Жастарға мүмкіндік мол

Газет мақаласы Айқын газеті №80

Биыл – Жастар жылы. Ел болашағы жастардың білім алуына да, қоғамдық өмірге белсене араласуы­на да мол мүмкіндік берілген жыл. Әрине, қоғамда жастардың азамат, тұлға болып қалыптасуына көп жағдай жасалып отыр. Олардың білікті, бәсеке­ге қабілетті ұрпақ болып, әлемдік техно­логияларды игеруіне, заманауи құрыл­ғы­лардың тілін жетік білуіне жол ашылды.

Жастарға  мүмкіндік мол

Жас ұрпақ өмірде қалыптасып, нә­пақасын еңбекті еңселей отырып айы­руына қандай жолмен келуі керек? Ол жолдың бірі – жастардың мамандығын таңдай алуында. Яғни, кәсіби, кәнігі мамандарды дайындау мен тәрбиелеуде олардың танымдық қабілеттерін айшықтай алып, жақсы мамандар дайындау. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамалық бағ­дарламасының 6-шы тапсырмасында Үкіметке 2020 жылға дейінгі біліктіліктің ұлттық жүйесін кезең-кезеңімен әзірлеу жоспарын дайындап, қабылдауды; ЖОО мен колледж түлектері үшін біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды белсендірек жүргізуді тапсырған болатын. Оның қатарында әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетінін мойындау қажет. Сондықтан біліктіліктің ұлттық жүйесін (БҰЖ) құру жөніндегі барлық жұмысқа барынша екпін берілуі қажет. Олар тек нор­мативтік маңызға ие болып қана қоймай, соны­мен қатар әрбір кәсіп үшін «жол картасы» да бо­луы қажеттілігі күн тәртібіне шықты. Со­ны­мен қатар Елбасының тікелей тапсырмасымен 2017 жылдан бастап еліміздің жастары тегін кәсіптік-техникалық білім ала бастады. Қазіргі таңда «Баршаға арналған тегін кәсіптік-тех­никалық білім» бағдарламасы аясында колледж­дерде мыңдаған студент білім алып жатыр. Қысқа уақытта нақты кәсіпті меңгеріп шығатын жастар енді ел экономикасына едәуір серпін берері анық.

Ел экономикасын өрге сүйреуші күш – жастардың мамандық таңдауы, кәсібін айшықтап, анықтап алуына мүмкіндік туған кез. Ол техникалық, гуманитарлық мамандық бол­сын, әйтеуір еңбек етіп, ел абыройын асқақтатар жастардың біліктілігі заман көшінен қалмайтын сұранысқа ие, тұрақты жұмыс орнына ие аза­маттардың қатарында көрінетін мамандық иелерінің болғаны абзал. Қазір жаңа технология­лар көші көз ілеспес жылдамдықпен дамып, өндіріске жаңа мамандықтар келуде. Нарық сұранысын, өнеркәсіп көшін түзейтін мамандық­тар жаңашылдыққа да негізделген. Сондықтан мектеп қабыр­ғасында ІТ технологиясын игерген жастар, жоғарғы оқу орны немесе арнаулы оқу орындарында білімдерін жалғастыра ала­ды. Оған өндіріске енген оқу-әдістемелік, ғылыми-технологиялық бағыттағы жаңа­лықтар көмегі де зор. Бастысы – жастар мамандық таңдауда қателеспегені жөн. Ол оның өмірлік нәпақасы, шығар биігі, алар асуы, жетер жетістігі. Сан-салалы ма­ман­дық ішінен өзінің жүрегіне жақын, көңі­лінің көкжиегінен орын алған ма­мандықты игеруіне жастарға көп қамқор­лық жасалып отыр. Жарқын болашағын жарқын бі­ліммен ұштас­тырған бүгінгі жастардың таңдауы – болашағын таңдауы екенін ұмытпағаны дұрыс.

 

Өркен ШОҢМЫРЗАЕВ,

Жамбыл политехникалық жоғары колледжі өндірістік оқыту шебері,

Жамбыл облысы