Ауылға келді интернет

Газет мақаласы Айқын" газеті №94

Биылғы «Білім күнінде», 1 қыркүйекке қарай қиянда жатқан 200-ден астам ауыл кеңжолақты интер­нет­ке қосылмақ. Бұл жайында Цифрлық даму, қор­ға­ныс және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі хабарлады.

Ауылға келді интернет

Министрліктің мәліметінше, қабыл­да­ған міндеттемелеріне сәйкес бай­ланыс операторлары алдағы 3 ай ішінде Қазақстанның 5 облы­сындағы шалғайда орна­лас­қан біраз ауылға талшықты-опти­ка­лық желілер тартып шығады. Нәтижесінде, Жамбыл, Қараған­ды, Қызылорда, Павло­дар және Түркістан облыс­та­рындағы 201 ауыл жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізеді. Бірінші кезекте онымен осы елдіме­кен­дер­дегі 223 мектеп, 191 аурухана, 117 әкімдік қамтылады.

Жалпы алғанда, «Талшықты-оптикалық байланыс желілері тех­нологиясы бойынша Қазақ­станның ауылдық елді­мекендерін кеңжолақты қол­жетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру аясында биыл 685 ауылдық жерде орналасқан 2 мыңнан ас­там мемлекеттік орган мен бюд­жет­тік ұйымды осы желіге қосу жоспарланған.

Бұл ауқымды жұмыс «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасы және ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету міндетін орындау аясында іске асырылып отыр. Елді­ме­кен­дердің тізімі нақты критерий­лерді ескере отырып түзілген: атап айтқанда, жобаға аудан орта­­лықтары мен қалалар­дан қа­шықта орналасқан; тұр­ғын­­дары­ның саны 500-ден асатын; мем­ле­кеттік, білім беру және меди­ци­налық ұйымдары бар ауыл-кенттер кіріп отыр.

– Еліміздің барлық өңірінде дамыған елдерге тән қазіргі заман­ғы телекоммуникациялық инфрақұрылымды құру бағытын­да жүргізіліп жатқан бұл жұмыс заманауи байланыс қызметтеріне халықтың қолын жеткізуге мүм­кін­дік береді. Атап айтқанда, Қазақ­­станда интернет пайда­ла­ну­шылар саны 2018 жылдың өзінде жалпы халық санының 81,3%-ына жетті. Бұл ретте ауыл­дағы талшықты-оптикалық бай­ланыс желілері жобасы цифр­лан­дыруда шешуші рөл атқарады. Оның үстіне, бұл Қазақстандағы МЖӘ-нің ең кең ауқымды жал­пы­республикалық жобасы болып есептеледі және ол осы саладағы тұңғыш бастама. Осы бағыт­тағы жұмыс жалғасын таба­ды, – дейді министрліктің Телекоммуника­ция комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.

2018 жылдың қазан айында Ақпарат және коммуникация министрлігі (2019 жылғы 25 ақпан­нан бері – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі деп аталады) «Қазақтелеком» АҚ-ның және «Транстелеком» АҚ мен SilkNetCom ЖШС-нан тұра­тын консорциум өкілде­рі­мен бірге «Талшықты-оптикалық бай­­ланыс желілері технологиясы бойын­ша Қазақстан Республи­ка­сының ауылдық елдімекендерін кең­жолақты қолжетімділікпен қам­тамасыз ету» жобасына қа­тыс­­ты МЖӘ тетігі шартына қол қойды.

Жалпы ұзындығы 20 мыңнан астам шақырымға созылып жата­тын талшықты-оптикалық бай­ла­­ныс желісін тарту жобасын іске асы­ру нәтижесінде 1 250 ауыл­дағы 3 718 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйым, атап айтқанда, ауру­хана, мектеп, жергілікті атқару­шы органдар, авариялық қызметтер, қорғаныс нысандары және құқық қорғау органдары жоға­ры жылдамдықты интернет­ке қол жеткізеді.

Жоба 2018 жылы қолға алын­ды және жыл қорытындысы бойынша 56 ауылда орналасқан 177 мемлекеттік орган мен бюд­жет­­тік ұйымға байланыс қызмет­тері ұсынылды.

Жобаға сәйкес, жеке серік­тес­тер 50 Мбит/с кем болмайтын жалпы өткізу қабілеті бар теле­ком­муникациялық инфрақұры­лым салу арқылы мемлекеттік органдар мен бюджеттік сала меке­мелеріне байланыс қызмет­те­рін ұсынады. Бұған қоса, сала сарапшыларының пікірінше, тұрғызылған инфрақұрылым ұялы байланыс операторлары қыз­меттерін ауылда да дамытуға ынталандырады.