Екінші кезеңге жол ашық

Газет мақаласы Айқын" газеті №99

Бұдан бес жыл бұрын Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бастау алған болатын. Экономикалық дағдарыстың алдын алып, қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған  үлкен жоба мәресіне жетіп қалды.

Екінші кезеңге жол ашық

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарла­ма­сын іске асыру басталғаннан бері автожол саласында 2,4 мың шақырым республи­калық маңызы бар автожол салын­ған және қайта жаңартылған.

«2019 жылы Қарағандыдан Алматы­ға дейін және Ақтөбеден Ресей шекара­сына дейін (Астрахан қаласына) құры­лыс жұмыстары басталды. Жыл қоры­тын­дысы бойынша 641 шақырым қайта жаңар­тыл­ған жолда қозғалыс ашу жоспарлан­ған. Нұр-Сұлтан – Павлодар (441 км), Щучинск – Зеренді (80 км), Бейнеу – Ақжігіт (85 км), Таскескен – Бақты (20 км), Жетібай – Жаңаөзен (73 км) жоба­ла­ры бойынша жұмыстар то­лық аяқта­лады», – дейді Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрі Роман Скляр. Оның мәліметінше, рес­пуб­лика­лық маңызы бар автожол­дар­дың 1,5 мың шақырымын жөндеу көз­дел­­ген.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірара­лық инфрақұрылымды жүйелі дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақса­тында 2018 жылы жергілікті желінің автожолдарын қаржыландыру тепе-тең негізде 156 млрд теңгеге дейін жеткен­дік­тен, 4 мың шақырымнан астам жолды жөндеуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылдан бастап біз қымбат күрделі жобалардан негізінен суық ресайклинг әдісі арқылы үнемді болатын орташа жөндеуге көшеміз. 2019 жылдан бастап жергілікті жол желісін жөндеуге қаржыландыру көлемі 200 млрд теңгені құрайды, бұл 5 мың шақырымнан астам жөндеу жұмыстарын қамтуға мүмкіндік береді», – дейді Р.Скляр.

3 жылдық кезеңде жергілікті жол­дарды қаржыландырудың жыл сайынғы көлемі жылына 5 мың шақырым дейін жөндеу жұмыстарын қамти отырып, 200 млрд теңгеден кем емес деңгейде сақталады. Мұндай қарқын кейінгі жылдары да сақталады. Бұл 2025 жылға дейін шама­мен 30 мың шақырым жолды жөндеуге және жергілікті маңызы бар автожолдар­дың 95% жақ­сартуға мүмкіндік бермек.

Асқар Мамин бағдарламаны іске асыру Қазақстанның транзиттік әлеуетінің, сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымының дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті.

«Бағдарламаның аса маңызды мін­деті – халықтың тұрмыс сапасын арт­ты­ру. Жаңа жолдар салу жүк тасы­мал­дау кезінде бизнес үшін көлік шығындарын кемінде 15 пайызға қысқартуға мүмкін­дік береді. Нәтижесінде, бұл өзіндік құнына және тұтынушылар үшін түпкі бағасына ықпалын тигізеді», – деді Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин.

Өткен жылдың өзінде ғана 86 мың­нан астам жұмыс орны құрылғанын айта кеткен жөн. Биыл жоспарға сәйкес тағы 54 мың жұмыс орнын құру көздел­ген. Сонымен қатар бағдарламаны іске асыру елдің көліктік әлеуетін дамытуға үлкен серпін берді.

«Бағдарлама аяқталатын осы жылға да үлкен жоспарлар бар. Республикалық маңызы бар 4,4 шақырым жол рекон­струк­­цияланып, 5 мың шақырым жергі­лікті жол жөнделеді. Осыған орай, мемлекеттік органдар, құрылыс компа­ния­лары белгіленген жоспарларды орындау үшін қарқынды жұмыс атқаруы тиіс», – деді Асқар Мамин. Оның айтуын­ша, экономиканың дамуына үлкен үлес қосқан және ұзақ мерзімді оң әсер еткен жобалардың бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы болға­нын атап өтті, оның аясында 47 жаңа өн­ді­ріс пен 73 қызмет көрсету нысаны құрыл­ды. Жобаны іске асырудың жыл­дық жиынтық тиімділігі – 200 миллиард теңге.

 

Ақылы жол: керек болар дерек

2018 жылы транзиттен түскен кіріс – 1,5 миллиард доллар. Ал транзит­тен қосымша табыс алу мақсатында осы жылдан бастап, Астана – Щучинск жолынан бөлек, 471 шақырым ақылы жол пайдалануға берілді. Оның ішінде Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас жолдары бар.

2019 жылғы 19 маусымнан бастап барлық ақылы жолда Инвестициялар және даму министрі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі­нің бұйрығына сәйкес, төлем қабыл­дау пункттерінде өткізу қабілетін арттыру, көлік құралдарының кептелісін болдырмау, көліктердің жедел жүруін қамтамасыз ету және уақытты үнемдеу мақсатында жол жүру ақысына диф­фе­рен­­циалды тариф енгізілді. Енді жеңіл автокөліктер үшін жолақысын қолма-қол төлеу 2 есе қымбат болады. Ал төлем жасаудың төмендегі түрлерін таң­дап, алдын ала ақшаны салып қойсаңыз дифференциалды тарифте көрсетілген соманың жартысын ғана төлейсіз. Ал жүк көлік құралдары үшін төлем бағамы өзгеріссіз қалады.

Автомобиль жолдарын нормативтік күтіп ұстау мен сақтауды қамтамасыз ету мақсатында жол жүру үшін ақы алу жүйесін енгізу жөніндегі жобаларды іске асыру жалғасуда. Жыл басында жал­пы ұзындығы 471 шақырым бола­тын Алма­ты – Қорғас (295 км), Алматы – Қап­ша­ғай (42 км) және Астана – Теміртау (134 км) жол телімдерінде төлем жинау басталды. Тұтастай алғанда, 2019 жыл­дың қорытындысы бо­йын­ша ақы­лы учаскелерден (4 учаске) жиналатын жыл сайынғы алым (осы автожолдарды күтіп ұстауға арналған қаржыландыру­дың норматив­тік қажеттілігі 3,2 млрд теңге болғанда) шамамен 5,4 млрд теңгені құрайды. Келесі жылы тағы 5,5 мың шақырымға ақы алу жүйесін іске қосу жоспарланып отыр, бұл авто­жол­­­дар­ды күтіп ұстауға жұмсалатын шы­­ғын­дарды едәуір қысқартуға мүм­кін­­дік береді. Атап өтсек, ақылы жол телім­де­рі­нің бағасы: Нұр-Сұлтан – Щучинск (бір бағытта: қолма-қол төлеу – 400 теңге, алдын ала «онлайн» төлеу – 200 теңге), Нұр-Сұлтан – Теміртау (бір бағытта: қолма-қол төлеу – 400 теңге, ал­дын ала «онлайн» төлеу – 200 теңге. Алма­ты – Қапшағай (бір бағытта: қол­ма-қол төлеу – 200 теңге, алдын ала «онлайн» төлеу – 100 теңге). Алматы – Қорғас (бір бағытта: қолма-қол төлеу – 600 теңге, алдын ала «онлайн» төлеу – 300 теңге). Төлем жасаудың түрлері: Payway.kz. Интернет-банкинг: Kaspi bank, Halyk bank, Сбербанк, Eurasian Bank, Capital Bank, АТФ Банк. Терми­нал­дар: QIWI, Касса 24, CyberPlat, Tenge, Payway.kz, Касса 24 элек­трон­дық әмияны, QIWI, Wooppay, Salempay. Телефон теңгері­мі­нен де төлем жасау мүмкіндігі бар.

Ал 2020 жылы 5,5 мың шақырым ақылы жол іске қосылады.

Биыл 2015-2019 жылдарға арналған «Нұр­лы жол» мемлекеттік бағдарлама­сын іске асырудың бірінші кезеңі аяқ­та­лады. Енді 2020-2025 жыл­дар­ға ар­нал­­ған келесі кезеңі әзір­ленбек. Үкімет басшы­сы оны Индустрия және инфра­құры­­лымдық даму министрлігіне тапсырды.