Жастарға жол ашылады

Газет мақаласы Айқын" газеті №94

Президентті ұлықтау рәсімінде Қазақстанның алдағы даму бағытын таныстырған Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік басқару саласында жастарға басымдық берілетінін айтты. Жаңа Президент кадрлық резерв туралы бастамасын «Жастарға ерекше назар аударғым келеді. Сіздер – Қазақстанның дамуында шешуші рөлге иесіздер» деп бастады. Жұмысын жастар саясатымен байланыстырған Президент ұсынысын «жақсы мүмкіндік» деп бағалаған сарапшылар жастарды іріктеу қандай талаптарға сай жүруі керегін айтты.

Жастарға жол ашылады

12 маусым күні өткен прези­денттің ұлықтау рәсімінде Қа­сым-Жомарт Кемелұлы прези­денттік өкілеті кезінде бас­шы­лыққа алатын бағдарлама­сының тоғызыншы бөлімін таныстырып тұрып:

– Елбасы 2019 жылды «Жас­тар жылы» деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнаулы жо­басы жұмысын бастады. Жастардың бизнес бастамаларын дамыту бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Жастарды жұмыспен қамту бағдарла­ма­ларын енгіземіз. Менің мінде­тім – сіздердің армандарыңыздың орындалуына, қазақстандық әрбір жас өзіндік «жетістік оқи­ғасын» жазып шығуына жағдай жасау. Жас, талантты басшы­ларды мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жеткізу үшін «президенттік кадрлық резерв» құрылады. Біздің жастар – мақсатқа бейім, еңбекқор, креа­тивті. Мұндай жастар барда, Қазақстанның болашағы үшін алаңдамауға болады, – деді. Өткен аптада ғана ұсынылған бұл бастаманы қай мемлекеттік орган жүзеге асыратыны, іріктеу қалай жүріп, оған кімдер қаты­сатыны әлі анық емес. Бірақ Президент сөзінен жобасы түсінікті болған «кадрлық резерв неге керек?», «оған өтетін жас­тарды таңдауға қандай қасиеттер басшылыққа алынғаны дұрыс?» деген сауалдар төңірегінде жастар саясатындағы бірқатар азаматтың пікірін білдік.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев Президент бастамасынан көп үміт күтеді. Сарапшының пікірінше, мемлекеттік қызметке талантты жастардың тартылуы қоғамдық қолдауға ие болып, көп мәселенің шешілуіне әсер етуі мүмкін.

– Әзірге Президент бастама­сы туралы кесіп айту қиын. Бір анығы – бұл жастарға бағыт­тал­ған жоба, әрі «президенттік кадрлық резерв» аталуына қарап, осы топқа таңдалған 300 жасқа салмақты лауазымдар беріледі деп топшылаймын. Бұл әкім­дердің не министрлердің орын­басары, жергілікті және рес­публикалық ведомстволардың басшылары қызметі болуы мүм­кін. Олай болмаса, бұл бастама тікелей президенттің қатысуы­мен көтерілмес еді деп ойлай­мын. Осыған қарап, жоғарғы басқарушы құрам жаңарады деген болжам жасауға болады. Бұл құрамға қазір мемлекеттік қызметте жүргендерден бөлек, жас ғалымдар, үздік университет түлектері және әр салада жетіс­тікке жеткен жастар да тарты­латын болуы керек. Бұған қа­тысты Қасым-Жомарт Кемелұлы әртүрлі мемлекеттерде қызмет етіп жүріп жиған халықаралық тәжірибесіне сүйенеді деп ойлаймын. Мемлекеттік қызмет жастар арасында біршама танымал деп айтуға толық негіз бар. Мыңдаған жас мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Қоғамда әлеуметтік лифт мәселесі өте жиі қозғалады. Сондықтан барлық сала бойынша әртүрлі деңгейдегі басқарушылық құрам жастармен толықса, бұл өзгерісті қоғам да жылы қабылдайды деп ойлай­мын, – деді ол.

Негізгі кәсібіне қосымша шетелдік тәжірибесі мен білімі барларға басымдық берілсін, бірақ жастардың жоғары білімді қайда алғанын (Қазақстанда немесе шетелде) негізгі критерий етіп белгілеуге қарсымын. 


«Болашақ» қауымдастығы­ның атқарушы директоры Лаура Демесінова «Қазақстанда әлеу­меттік лифт жақсы жұмыс істей­ді» деген пікірге қосылады. Жас басшы Президент ұсынған кадр­лық резерв қатарынан «Болашақ» бағдарламасының түлектерін де көргісі келеді. Лаура Демесінова өз ойының дұрыстығын дә­лелдейтін тұжырымдарымен де бөлісті:

– Президенттің кадрлық резерв құру бастамасын толық қолдаймын. Бұл жастар үшін үлкен мотивация болады деп ойлаймын. Жалпы, Қазақстанда жастар арасында әлеуметтік лифт жүйесі жақсы жолға қо­йылған деп ойлаймын. Мұны мен өз тәжірибеме сүйеніп айта аламын. Қазақстанда жоғарғы білім алып, квазимемлекеттік секторда еңбек ете жүріп, «Бо­лашақ» бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін алуға шетелге оқуға кеттім. Елге оралған соң, республикалық деңгейде жұмыс істейтін ұйым тізгінін қолыма алдым. Мемлекет «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне жеткілікті қаржы жұмсады. Өз кезегінде олардың шетелде алған білімі мен тәжірибесін мемле­кеттік басқаруда пайдаға асыру үшін оларды кадрлық резервке қосу қажет деген пікірдемін. Іріктеу ашық әрі сапалы өткенін қалаймын. Халық кадрлық резервке өтініш қабылдаудан бастап, басқарушылық құрамға кіргендердің аты-жөні белгілі болғанға дейінгі барлық кезеңді бақылауға мүмкіндік алуы керек.

Қазақстан Жастар Кон­гре­сінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов кадрлық ре­зерв­ке іріктеу кезінде жастардың шетелдік дипломына емес, олар­дың өз саласында сіңірген ең­бегіне қарау керек деп есептейді. Басқарушылық құрам «нағыз істің адамы» деуге лайық тұл­ғалардан құрылғанын қалайтын Тоқтар 300 жас мемлекеттік қыз­меттен бөлек, сан түрлі са­ладан жинақталса деген тілек білдірді.

– Жастар саясатының негізгі мақсаты – жастарға жаңа мүм­кіндік беру. Жоғары ла­уазымды қызметке тағайындалу үшін әдетте көп жылдық еңбек өтілі сұралады. Президент бас­тамасы талантты жастарды қолдап, олардың кәсіби салада өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жастар жүйеге жаңалық алып келеді, мәселеге басқа қырынан қарауға, оңтайлы ше­шімдер табуға көмектеседі. Ме­дицина, білім, мәдениет, бизнес және мемлекеттік қызметте табысты еңбек етіп жүрген жас­тарды іріктеп, басшылық қыз­меттерге қойса, аталған сала­ларда алға ілгерілеу болады деп ойлаймын. Президенттік кадр­лық резервке іріктеу кезінде, ең бірінші, жас­тар еңбегінің нә­тижесіне қарау керек деп ой­лаймын. Мысалы, аудан, қала деңгейінде өз саласы бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жет­кізген жастарды рес­публикалық деңгейдегі маңызды қызметке тағайындауға болады. Одан соң, жас басшылардың үш тілді жетік меңгергеніне көз жеткізу керек. Негізгі кәсібіне қосымша шетелдік тәжірибесі мен білімі барларға басымдық берілсін, бірақ жастардың жоғары білімді қайда алғанын (Қазақстанда немесе шетелде) негізгі критерий етіп белгілеуге қарсымын. Өйткені шетелде білім алуға мүмкіндігі не уақыты болма­ғанымен, еліміздің да­муына үлес қосып, өз саласының алға басуына еңбек етіп жүрген­дер көп, – дейді ол.


Кәусар АХМЕТ