«Армениялық» айыппұл

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 165

Бүгінде Армениядан арзан автокөлік айдап келу біраз адамның арманы десек, қателес­пес­піз. Жалғыз біз емес,

«Армениялық» айыппұл

Ереванға келген шет­ел­дік машинаны мінуге Еуразиялық эко­но­микалық одақ елдерінің тұрғындары түгел құм­ар. Алайда ол құмарлықтың түбі үлкен қыл­мысқа айналып бара жатқандай.

Соңғы уақытта еліміздің құқық қорғау органдары БАҚ арқылы шетелдік нөмірмен жүрген көліктерге қатысты күдікті ақпараттарды жариялай бастады. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаевтың айтуынша, 2019 жылдың басынан бері шетелдік нөмірмен жүрген көліктердің қатысуымен 60 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ол – ол ма, ережені бұзған «ере­ван­дық көлік» иелеріне салынған айыппұл тек қағаз жүзінде қалып отыр. Яғни, әкімшілік полиция толтырған 817 млн теңге айыппұлдың 6,5%-ы ғана өндірілген, қалған 765 млн теңге қаржыны кім төлейтіні белгісіз.

ҚР ІІМ-нің мәліметінше, «АМ» сериялы нөмір таққан автомашиналардың қатысумен орын алған апаттан 58 адам қаза болып, 314-і жарақат алған. Алайда қылмысқа қатысы бар жүргізушіні табу қиын. Көшедегі қаптаған камералар оларды жазып алғанымен, ол көліктер біздің елде емес, Арменияда тіркеуде тұр. Дегенмен құқық қорғау орындары оның да бір шешімін тапқан секілді. Таяуда өткен баспасөз жиынында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаев: «Біз Бас прокуратурамен, Ұлттық банкпен көлік иелерін сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргіздік. Заңнамаға сәйкес, Қазақстанға уақытша кірген кез келген көлік құралы міндетті сақтандыруға жатады. Осы орайда, сақтандыру полистері бойынша мәліметтер банкі бар, онда көлік иелері мен автомобильді басқарып жүрген азаматтардың аты-жөні тіркелген. Сонымен қатар онда көлікке қатысты мәліметтер, яғни маркасы мен мемлекеттік нөмірі де бар. Енді көлік басқарып жүрген адамдар жол ережесін бұзса, бұл фактілер олардың мекенжайына жіберіледі», – деді. Артынша бұл мәселеге орай еліміздің Бас прокуратурасы да үн қатып, көліктің иесі кім екендігі сақтандыру полисінің деректері арқылы анықталатынын мәлімдеді. Бұл бөтен нөмірлі көлік жүргізушіге бұлтартпас айғақ болары анық. Себебі шетелдік нөмір таққан көлік иелері Қазақстан аумағында жүргендіктен, міндетті сақтандыру полисін жасатуы тиіс.


АРЗАН КӨЛІК АРМЕНИЯҒА ҚАЙДАН КЕЛДІ?

Әрине, ел тұрғындарының арзан машина алуға деген қызы­ғушылығын күшпен басу да дұрыс емес. Өйткені нарық заңына орай әр азамат таңдаған тауарын алуға құқылы. Оның үстіне, біз Арме­ниямен бір одақта отырған елміз. ЕАЭО халқының арзан әрі сапалы көлікке деген ұмтылысы аталған ұйымға 2015 жылы Арменияның қосылуынан туындады. Әуелгіде Ереваннан көлік «қуып келуді» ресейлік азаматтар бастады, ке­йіннен қазақстандықтар қосыл­­ды. Анығында, Ресейде де, Қазақ­станда да одақтан тыс мемлекет­тердің көлігіне салынар кедендік баждың құны өте жоғары. Сон­дық­тан кеденді айналып өтіп, ­ар­­зан көлік мінгісі келгендер ­ақы­­ры амалын тапты. Ал ала­­қан­дай Арменияға (жер көлемі 29 743 км2, халқы 2017 жылғы санақ бойынша 2 986 100 адам) мұнша үлкен көлік нарығы қай­дан келді дерсіз? Армяндар АҚШ, Еуропа, Жапония, Кореяда өтетін аукционға жиі қатысқанды ұна­тады. Нәтижесінде, аукцион ар­қылы арзанға түскен автокөлік пароммен, теміржол арқылы, «фу­раларға» тиеліп Грузияға же­теді. Білетіндердің айтуынша, Тбилисиге жеткізілген көлікті көрмей-ақ қойған дұрыс. Неге десеңіз, автомобиль өндіруші мемлекеттерде ескі көлікті, жол апатынан кейін қағылған-соғыл­ған машинаны аукцион арқылы сату ісі жақсы жолға қойылған. Ал ондай апатты машинаны жөндеп, қисайған жерін түзетіп, оң рөлін сол жаққа ауыстыра қоюға грузин механиктері тым шебер деседі. Осылайша, сырлап, боялған «темір тұлпар» сылаң қағып, Армения арқылы одақтас елдерге «ұзатылып» кете барады. Әрине, шетелдің жүрілген көлі­гі­нің сапасы Қазақстан мен Ре­сей­де құрастырылып шыққан жаңа машинадан артық. Алушы да со­ны біледі. Әйтпесе, шекара асып, алыстан автокөлік әкеле ме?


Алыстан демекші, қазақ­стан­дықтар Арменияға барудың да оңай жолын тапқан. Егер Ере­ван­ға Ақтөбеден ұшақпен жете­мін десеңіз, Мәскеу арқылы ауы­сып мінесіз, билет бағасы 70-тен 120 мың теңге аралығында. Жа­райды, барғанда салт басты­сыз, жетерсіз. Ал қайтарда, авто­кө­лік­ті айдап келу керек. Ең төте, әрі қысқа жол – Баку порты ар­қы­лы паромға тиеп, Ақтауға ке­луге болады. Бірақ түбі бір түркі – әзірбайжандар түріңді танып жі­бі­генімен, армиян нөмірін көр­ген­де жақтыра қоймайды. Бұл бая­ғы екі елдің арасындағы бі­тіспес дау «таулықарабақ» оқи­ғасының нәтижесі. Еріксіз ас­ты­ңыздағы «темір тұлпардың» о бас­та келген жағы Грузияға ба­рып, одан Ресей арқылы елдің ше­тіне ілігесіз. Барып-келіп, алып-сатып жүргендердің ай­туы­на қарағанда, жол шығыны – 200-250 мың теңге. Бұл қаражат жа­нармай, тамақ және арзан қо­нақүй құнына кететін шығын.


АВТОКӨЛІК БАҒАСЫНДА АЙЫРМА КӨП

Автокөлік сататын сайттардың мәліметіне сүйенсек, көбіне қа­зақ­стандықтарды қызықтыра­тыны – Toyota Camry және Toyota Alphard маркалары. Әйтсе де, біз­дің тарап­тан сұраныстың кү­шей­гені Ар­мениядағы бағаны кө­теріп жіберген. Мысалы, 2018 жы­­лы 6 мың доллар деп бағ­алан­ған машиналардың бағасы биыл 9-10 мың долларға шық­қан. Ал 100 мың шақырым жү­гірген Mercedes көлігінің бағасы – 2 000 мен 10 000 доллар арасында.

YouТube-тегі Qaz Kolesa.kz арнасы таратқан дерек бойынша, 2014 жылғы Toyota Camry-дің бағасы 10 400 доллар. Қазақстан­нан барғандар көлікті сатып алу үшін армяндардың ішінен «та­мыр» тауып, үйіне уақытша тіркеледі, ол шамамен 50 доллар, көлікті сақ­тан­­дыру қызметі – 30 доллар. МАИ қызметіне тіркеуге қою – 50 доллар. Жекеменшік салық пен техбай­қау­дан өткізу құны – 150 доллар. Осы жұ­мыс­тар­ды істеп, көлікті өз аты­ңызға жа­зып, армениялық техпас­порт­пен Қазақстанға әкелесіз. Кей­бір бейресми деректерде жыл басы­нан бері Қазақстанға 53 874 ав­то­көлік сатылғаны айтылады.

Алайда ел тұрғындары үшін бір мәселе бар. Арменияда тіркеу­де тұрған машинаны мініп, пайда­ланып жүргеніңізбен, оны сата алмайсыз. Рас, сенімхат ар­қылы келісіммен ретін тауып сау­далауға болады, бірақ автокө­лік Арме­ниядағы алғашқы иесіне тиесілі болып қала береді. Сон­дықтан алдағы уақытта бұл мәселе заңмен реттелмесе, біраз жыл өткен соң азаматтар арасында тағы бір проб­лема туындауы әбден мүмкін.