Жас ғалымдар жиыны

Газет мақаласы Айқын газеті №79

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Жастар жылы аясында жас ғалымдардың республикалық конгресі өтеді. Іс-шараның мақсаты – Елбасының мемлекеттік бағдарлама­лары­ның негізгі тұжырымдамаларын іске асыру шеңберінде түйінді проблемаларды инновациялық индустрияландыру арқылы жаңғыртып, елдің экономикалық жағдайын жақсарту.

Жас ғалымдар  жиыны

Бүгінде Қазақстанның ин­но­вациялық даму жолын жаңа сатыға көтеріп, озық технологиялық ба­ғыттар бойынша тәжірибе алмасу маңызды. Сонымен бірге жоғары оқу орындарының ғылыми қызметінің жаңа әлеуетін көрсету мақсаты да күнтізбеде тұр. Әлемдік саяси, тех­никалық-экономикалық мәселелер контекстінде жаһандық сын-қатер­лер мәселелерін қарастыру, жас ға­лымдарды белсенді тарту арқылы ел дамуының инновациялық жолдарын кеңейту міндетін абыроймен атқару қажет. Осы орайда Қазақстан ғы­лымының заманауи сын-қатерлерін талқылау үшін осындай шаралардың көптеп ұйымдастырылғаны нұр үстіне нұр.

Мемлекетіміз отандық ғылымды дамытуға ден қойғаны белгілі. Сон­дықтан күш-жігерді шоғырландырып, жастардың коммуникациялық алаң­дарын дамытудың маңызы жоғары. Жиында қатысушы жастар өзекті идеяларды талдап, талқылап, тың ұсы­ныстарын да жеткізді. Бұл тә­жірибе алмасудың қаншалықты тиімді әдіс екенін тағы бір дәлел­дегендей әрі кәсіби ынтымақтастық­тың дамуына да оң әсер берері сөзсіз.

Конгресте ғылым саласын одан ары жаңғырту, ғылыми-техникалық зерттеулерді коммерцияландыру, зертханаларды, зерттеу институт­та­рын материалдық-техникалық ре­сурстармен қамтамасыз ету мәсе­лелеріне ерекше назар аударылды. Іс-шараға еліміздің жоғары оқу орын­дарының жас, белгілі ғалым­дары, қоғам және мемлекет қай­раткерлері қатысып, пікір алмасты. Бір айта кететіні, ЕҰУ жас ғалым­дарының еліміздің ғылыми ортасында салмақты орны бар. Білім алушы контингенттің 25 пайыздан астамы ғылыми-зерттеу жобаларына тар­тылған. Бүгінгі таңда ЕҰУ жас ғалым­дары өз жетекшілерімен бірге отан­дық ғылым үшін бес басым бағыт бойынша ғылыми жобаларға қаты­сады. Атап айтқанда, өмір туралы ғылым, энергетика, шикізат пен өнімді терең өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық техноло­гиялар, елдің зияткерлік әлеуеті жас ғалымдардың үздіксіз назарында.

Мұнда студенттік ғылыми қоғам, инновациялық кәсіпкерлікті қол­дайтын стартап-жобалар аймағы, бизнес-жобалар дайындау мен кон­салтингтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар шағын инновациялық кәсіпорындар мен стартаптар құрылып жатыр. ЕҰУ рей­тинг бойынша бірнеше жыл қата­рынан алдыңғы орында: QS World University Rankings және Times Higher Education World University Ranking-да дәйексөз бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары арасында 1-орын, Халықаралық ғылыми ме­трикалық деректер базасына (Thomson Reuters, Web of Science, Scopus, Sci Dire) кіретін импакт-факторлы журналдардағы ғылыми жарияла­нымдардың саны бойынша 1-орын, «2011-2015, 2017-1018 жылдардағы Қазақстанның ең дәйексөзді ғылыми ұйымдары» номинациясында (Web of Science) жас ғалымдардың еңбегі зор. Ең танымал қазақстандық ғалымдар да осында жұмыс істейді, ал олардың 30%- ын жас ғалымдар құрайды.

 

Айша ЕРСҰЛТАН