«Бастау» – кәсіпке үйретудің үздік үлгісі

Газет мақаласы "Айқын" газеті №108

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінің төртінші бастамасы жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген шағын несие беруді көздейді. Былтыр жария етілген бұл бастама 2016 жылы іске асырылған «Бастау» пилоттық жобасына негізделген. Жобаның тиімділігі белгілі болған соң, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бастаудың» сәтті тәжірибесін жалғастырып, жас кәсіпкерлерге арналған бағдарламаны әзірлеуді тапсырды.

«Бастау» –  кәсіпке үйретудің үздік үлгісі

«Бастау» жобасының негізгі ерекшелігі – ауылды жерде кез келген жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат кәсіпкерлік негіздерін оқып, жеке кәсіп ашуға жеңілдікпен несие ала алады. Жоба алғаш рет Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында жүзеге асқан, ары қарай Ақтөбе облысының Темір ауданында, Маңғыстау облы­сының Жаңаөзен қаласында жалғасты. Жоба операторы – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегіне сүйенсек, пилоттық жоба іске асқан бір жылдан кейін, яғни 2017 жылы мақсатты көрсеткіштер толық орындалды. 80 ауданда 15 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Соның ішінде 3314 адам кәсіп ашты, бизнесін кеңейтті. Жылдық мөлшерлемесі 6 па­йыз­дық жеңілдетілген несие ар­қылы 2555 жоба ашылды. 700-ден ас­там жоба кәсіпкерлердің жеке қаражатына ашылды. 

Елбасы өзінің бес әлеуметтік бастамасында 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге бо­латын 7200 шағын несие беріл­генімен, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиені ала алмағанын айтқан болатын.
«Сондықтан 2018 жылы қо­сымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы со­масын 62 миллиард теңгеге жет­кізуді тапсырамын. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салысты­р­ғанда, 2 есеге артып, 14 мың адам­ға жетеді. Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек. Бастама мың­даған адамға өз ісін ашуға мүм­кіндік беретінімен маңызды», – деген Елбасы бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кә­сіпкерлікті дамыту үшін айрық­ша маңызды екенін айтты. Се­бебі пилоттық жоба барысында жүзеге асқан жобалардың 80 па­йызы ауыл шаруашылығы сала­сына тиесілі болатын. Қалған бөлігі – сервис, сауда және өзге салаларды қамтыды. 

Елбасы бастамасынан кейін «Бастау Бизнес» жобасы заңды жалғасын тапты. Бағдарламаға жұмыссыздар, кәсіпкерлік әле­уеті бар өз-өзін жұмыспен қам­тыған және ауылдар мен аудан орталықтарында тұратын, 2018 жылдан бастап қалада, оның ішінде моно және шағын қалаларда тұратын адамдар қатыса алады. «Бастау Бизнес» жобасының қаржылай емес қолдау операторы – «Атамекен» ҰКП.
«Атамекен» ҰКП Жаппай кәсіпкерлік және шағын қар­жы­ландыру департаментінің басқа­рушы директоры Бауыржан Ораз­ғалиевтің айтуынша, 2017 жыл­дан бастап «Бастау Бизнес» жо­ба­сы «Еңбек» Нәтижелі жұ­мыс­пен қамту және жаппай кә­сіп­кер­лікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдар­ла­ма­сының негізгі бағыты саналады. 

– «Атамекен» ҰКП оператор ретінде бағдарламада көзделген үш жыл ішінде 60 мыңға тарта адамды кәсіпкерлікке баулиды. Жоба бойынша кәсіпкерлік не­гіздерін оқыту үшін әуелі тес­ті­леу өткізіледі. Бизнес-жетекші­лік және жеке кеңес беру қағи­даты бойынша топтарда тәжі­рибелік оқыту ұйымдастыры­лады. Сосын бизнес-жобаны қор­ғауға (тұсаукесерге) дайын­дай­мыз. Бір жылға дейін бизнес-жобаны іске асыруға ілеспе қыз­мет көрсетеміз. Қаржылай емес қолдау көрсету мақсатында аудандар мен қалаларды қос­қанда 192 кәсіпкерлікті қолдау орталығы жұмыс істейді. Бізге кәсіпкерлерді қолдауға арналған жобалар бір-біріне ұқсас деп жа­тады. Шындығында, олай емес. Мысалы «Бастау» жобасы – бас­тауыш сынып болса, «Жас кә­сіп­кер» жобасы жоғары сынып сияқты. «Бизнестің жол карта­сы», «Іскерлік байланыс» жо­балары аяғынан нық тұрған кә­сіпкерлерге арналған. Бізде 200-ден астам бизнес-тренер бар. Тренерлер құрамын әлі де кеңейтіп жатырмыз. Консалтинг орталықтары мен бизнес-мек­тептерден спикерлер шақы­ра­мыз. Біздің барлық қызметіміз те­гін. «Бастау» жобасында 17 мың теңге көлемінде стипендия бе­ріледі, – дейді Б.Оразғалиев. 

Оның айтуынша, былтыр жобаны жүзеге асыру жұмысы ауқымы кеңейді. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен елдің бар­лық аудандары мен моноқала­ларында 28 мың адам қамтылды, оның ішінде 19,5 мың адам биз­нес-жобасын қорғады. Бұл бар­лық оқығандардың 60 пайызын құрайды. 8 мың адам жобаларды жүзеге асыруға арналған шағын несие алды. Салықтық деректер мониторингі көрсеткендей, «Бас­тау» жобасы түлектерінің 95 пайызы бүгінде кәсібін сәтті жүргізіп, салық төлеп отыр. 

– Жоба аясында биыл 15 мың ауыл тұрғынын оқытамыз. Со­ны­мен қатар, жұмыс іздеп, қа­лаға көшкен, жұмыссыз жүрген ауыл жастарынан 40 мың адам «Бастау» жобасына қатысады. Оқу кестесі «Атамекен» ҰКП ресми сайтында жарияланған. Ал жастарды кәсіпкерлік негіз­деріне оқытатын «Жас кәсіпкер» жобасы Алматыда 4 наурызда іске қосылды. Оның негізінде ел өңірлерінде жобаны кеңейту мақсатында оқыту үлгісін толы­ғымен сынау жоспарланып отыр. Теориялық курс бизнес психо­логиясы, бизнес-идеяны іздеу, digital-маркетинг, электронды қызметтер, қаржылық жоспар­лауды меңгеруді қамтиды. Курс­қа 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз адам қатысып, жеке бизнес-идеясын құра алады. Ары қарай бұл жобалар грант алу байқауына қатыса алады. Грант сомасы анықталған: 200 АЕК, демек, 505 мың теңге – кәсіп ашуға жақсы бастама. Грант «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр, – дейді басқарушы директоры. 

Айта кетейік, Елбасы «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыруға Үкімет 2019-2020 жыл­дар аралығында 32 миллиард теңге бөлуі керегін мәлімдегені есте. Қолға алынған шаралар ар­қылы үш жыл ішінде кәсіп­керлік негіздеріне 300 мың жас оқып, 80 мыңға жуық адам жеке кәсіп аша алады. 

«Бастау» жобасы шеңбе­рін­дегі бизнес-жобалардың бір­қа­тарына тоқталсақ, шымкенттік Саодат Каримова жоба бойын­ша оқудан өткен. Инновациялық жобалар байқауына қатысып, үш миллион теңге көлемінде грант жеңіп алды. Қазір ол ақылды үй құрылысына арналған смарт-роботтарды жинау бойынша білім беру орталығын ашуға дайындалып жатыр. 

Павлодар облысы Успенка ауылының 53 жастағы тұрғыны Ульяна Конкина ауылда қонақүй ашты. Ол бизнес-идеясын жеке қаражатына жүзеге асыра бас­тады, үйге жөндеу жүргізді, бөл­мелерді оқшаулады, кәріз құ­бырын жүргізіп, жуынатын бөл­ме жасады, жиһаз алды. Аулада монша, беседкалар, гараж, авто­көліктерге арналған тұрақ бар. Осымен шектелмей ауыл тұр­ғыны «Бастау» жобасына қатыс­ты. Оқуды аяқтаған соң бизнес-жобасын сәтті қорғап, мемле­кеттік гранттың иесі атанды. Осы қаражатқа қонақүйге ар­налған қосымша жабдықтар сатып алмақ. 

Тұрсынхан Ділдәбаев өзінің наубайхана жобасын жүзеге асыру үшін елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударды. «Бастау» шеңберінде өз жобасын қорғап, бизнеске қажетті жабдық пен көлік сатып алды. 

Ал Ақтөбе тұрғыны үйде отырып, көрпе-жастық тігумен айналысқан, алайда жеке кәсібін дамытқысы келген. Ол үшін тиіс­ті жабдық керек. Уақыт өте келе қолдау таппаған соң, «Бас­тау» жобасы туралы ақпарат ала­ды да, курсқа жазылды. Оған Мәр­төк ауылынан – курс өтіп жатқан Казанка ауылына дейін 8 ша­қы­рымдық жол кедергіге ай­налды. Соған қарамастан оқуын жал­ғас­тырды, табан­ды­лы­ғының арқа­сында жобасын қорғап, қаржы­ландыруға қол жеткізді. 

Міне, бес әлеуметтік баста­ма­дан басталған «Бастау» көп адамға жеке кәсіп жүргізудің тамаша мүмкіндігін сыйлап отыр.

Айдана БЕГІМ