тексеріліп, зерде­ленбеген технологиялардың енгі­зуі­не рұқсат берген шенеу­ніктер мен ғалымдар жауапкершілікке тартыла ма? Жауап қарапайым: жоқ! Сырқаттардың 5G салдары екенін дәлелдеуге, өзара байла­ныс­тыруға ондаған жылдар кетеді. Ол кезде әлгі жауапты тұлғалар не зейнеткерлікте, не зиратта бола-
ды, – дейді Мумбайдағы ақ­парат­тық технология ғылыми инсти­ту­ты­­ның электртехника кафе­дра­сы­ның профессоры Гириш Кумар.

Осы мазасыз пікірлердің өр­шуі­не байланысты көрші Ресейде Цифрлы даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар, Ден­саулық сақтау министрліктері мен Мәскеу билігі бірлесіп, 5G жиіліктерінің адам ағзасына ықпалын зерттеуге кірісті. Оған дейін жыл соңына қарай солтүстік көршіде 5G-дің бірінші базалық стансасы пайда болмақ. Ол Цифрлы даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрінің орынбасары Олег Ивановтың жұмыс кабинеті терезесінің алдына орнатылады. «Оның әсерін осылай өзім сынақ­тан өткіземін!» – деп күрсіне күлімсірепті шенеунік.

Қазақстандық жауапты тұлға­лар мұндай проблемадан азат. 5G техно­логиялары елімізде, ең алды­мен, 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев универ­си­теті және EXPO кешені аумағында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Одан кейін 2022 жылы елордалық халықаралық әуежайда, теміржол вокзалдарында, сондай-ақ ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында іске қосылмақ. Тек содан кейін ғана 2023 жылы 5G республи­ка­да­ғы барлық облыс орталықтары мен мегаполистерде енгізіледі деп жос­пар­ланған.

Әзірге Қазақстан тек дайындық жұмыстарын жүргізуде. Үкімет тиісті Жол картасын мақұлдады. 5G ұялы байланыс түрі елорда мен Алматыда тестілік сынақтан өткі­зіл­ген. Енді 2019 жылғы қазан­да Шымкент қаласында сынақ өткізу жоспарлануда.

5G-ді ел Үкіметі енгізу кезінде оның адам денсаулығына әсері ескерілетінін мәлімдеді. Сарапшы­лар байламынша, бұл салада жан-жақты зерттеулер жүргізу Қазақ­стан үшін қолжетімсіз іс. Сондық­тан мемлекет әлемдегі зерттеулерге жүгінбек. Расында, Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұма­ға­лиев журналистердің сауалына жауап бергенде, осы қазан айында Мысырда Халықаралық электр­бай­ланысы одағының отырысында 5G желісінің адам денсаулығына ти­гізетін әсеріне талдау жасала­ты­нын, Қазақстан соған назар ауда­ра­тынын жеткізді.

– Сол дүниежүзілік форумда нақты стандарттар да анықталады. Стандарт 2021 жылы түпкілікті бекітіледі деген болжам бар. Біздің ойымызша, Халықаралық электр­байланысы одағы 5G техно­ло­гия­лары­ның стандартын айқын­да­ған­да оның адам денсаулығына әсері мәселесін де басшылыққа алады. Бұл бағыттағы барлық түйткілдер тиісті сынақтар нәтижелеріне сай талданады. Әйтпесе, денсаулыққа кері ықпал ететін технологияларды ешкімнің де енгізгісі келмейтіні анық, – дейді министр А.Жұма­ғалиев.

Оның айтуынша, 5G-ді енгізу­ге Қазақстанда да баса маңыз берілуде:

– Бұл – цифрландыру үшін өте маңызды мәселе. Ол қазір күн тәртібінде тұрған барлық техноло­гиялық мәселелерді шешіп бермек. 4G технологияларымен салыс­тыр­ған­да, 5G технологиялары жоғары өткізу қабілетін қамтамасыз етеді. Соның арқасында кеңжолақты ұялы байланыс қолжетімді болады. Сонымен қатар device-to-device режим­дерін, құрылғылар арасын­дағы өте сенімді әрі кең ауқымды байланыс жүйелерін пайдалануға жол ашылады. Кідіріс уақыты қысқа болады, интернет жылдам­дығы 1-2 Гбит/секундтан асады. Жабдықтың батареясының қуаты аз шығындалады. Осының бәрі заттар интернетінің серпінді дамуы­на септеседі, – деді министр.

Ел Үкіметі және жауапты құры­лым «Қазақтелеком» 5G-ді бізде ендіретін вендорды да нақ­ты анықтаған жоқ. Әзірше тек бір­неше вендордың технология­ла­рын қарастырып жатқаны мәлім.

Әлемдік алпауыт елдер болса, үдемелі түрде ілгері жылжуда. Мәселен, жиіліктер диапазонын таңдауда жаһандық үрдістерге сай болуға тырысқан іргедегі Қытай 5G ендіру бойынша көшбасшылық орынға шыға бастады. Ал АҚШ пен Ресей бұл істе өз жолын таң­дап, ұлттық қауіпсіздікке басым­­дық беруде.

Еуропа мен Азияның көптеген елдерінде 5G үшін 3,4–3,8 ГГц диапазоны бөлінген: біріншіден, ол дүниежүзінің көп бөлігінде бос, екіншіден, жабдық өндіру кезінде ірі әлемдік вендорлар да соған бағдарланады. Бірақ бұл жиілікті Ресейде әскерилер мен «Роскос­мос» иеленіп отыр. Бір қызығы, дәл осы себеппен, АҚШ-та бұл атыраптағы жиіліктерді бизнеске бере алмайды. Ресей президенті Вла­димир Путин аталған диапа­зон­ды пайдалануға қарсы шыққан Қауіпсіздік кеңесінің ұстанымын мақұлдады. Оның орнына көршіде 4,4-4,9 ГГц және 24,5-29,5 ГГц ұсы­нылуда. Сәйкесінше, 2019 жыл соңына дейін осы диапазондардағы жиіліктерге бірінші аукциондар өткізілмек.

Қазіргі уақытта Еуропалық одақ елдерінің басым көпшілігі, Қытай, Оңтүстік Корея және Жапо­ния бесінші буындағы желі­лер­де қолданылатын жиіліктер спектрін анықтап болды.

Бұл салада дара даңғылын төсеуге ұмтылған АҚШ болса, 6 ГГц-тен жоғары диапазондарға 2 аукцион өткізді. Жыл аяқталғанша, тағы 3 аукцион ұйымдастырмақ. Сарапшылардың пайымдауынша, Құрама Штаттар осы арқылы ҚХР-дың және оның Huawei теле­ком­­муникациялық компания­сы­ның 6 ГГц-тен төмен жиіліктерде күшейіп келе жатқан жаһандық үстем­дігіне қарсы тұғырнама түзуде.

Көрші Қытайда ұялы опера­тор­лар жиіліктерді өзара бөліп алды. 2019 жылғы маусымда ҚХР үкіметі China Unicom, China Telecom және China Mobile ұялы опе­раторларына 5G желілерін ком­мерциялық пайдалануға ли­цен­зия берді. Рұқсат құжат­тарына сәйкес, олар Қытайдың қырық ірі қала­сында бесінші буындағы желілерді тұрғызуға кіріскен.

Қазақстан жиіліктерді алдағы жылдары нақты айқындауы керек. Дүниежүзінің көптеген елдерінде 5G желілері 3–4 ГГц диапазо­нын­да коммерциялық қолданысқа беріліп жатқандықтан, елімізге де осы жиілік аралығын таңдауға тура келетінге ұқсайды. Өйткені төл жолын таңдайтындай, еліміз ірі емес, халқы аз. Әлемдік оператор­лар біздің ұялы байланыс опера­тор­ларымен әртүрлі жиілік диа­па­зо­­нында роумингаралық келісім бекітуден бас тартуы ықтимал.   

 

Түйін.

5G берері көп. Мәселен, өзді­гі­нен басқарылатын авто­кө­лік­тер, теле­медицина, ақылды үй­лер, зат­тар интернеті, бейнес­три­­минг, әлеу­мет­тік желілер және басқа салалар біз білмеген мүлдем жаңа сатыларға көтерілетін көрі­не­ді. Ол туралы көп жа­зылуда. Алайда халықаралық тәжі­рибе бұл істе асығыстық жақ­сы­лық әпер­мей­тінін анық аңғартып отыр. «Асығыс түбі – өкініш» деп өсиет етіпті Ж.Баласағұн. Ен­деше, Қазақ­стан өзгелердің қате­лік­терін қайталамау үшін алпауыт­тар тәжі­ри­бесін талдап, тек өзін-өзі ақта­ған жолдармен абайлап қимыл­дағаны жөн.