Көлеңкелі бизнеспен күрес күшейді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №121

Қазақстанның өндіріс орындарында шыққан немесе сырттан импортталған кез келген өнім тұтынушыға жеткенге дейін онлайн мониторингтен өтеді. Бұл көлеңкелі экономикамен күрес мүмкіндігін кеңейту үшін жасалмақ. Сонымен бірге, шетелге заңсыз қаржы аударымын жасау дерегінің жолын кесу үшін Ekman халықаралық қаржылық тобы құрылды. Бұл жөнінде кеше Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында айтылды.

Көлеңкелі бизнеспен күрес күшейді

Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпан­құ­ловтың айтуынша, көлеңкелі биз­неспен, әдетте теріс пиғылды­лар мен салықтан жалтарғандар айналысады. Алайда олар Мем­лекеттік кірістер комитетінің тек­серуінен кейін үлкен пробле­маға тап болуы мүмкін екенін ұмытып кетеді. «Менің ойымша, салық төлеп, бизнесін ашық жүргізіп отырған кәсіпкерлер өз бизнесін жабық жүргізетіндерден шығын көріп отыр. Себебі, бәсеке болмаған­дықтан, шығынға батуға мәжбүр. Шындығында, адал бизнес су­бъек­тілері өздері сияқты бә­се­келес­терімен жұмыс жүргізуге мүм­кін­дік алуы тиіс. Сонда ғана Қазақ­станда дұрыс нарықтық орта қалыптасар еді», – дейді ол.

Б.Шолпанқұловтың ай­туын­ша, бизнесті «көлеңкеден» шы­ғару жұмыстары салық және ке­ден саясатын жетілдіру, қолма-қол ақшасыз айналымның үлесін арттыру арқылы жүзеге асырылып жатыр.

«Іске асырылып жатқан ша­ралар салық және кедендік әкім­шілендіруді цифрландыруға, ақ­параттық жүйелерді интеграция­лауға негізделген. Мұнда ақпа­рат­тық жүйелерді дамыту секілді бас­тамаларды іске асырудан үл­кен нәтиже күтеміз. Мәселен, та­уар­ларды бақылау жүйесін құру экономиканы контрафактілі өнім­дерден қорғауға көмектеседі. «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі тұтынушыға дейін тауарлар қозғалысын бақы­лауға, ал «Виртуалды қойма» мо­ду­лі тауарлар қозғалысын авто­матты түрде бақылауға мүмкіндік береді. Ал нақты қадағалау тұрғы­сынан тауарларды таңбалау жүр­гі­зіліп жатыр», – дейді ол.

Айта кетейік, тауарлар қоз­ғалысын бақылаудың соңғы ке­зеңі – 2020 жылдан бастап он­лайн-кассалық бақылау маши­наларын пайдалануға жаппай көшеміз. Бұл өз кезегінде рейдтік тексерулерден қашықтан салық­тық бақылауға көшуге ықпал ете­ді. Қазірдің өзінде салықтық әкімшілендіру аясындағы цифр­лан­дыру салыққа қатысты тексе­рулерді 9 пайызға қысқартып, Қазақстан бюджетінің кірістер бөлігіндегі түсімдерді 20 пайызға көбейтті. Бұл жұмыс алдағы үш жыл ішінде бюджетке 1,9 трлн теңге көлемінде қосымша түсімді қамтамасыз етеді (2019 жылы – 520 млрд теңге, 2020 жылы – 623 млрд теңге және 2021 жылы – 750 млрд теңге) деген болжам бар.

Көлеңкелі экономикамен кү­ресте қатал талап қоюмен қатар, түрлі жеңілдіктер ұсынудың да тиімділігі болады. Бұған бір мысал келтірсек, әлеуметтік желі арқылы сауда жүргізетіндерге та­быс салығы салынбайды. Бұл – электронды сауда бизнесі өкіл­деріне жасалған жеңілдік. «Элек­тронды саудамен айналысатын бизнес өкілдерін «көлеңкеден» шы­ғару үшін салық заңнамасы бо­йынша жеңілдіктер беріп жа­тырмыз. Біздің ойымызша, әлеу­меттік желі – келешекте табыстың орасан зор көзі болады. Осындай санаттағы бизнеспен айналы­сатындарды тіркеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ қадағалау және бақылау жұмыс­тары болашақта атқарылады. Әзірге тіркеу бойынша тек наси­хаттау жұмысын қолға алдық» дейді Мемлекеттік кірістер ко­митеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев.

Осы тұста айта кетейік, элек­тронды алаңда сауда жасайтындар табыс салығынан жеңілдік алу үшін үш шартты сақтауы тиіс. Бі­ріншіден, есеп айырысу қолма-қол төлемсіз жүргізіледі. Екін­шіден, сатып алушымен келісім онлайн тәртіпте жасалуы керек. Үшінші шарт – кәсіпкердің та­уарды тасы­малдауға, салып жі­бе­руге және жет­кізіп беруге құзы­ретті өз қыз­меті болуы керек не­месе осындай қызметті жүзеге асы­ратын тұл­ғамен келісімшарт жасауы талап етіледі. Бұл талаптар кәсіпкерге интернет алаңында өз бизнесін заңды түрде жүргізуге мүмкіндік береді әрі сатып алу­шының мүд­десін қорғайды. Тағы бір талап – электронды саудадан тапқан та­бысы жылдық жиынтық табыстың 90 пайызынан кем болмауы тиіс.

Сонымен қатар халық пен бизнестің есеп айырысуының қолма-қол ақшасыз формасының көлемін ұлғайту шаралары қа­былданып жатыр екен. Қолма-қол ақшасыз формада жыл­жы­майтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді жүзеге асыруды ынталандыру, салық төлемдерін жеңілдету үшін салық төлеушінің электронды әмиянын енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Бүгінгі таңда көлеңкелі эко­но­микадан түскен табысты ше­тел­ге аударушылармен де күрес күшейтіліп жатыр. Бұл ретте, шетелге заңсыз қаржы аударудың жолын кесетін халықаралық Ekman қаржылық тобы құрылғанын айтуға болады. Бұл ұйым әлем елдерінің қаржылық барлау қыз­меттерінің барлығын қол астына біріктірген. Егер белгілі бір елден заңсыз капитал аударылатын болса, онда ол шоттың иесіне өте қатаң шаралар қабылданады екен. Яғни, аталған ұйым заңсыз аударылған қаражатты ымырасыз арызданған мемлекеттің пайдасы үшін шоттан шешіп алуға дейінгі шараны қабылдауға құқылы екен.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ