Мал саусаң – сүт, жер саусаң – құт

Абайдан  «Қара сөздер» деген  ғибратқа толы кітап қалған еді. Соны оқитын, кеудесіне тоқитын қазақ қанша? Төртінші сөзінде «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» дейді Абай.

Мал саусаң – сүт, жер саусаң – құт

Қазіргі қазақ қоғамына қа­расақ, «қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ» тірлікпен жүрген жандар көп. «Құдай маған ештеңе бермей жатыр, неге мені көрмейді» деп босқа налып, салы суға кетіп жатқандар қаншама. Біржан сал айтқандай, «бай болмақ, кедей болмақ, құдайдан-ды» дегендей, Жаратқан әр пен­десіне тиісті несібесін береді-ау. Бірақ азға алданып, адамдығын малданып, «Құдай береді» деп қарап жатқандар аз емес. Абай сөзін тиісінше тәпсірлесек, «әуелі Құдайға сыйынып» дегені – әрекет қыл дегені емес пе? «Әре­кет түбі – берекет» дейді дана хал­қымыз. «Өз қайратыңа сүйе­ніп» дегені – ақылың мен бі­ліміңе, парасатың мен білі­гіңе сеніп, тағы да іс қыл дегені. «Еңбегіңді сау» деп отыр. «Жатпа, тоқтама, отырма» деген сөз. «Еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». Осыған терең мән беріп байқайықшы. Қара жер – қасиетті ұғым. Қазақстанда, Құдайға шүкір, игеремін деген адамға жер жетеді. Мың гектарлап демей-ақ қояйық, есігінің алдындағы бес-алты соттық жерін қайратына сүйеніп, игеріп жатқан қанша қазақ бар?!. Жерге қарап, жер шұқығаннан басқа не істей аламыз?!. Міне, көктем де келді. Бізден басқа ағайынның бәрі қимылдап жатыр. Осы Қазақстанды мекен етіп отырған түрік, күрд, әзір­байжан, неміс халқының өкілдері алақандай жердің өзінен қаншама өнім алады. Ерте пісетін көкөніс дақылдарын елден бұрын егеді; артылғанын базарға шығарады, қалғаны өздерінің отбасына мейлінше жетеді; «жұмыссызбын, өкімет маған неге қарайлас­пайды» деп отырған жоқ. Тым болмағанда ішіп-жемі отбасын асырауға еркін жетеді. Қасиетіңнен айналайын, қара жер – шын мәнінде асыраушы ана­мыз ғой! Осыны әлі күнге жөн­­деп ұғынбай келеміз. Мына Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзиёев билік басына келген бетте «Ауылдың әр тұр­ғыны – кәсіпкер» деген бағ­дарлама ұсынды. «Ауылда тұра­тын әр отбасы кемінде 10-15 тауық ұстасын» деді. Соның ар­қа­сында қазір Өзбекстанға құс фабрикасын салудың қажеті болмай қалды. Жеміс-көкөніс нарығында өзбек елі алға шығып кетті: өрік дәнін Италияға, кеп­кен өрік пен арахисті Чехияға, машты Малайзия мен Вьетнамға, шие мен піскен өрікті Сингапур­ға, грек жаңғағын Ливанға экс­порт­тап отыр. Қазақстандағы қай базарға барсаңыз да, кепкен өрік, мейіз, жаңғақ, жеміс дәнектерін сатып отырған өзбектерді көресіз. Қайрат қыла алмай, еңбек сауа алмай, қара жерді ұқсата ал­май біз отырмыз. Мал саусаң – сүт, жер саусаң – құт! Игілікті Құдай беріп отыр ғой! Ендігі «қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ» тірлігімізге не жорық?