Индустрияландыру: Үкімет пен бизнестің үндестігі

Құмарлық, іңкәрлік және үмітшілдік – әр адамнан табылар асыл қасиеттер. Бірақ кейде осы ақ сезімдер лас, бұрмаланған сипат алып, баз бір бейшараны бәлеге бастайтыны да бар. Ондайда әлгі мұндар ақыл-есінен айырылып, есіл-дерті бәс тігу болады, тіпті қолда барын, бүкіл байлығын соған жұмсауы, ұлы мұраттарды ұмытып, қу дүниенің өткінші қызық-шыжығына әуестенуі мүмкін.

Индустрияландыру: Үкімет пен бизнестің үндестігі

Қаптаған құмаройындар, покер, bitcoin, спорт оқиғалары, ат жарысы, ит таласы, әтештер төбелесі – құныққан жан ұтыстан дәмелендірер нәрсені өзі табады. Адамдардың, әлеуметтік топтар мен таптардың жиынтығы ре­тінде мемлекеттер де пендеге тән құмарлықтар жетегіне ереді. Айталық, «болашақ ұрпақ бір өтер не құнсызданып кетер» деп, халықаралық қаржы ұйымда­рынан миллиардтап қарыз алады. Мемлекеттер де өз әл-ауқатын арттыру үшін бәс тігеді: акция, облигация секілді құнды қағаз­дарға қаржы салады. Олар өз байлығын доллар, еуро, фунт, швейцариялық франк, арнайы қарыз алу құқықтары (SDR) се­кілді әлемдік резервтік валюта­ларға айырбастайды. Сөйтіп, молырақ табыс табатынына сенеді, үміт артады.

Әрине, жақсы өмір сүруі, ең құрығанда өлместің күнін көруі үшін мемлекетке де негізгі табыс көздері қажет. Сондықтан олар да әлдебір салаларға маманданады. Бұл ретте Қазақстан ХХ ғасырдан бері шикізат өндіру ісіне әбден төселіп алды. Демек, соған бәс тіккен.

Ашығын айту керек, бұл «тә­уелсіз мемлекеттер қоғамында» құнсызданып бара жатқан ма­ман­дық саналады. Оның иелеріне көш бастау емес, үсті-басы кір-кір, табаны тілім-тілім болып, даму көшінің соңында салпақтау қалады.

Нақты мысалға жүгінсек. Қа­зақстанның жаһандық «қара ­ба­зарға» өткізетін басты тауарла­ры – мұнай мен металл. Соның ішінде «қара алтынның» әр бөш­ке-баррелінің құны 2008 жылғы 135 доллардан қазір екі есеге – 62 долларға дейін ар­зандап кет­ті. Сондай-ақ егер Қа­зақстан 2011 жылы мыстың әр тон­насын сатудан 10 мың доллар­дай кіріс көрсе, 2019 жылғы шіл­деде Лондон металдар биржа­сын­да (The London Metal Exchange) оның бағасы екі есеге жуық, 5 927 долларға дейін құлдырап кет­ті. Bitcoin пен Ethereum желі­лерінде майнинг жасап, крипто­валюта өндіргендердің өзі бұдан көбірек пайда тапқаны жасырын емес.

Әділін айту керек, мемле­кетіміз шикізатқа тәуелділіктен құтылуға кейінгі он жыл бойы салмақты күш салып келеді. Экономиканың шикізаттық емес секторларын өркендету үшін Қазақстанда 2010 жылдан бастап жоғары өнімділікті және экс­портқа бағдарланған өңдеуші өнеркәсіп құруды мақсат ететін жаңа индустриялық саясат кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Бүкіл экономиканы әртарап­тан­дырудың қозғаушы күші мен ұс­тыны ретінде индустрияландыру саясатының басты мұраты – өңдеуші өнеркәсіптің дамуына және оның ел экономикасының негізгі драйверіне айналуы үшін жағдай жасау болып отыр.

Нәтижесінде, индустриялан­дыру жылдарында өңдеуші өнер­кәсіп өнімдерін шығарудың озық қарқынына қол жеткізілді. Еңбек өнімділігі 1,5 есеге өсті. Инвес­тициялар мен мемлекеттік бюд­жетке түсетін салық түсімдерінің ағыны 2 есеге ұлғайды.

Қазақстанда бұрын ешқашан болмаған 500-дей жаңа өнім түрінің өндірісі жолға қойылды, олардың арасында жүк және жолаушылар вагондары, электро­воздар, жүк, жеңіл автокөліктер мен автобустар, трансфор­ма­торлар, рентген аппаратурасы, жарықдиодты шамдар, титан құймалары мен қаңылтақтар (слябы), дәрілік заттар, сүттің жаңа өнімдері және басқалар бар. Сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті «Қазақстанда жасалған» таңбалы тауарлардың саны артты: оның ішінде бу турбиналарын, мыстан жасалған бұйымдарды, радиаторларды, аккумулятор­лар­ды, сусын түрлерін, кондитерлік бұйымдарды атап өтуге болады.

Алайда әлемде басталған «жа­һандық сауда соғыстары», ары қарай өршіген санкциялық қы­сымдар, нарықтардың протек­цио­низм қалқанымен жабылуы, инвесторлардың дамыған елдер­ден жаппай кете бастауы Қа­зақ­станның индустрияландыруда қол жеткізген жетістіктерін жоқ­қа теңестіруі де ғажап емес. Ен­де­ше, жаңа жағдайда сапалы индус­триалдық секіріс жасап, ел мен экономиканы өрлеудің жаңа биі­гіне көтеру үшін ел Үкіметіне бұл салада жаңаша әрекет етіп, тың тәсілдерге жүгіну қажет болады.

Осы мақсатта Export for develop­ment Қазақстанды индус­трия­­лық-инновациялық дамыту­дың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленді. Ағылшынша атауы мемлекеттік тілге «Дамуға арналған экспорт» деп аударыла­тын бұл бағдарламаның басты нысанасы – қосылған құны жоға­ры, экспортқа бағдарланған өн­дірістерді дамыту арқылы өң­деуші өнеркәсіп салаларының және аралас қызметтердің жаһан­дық бәсекеге қабілеттілігін арт­ты­ру және жоспарланған өршіл нәти­желерге қол жеткізу үшін сай­ма-сай қаржыландыруға баса назар аудара отырып, оларды дамыту.

Алдағы бесжылдықта, яғни 2020-2025 жылдары жаңа индус­триалдық бағдарламаны іске асы­руға республикалық бюджеттен 5 триллион 199,4 миллиард теңге жұмсалады деп күтілуде. Тарата айтсақ, 2020 жылы – оның 519,9 миллиарды, 2021 жылы – 779,9 миллиарды, 2022 жылы – 1 триллион 299,9 миллиарды, 2023 жылы – 1 триллион 299,9 мил­лиарды, 2024 жылы – 779,9 мил­лиарды, ал 2025 жылы 519,9 мил­лиарды арна тартпақ.

Жаңа мембағдарламаны іске асыруға жұмылдырылатын орта­лық және жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері белгіленген міндеттер үдесінен лайықты шыға білсе, 2025 жылы Қазақстан келесідей көрсеткіштерге қол жеткізбек. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2016 жылғы деңгеймен салыстыр­ғанда, 1,7 есеге нақты өсуі тиіс. Екіншіден, өңделген өнімдер экс­портының көлемі 2016 жыл­ғы­дан 2,3 есеге артуы керек. Үшіншіден, өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына салынған ин­вестициялар ауқымы 2016 жыл­ғы мөлшерімен салыстырғанда 2 есеге ұлғаюы шарт. Төртіншіден, сол жылға қарағанда, эконо­ми­калық белсенді әрбір 1 000 адамға шаққандағы өңдеуші өнер­кә­сіптің жұмыс істеп тұрған кәсіпо­рындарының саны 1,6 есеге кө­беюі қажет.

Бесіншіден, Гарвардтың «эко­номикалық күрделілік индек­сінде» республикамыз 55-орынға дейін көтерілуі тиіс. Бұл рейтинг­ке (Тhe economic complexity index) әрбір ел жасайтын өнер­кә­сіптік тауарлардың әралуандығы мен күрделігі және олардың мемлекеттің әл-ауқаты мен даму әлеуетіне ықпалы көрініс табады.


Мұның адам өмірінде де үлгісі бар: бір қоғамда он саусағынан өнер тамған қолөнершілер де, сегіз қырлы, бір сырлы таланттар да, сонымен бірге, қолынан қара жұмыстан басқа ештеңе келмей­тін тым қарапайым жандар да болады. Тиісінше, аталған рей­тингтің басында тұрған мемле­кеттер – өнерлі елдер де, ал тізім соңындағылар – мирасқа қалған шикізатты өндіріп, шикілей сатқанына мәз болған дарынсыз елдер.

Қазақ елі қайсысына жақын? Республика 2018 жылғы рейтинг­те 126 тәуелсіз мемлекет арасында 84-орынға жайғасқан. Биыл 80-орынға дейін көтеріледі деген үміт бар. Одан ары 77, 75, 70, 65, 60-шы сатыға жоғарылау жос­пар­лануда. Сөйтіп, 2025 жылы 55-ор­ын­­ға жету мақсаты қойылған.

The Economic Complexity Index баяндамасында айтылғандай, Қазақстан экспортының негізгі тауарлары – шикі мұнай, мыс, газ, ферроқорытпалар және химиялық заттар көрінеді. Көріп отырсыз, сонша күрделі де емес. Қазақстандық экспорттың негізгі бағыттары ретінде Қытай, Ресей, Франция, Нидерланды және Германия аталған.

Бұл рейтингте өрлеу үшін өңдеу өнеркәсібін өркендету шарт. World Bank Database дерегінше, әлемдік экономикада өңдеуші өнеркәсіптің жыл сайынғы өсімі 15,6%-ды құрайды. Бұл қазақстандық 11,8%-дық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Басқаша айтқанда, еліміздің деңгейі орташа жаһандық деңгейге де жетпейді.

Соның ішінде ЭЫДҰ-ға кіретін дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш орта есеппен 14,3%. Өйткені олар кемеліне келіп болған. Ал оларды қуып жетуге жанталасқан көптеген дамушы мемлекеттерде өңдеуші өнеркәсіптің жыл сайынғы өсімі 20-35%-ға жетеді. Мысалы, Қы­тайда – 29,3%, Малайзияда – 23,3%, Индонезияда – 20,2%. Пост­к­еңестік кеңістік елдері ара­сында ең жоғарғы нәтиже Беларуське тиесілі – 22%. Қытай мен Кореяның «экономикалық ғажайыбы» – олардың ЖІӨ құрылымындағы өңдеуші өнер­кәсіптің жоғары үлесін сақтауға ықпал ететін индустриялық даму жолына көшуімен байланысты болды.

Елімізде 2010-2018 жылдар ара­лығында индустриялан­дыру­дың қос бағдарламасын іске асы­ру арқасында өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың оң серпініне қол жет­кізілді. Өндіріс көлемі 2010 жыл­ғы 2,9 триллион теңгеден 2018 жы­лы 10,4 триллионға дейін немесе 3,5 есеге ұлғайды. Осы кезеңде өңдеуші өнеркәсіптің нақты кө­лем индексінің орташа жылдық өсу қарқыны 3,9% болды және жиынтығында 42%-ға жетті.

Әйткенмен, өңдеу өнеркә­сібінің салалық құрылымында 2018 жылы да металлургия басым: оның үлесі 44%-ды құрайды (2010 жылы – 41,5%). Тамақ өнімдерін өндіру үлесі керісінше, біршама – 18,1%-дан 14,9%-ға дейін тө­мендеген. Машина жасаудың (9,8%-дан 10,3%-ға дейін), химия өнеркәсібінің (2,7%-дан 3,7%-ға дейін) еншілері біраз артты. Қалған салалардың үлес салмағы сонша өзгере қойған жоқ.

Бүгінде шикізат бағасының кенеттен өзгеріске ұшырауына еш қыңбайтын әрі жаһандық сауда-саттыққа бағытталған, ана­ғұрлым жоғары технологиялық күрделіліктегі өнімдер өндірісін ұйымдастыру арқылы өңдеуші өнеркәсіпті қарқынды дамыту мәселесі пісіп-жетілді.

Осыған орай, жаңа индус­трияландыру бағдарламасында бірқатар өзгерістер көзделген. Атап айтқанда, экспорт – компа­нияның тиімділігі мен бәсекеге қабілетін анықтау және оны мем­лекеттік ынталандыру ауқымын айқындау кезінде негізгі өлшем­шартқа айналмақ. Өңдеуші сек­торды дамыту мақсатында мем­лекет қарастырған негізгі құрал­дар немесе ынталандырулар «экс­порттық тәртіппен» байла­ныс­тырылады: ол мемлекеттік ынталандырудың нақты әрі тікелей шараларына қол жеткізу үшін басты талап болады.

Отандық экспорттың адымын ресейлік тосқауылдар аштырмай тұр. Дүниежүзіндегі ең ұзын үз­діксіз құрлықтық шекара Қазақ­стан мен Ресей арасында екені мәлім. Алып Қытай арқылы жа­һан­дық нарыққа шығу қиын, ал Каспий транзиті шектеулі бол­ғандықтан, біздің компанияларға шетелдік клиенттеріне өз өнім­дерін амалсыз, солтүстік көрші­нің аумағымен жөнелтуге тура келеді. Алайда басқыншылығына қарай батыс елдерінің санкция­лық қыспағына қалған Ресейдің қарсы әрекеттері «одақтастарына» да кесір болып тиюде. Мәселен, жақында «Атамекен» ҰКП қазақ­стандық тауарлар үшін Украи­наның ірі нарығы жабылғанын айтып, дабыл көтерді. Ресей біздің еуропалық бағытты бетке алған экспортымызға да бөгетін жасап отыр.

Сондықтан жаңа бесжылдық мембағдарламада «Ресей заңна­масын оның ЕАЭО туралы шарт шеңберінде қабылдаған міндет­темелеріне сәйкес келтіру үшін келіссөздер жүргізу» көзделіп отыр. Мұндағы мақсат – одақтың техникалық регламенттері енгі­зілген өнімдерге қатысты ресей­лік қосымша талаптарды алып тас­тау немесе ол талаптарды ЕАЭО қа­ты­сушыларына таратпау болмақ.

2025 жылға дейінгі индустрия­ландыру бағдарламасы жобасына сәйкес, ДСҰ мен ЕАЭО аясында жергілікті кәсіпкерлікті қолдау; транзитті арттыру және көлік-ло­гистикалық инфрақұрылым тиім­­ділігін қамтамасыз ету; Ин­дус­трия 4.0 технологияларын енгізу; жоғары білікті кадр даяр­лау және басқа да толып жатқан шаралар жоспарланған.

Бұл шаралардың тиімділігін, қаншалықты толымды жүзеге асарын алдағы уақыт көрсетеді. Бір анығы, мемлекет жалғыз өзі экономиканы көтере алмайды, бұл бизнесмендердің жұмылуы мен күш-жігер жұмсауын, қаржы-инвестиция салуын талап етеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер де мем­лекеттің бизнес жүргізу үшін қо­лайлы жағдай туғызуын және қамқорлық көрсетуін қажетсінеді.

Олай болса, табысты индус­трия­ландыру дегеніміз осы ба­ғыт­тағы Үкімет пен бизнес орта­ның іс-қимылының үндестігі болса керек.