Газға қашан көшеміз?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №157

Күз бен қыс мезгілі – қа­ла­лықтар үшін ең қолайсыз уақыт. Өйткені үйлерді жы­лыту үшін Жылу электр орта­лықтары толыққанды жұ­мыс­қа көшеді. Ал қазіргі таң­­да олар көмір жағып отыр­­ған­­дықтан, көк түтін жұ­туға мәж­бүрміз. Бұны бол­дыр­мау үшін не істеу керек? Әрине, газға көшу керек. Бұл қашан орын ала­ды? Соған жауап іздеп көр­дік.

Газға қашан көшеміз?

Бұл сұраққа жауапты Нұр-Сұлтан қаласына газ құбырын жеткізу туралы өткен жиында айтылған «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің сөзінен тапқан­дай­мыз. Ол: «Елбасының 5 әлеу­меттік бастамасы негізін­де, елор­даға газ жеткізу мақ­са­тын­да, былтырғы жылдың жел­­тоқсан айында «Сарыарқа» ма­­гис­тральды газ құбырын салу бас­­талды. Ал дәнекерлеу жұмыс­­тары үстіміздегі жылдың нау­рыз айында қолға алынып, міне 1 061 шақырымдық газ құ­бы­рының жұмысы мәресіне жетті. Техникалық жұмыстары қал­ды, ол қараша айында аяқта­лып, желтоқсанда газ беріле бас­­тайды. Одан әрі қала әкімдігі тиісті органдармен біріге оты­рып, елорданы толық газбен қам­­туға мүмкіндігі бар. Бұл – елі­міз­де жүзеге асырылған ірі ин­фра­құрылымдық жобалар­дың бірі. Жобаның мақсаты – елордамен қатар, оған жақын облыстар мен елді мекендерді газбен қамтамасыз ету», – деді.

Сондай-ақ А.Есімов елі­міз­дің басқа да өңірлерінде газ­дан­дыру процесінің одан ары кезең-кезеңмен және жоспарлы түрде дамыту көзделгенін ай­тып өтті. «Магистраль салуға 2 мыңнан астам адам атсалысты. Бұл ретте, барлық құрылыс жұ­мысы еңбекті қорғау талап­тарына қатаң сәйкестікте жүр­гізілді. Бүгінгі таңда кес­теге сәйкес, Жезқазған, Қара­ғанды, Теміртау мен Нұр-Сұлтан қала­ларында газ өлшеу стансасы мен 5 газ тарату стан­сасын салу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр», – деді ол.

Ал Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов: «Газ жеткізу құбырының дәнекерлеу жұмысы аяқталды. Ендігі жер­дегі қала әкімдігінің міндеті газ құбырын қала ішіне жеткізу, бұл жұмыс басталып та кетті. Нақты айтқанда, қаладағы ЖЭО-1, ЖЭО-2-ге жеткізу үшін барлығы 13,5 шақырымдық құбыр қажет, оның 10 шақырымы бүгінде қазылды. Яғни, елордаға газ берудің бірінші кезеңі бойынша ЖЭО-1, ЖЭО-2-ге газ келеді. Со­нымен бірге қала бойынша Көктал-1,2, Агроқалашық, Оң­түстік Шығыс және Инте­р­национал елді мекеніне газ келеді. Ал қаланың қалған бөлігіне 2 кезеңде жеткізіледі. Елордаға газ жеткізу жалпы құны 45 млрд теңге қаражатты қажет етіп отыр», – деді.

Қала басшысының ай­туынша, Нұр-Сұлтанға газдың келуі бірқатар мәселенің ше­шілуіне септігін тигізеді. Ал­дымен отын, көмір жағудың салдарынан туындайтын ауа мен экологияның ластануынан арыламыз. Екінші мәселе, газдандырудың нәтижесінде түрлі қалдықты тастау азаяды. Ресми деректерге сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласынан жыл сайын 40 мың тонна түрлі са­нат­тағы қалдық шығарылады. «Сондай-ақ тұрғындардан да қала экологиясына қатысты келіп түсетін арыз-шағым аз емес. Мемлекет басшысы елор­даның экологиясына қатыс­ты ескерту жасап, тиісті тапсырма берді», – деді ол.

Мұндай жағдай тек астанада емес, Қарағанды мен Алматы сын­ды ірі қалалардың да «бас ауруы». Мысалы, Алматы жы­­лу электр орталығының көмір жағып келе жатқанына сек­сен жылдан асып кеткен. Деген­мен экологияны жақсарту мақса­тын­да қаладағы автопарк, тұр­ғын үйлер мен жылу орталық­тары газға көшірілген болатын. Бірақ ЖЭО-лар газға көшу үшін миллиардтаған қаржы керек.

Әрине, қыруар қаржыны та­лап ететін ЖЭО-лар толыққан­ды газға көшсе, ауа тазарып қалатыны рас. Сонымен бірге әрбір үйге де газ жеткізуге күш салу керек. Өйткені орта­лық жылыту құбырына қосыл­маған жеке үйлер де күз бен қыс­та көмір жағып ауаға тү­тін жі­беріп ластауға «үлес» қо­са­­ды. Ал көмірімен аты шық­­қан Қарағанды облысы кө­мір­­ге жарымай отырғаны да та­­ғы бар. Оларға қатты отын­­ды ел ішінде сатқаннан экспорт­­таған ынғайлы. Қазір Қа­зақ­станда ішкі нарықта көмір­­дің бір тоннасы орташа есеп­пен 10 000-15 000 теңге ара­­­­лығында сатылса, әлемдік на­рық­та бір тонна көмірдің ор­та­ша бағасы шамамен 100 000 тең­геге жеткен. Қытайдағы эко­логиялық жағдайдың қиын­дауына бай­ланысты көмір өн­ді­рісін азайтып, жақпа газға көш­кені белгілі. Көмір АҚШ пен Еуропада 60 000 теңгеге дейін арзандап отыр. Бірақ қалай ар­зан­даса да, әлемдік нарықтағы көмірдің бағасы Қазақстанмен салыстырғанда 5-7 есеге қымбат.

Дегенмен ресми мәлімет­терге сәйкес еліміздегі газ са­ла­сының ерекшеліктері шикізат қорының құрылымынан бас­талады. Кас­пий маңы ойпа­тын қосқанда Қазақстан газының жорамал ресурстары 6-8 триллион шаршы метрді құрайды. Бекітілген және қа­былданған мемлекеттік баланс А+В+С1 категориялы газ қоры 3,001 триллион шаршы метр бо­лып табылады. Каспий маңы ойпаты кен орындарының ара­­сында бұл категорияға 227 мил­лиард шаршы метр бе­кітіл­ген қоры бар Қашаған кен орны жатады. Еліміздің аума­ғында қойнаудағы газ қо­ры әркелкі таралған. Баланс қорының 64 проценті Қара­шы­ғанақ және Теңіз кен орын­дарында (30 миллиард шаршы метр­ден артық газ қоры бар), ал 16 процент яғни 100-300 мил­лиард шаршы метр газ қоры Қаша­ған, Имаш, және Жаңажол кен орын­дарында барланған. Республи­каның табиғи және ілеспе газ­дың дәлелденген қоры­ның 90 проценті Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маң­ғыстау облыстарында таралған. Қазақстанда табиғи газдың қоры 1,84 миллиард тон­наны құрайды. Иә, газ бар. Оны іл­кімді пайдалану керек-ақ.

«Елордаға газ берудің бірін­ші кезеңі бойынша ЖЭО-1, ЖЭО-2-ге газ келеді». Бұл – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің сөзі. Олай болса, алдағы күндері ауа са­пасы жақсарып, тек астана ғана емес, басқа қалалардағы Жылу электр орталықтары да көгілдір отынға көшеді деп сендік.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ