Ет экспорты ішкі нарықтағы бағаға әсер етіп отыр

Қазақстан ет экспортын ұлғайтқаннан кейін ішкі нарықтағы өнім бағасы өсіп отыр. Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Қауіпсіздік кеңесінің жанындағы Сарапшылық кеңес отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.  

Ет экспорты ішкі нарықтағы бағаға әсер етіп отыр

Басқосуда ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов министрден азық-түлік экспорты ішкі нарықтағы бағаға қаншалықты әсер ететінін сұрады.

– Қазақстан экспортты ұлғайтуда. Бұл жақсы әрі дұрыс. Дегенмен көптеген сарапшының, оның ішінде Ұлттық банк мамандарының пікірінше, азық-түлікті сыртқа шығару ішкі нарықтағы бағаның көтерілуіне түрткі болады екен. Мәселен, ет, ұн, жарма... Сіздің ойыңызша, экспорт ішкі нарық бағасына әсер ете ме?, – деп сұрады Қ.Қасымов.

Ауыл шаруашылығы министрі азық-түлік экспорты мен ішкі нарықтағы бағаның арасында байланыс бар екенін жасырған жоқ.

«Әрине, ішкі нарыққа экспорттың әсері бар. Мәселен, қазір біз ет экспортын жақсы жолға қойдық. Бұл ретте жасыратын ештеңе жоқ. Өзбекстан біздің етімізді алып жатыр. Сол себепті елде ет бағасы көтеріліп келеді. Бірақ, екінші жағынан біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына шектеу қоятын болсақ, мәселен ет пен ұнға, онда сыртқы нарықты жоғалтып аламыз», - деді С.Омаров.

Министр алға тартқан дерекке қарағанда Қазақстан астық экспортына шектеу қойған кезде сыртқы нарықтың басым бөлігінен айырылып қалған.

«Қазір ғана біз оны біртіндеп қалпына келтіріп жатырмыз. Сондықтан ең алдымен ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін ұлғайтуымыз керек. Бұған қоса, логистика, салық салу, алыпсатарлық сынды ішкі мәселелерді шешуге тиіспіз. Айталық, өндірушілер еттің келісін 1,5 мың теңгеден сатады. Ал содан кейін ол ет 2,2 мың теңгеден саудаланады. Бұл орайда алыпсатарлар пайда тауып отыр», - деді ол.