Бәсекеге дайынбыз ба?

Газет мақаласы Айқын газеті №68

Қытай азық-түлік нарығы әлемдегі ең белсенді нарық саналады. Жыл сайын бұл ел 115 млрд доллардың өнімін импорттайды. Соның оннан бір пайызы – Қазақстанға тиесілі. 2018 жылдың қазан айындағы мәлімет бойынша Қытайда қазір жылына 1 млн тоннаға жуық сиыр еті тапшылығы болады екен. 2030 жылы бұл цифр 3 млн тоннаға дейін артуы мүмкін дейді сарапшылар. Осындай бос орынды толтыруға Қазақстанда үлкен мүмкіндік бар.

Бәсекеге дайынбыз ба?
Бұл күнде Қазақстан әлемнің 120 еліне 
800-ден астам тауар түрін экспорттайды екен. Соның бірі һәм маңыздысы – ет және ет өнімдері. Бірнеше күн бұрын ғана Қазақстан мен Қытай ет және ет өнімдерін экспорттау туралы ветеринарлық сертификатқа өзара келісті. Ауыл шаруашылығы министрлігі бас­пасөз қызметінің хабарлауынша, құжаттағы талаптарға сиыр және қой еті кірген. Ми­нистрліктің айтуынша, қытайлық инспекторлар Қазақстандағы ет өңдеу кәсіпорындарын қарап шығыпты. Жалпы, Қытайдың Қазақстаннан ет сатып алып жатқаны енді ғана. Ұзақ уақыт бойы өнімнің бұл түрі бойынша алпауыт ел бізбен импорт­тық байланыс орнатқан жоқ. Аусыл және басқа да аурулардың кең тарауы біздің эко­номикалық мәртебеміздің биіктеуіне кедергі болған. Тек 2017 жылы Елбасы 
Нұр­сұлтан Назарбаев арнайы сапарлап барған­нан кейін ғана қой және сиыр етін экспорттау бойынша ортақ мәміле жасалды. Қазақстан ет одағы­ның төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуын­ша, өнімді сатуға шығармас бұрын ішкі жағдайды реттеу керек. 
– CITIC Group халықаралық қытайлық инвестициялық жылжымайтын мүлік корпо­рациясының еншілес ұйымдары сиыр етінің дис­трибьюторы ретінде әрекет етуге дайын. Де­генмен баға нарықтық болуы керек және отан­дық мал шаруашылығы алдымен логистика мә­селелерін шешкені жөн. Әйтпесе, Қытайға са­тылып, бірақ Жаңа Зеландия өнімдері­мен бә­секелестікке дайын болмай қалған алдың­ғы жылғы ет экспор­тының күйін кешуі мүм­кін, – дейді ол. 
Маманның сөзінше, Қытай нарығында қазақ еті де, жаңазеландиялық ет те 4 доллар (келісі) тұрады. Алайда сол етті Оралдан немесе Қарағандыдан мына тұрған Үрімшіге жеткізудің құны 7 900 доллар шығынға жет­пек. Бұл 
баға – бір контейнер үшін төленетін ақы. Ал Жаңа Зеландия өз өнімдерін тікелей теңіз ар­қылы жолдайды. Ол жақтағы тарифтер басқаша. Сонымен қатар Жаңа Зеландия Қытаймен қой етіне нөлдік баж салығын енгізген еркін сауда келісіміне қол қойған. Басқа экспорттаушылар ет жеткізгені үшін 5 пайыз көлемінде баж са­лығын төлесе, Қазақстан 12 пайыз төлейді. «Біз ондай келісім орната алмаймыз. Егер Қытай бізбен арадағы сауда-сатыққа нөлдік баж са­лығын енгізсе, онда өтем ретінде біз де олар­дың қандай да бір өніміне жеңілдік жасауымыз қажет. Алайда біз Кеден одағына мүше бол­ған­дықтан, ондай қадамға бара алмаймыз», – дейді Мақсұт Бақтыбаев. 
Дегенмен Қазақстан Қытайға қарай өнім жеткізу жұмысын жеделдетуді және барынша өнімді етуді қалайды. Былтыр Қытайға жасалған экспорт құны 5,6 млрд доллар болған. Сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасының ­орын­ба­сары Нұралы Бөкейхановтың айтуынша, екі ел арасында қазір оң сауда динамикасы орнаған. 
– Қытай тарапы бірнеше тауар позициясы бойынша бізге мүмкіндіктер ұсынып отыр. Қазірдің өзінде 180-нен астам қазақстандық компания инспекциядан сәтті өтіп, өнімдерін көрші ел нарығына жеткізу құқығын алды. Әзірге тек шикі өнімдер тасымалдап жатырмыз. Қытайда жайылым жердің азаюы да қазақстан­дық өнімге басымдық береді. Тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы оң динамика көрсетуде. Бұл бағыт болашақта «екінші мұнайымызға» айналуы керек, – дейді Бөкейханов.    
Оның айтуынша, Сиянь қаласындағы үлкен кедендік кеңістіктен Қазақстан үшін 5 мың шаршы метр сауда алаңы мен 100 мың шаршы метрлік қойма орны қарастырылған. Соны­мен қатар арнаулы интернет дүкен де жұмыс істейді. «Біз үшін мұздатылған еттен бөлек салқындатылған сиыр және қой еті сауда топтарын да ашу керек. Өйткені ол нарықта салқындатылған ет қымбатырақ. Мәселен, мұздатылған қой етінің бір келісі 3 доллар болса, салқындатылған ет – 15 доллар. Бұл баға айырмашылығын тиімді пайдалану керек», – дейді Нұралы Бөкейханов. 
Жалпы статистикаға сүйенсек, 2017 жылы қой еті Ресей, Иран, Бахрейн, БАӘ, Кувейт елдеріне сатылған. Жалпы көлемі – 895,4 тонна болса, түскен пайда – 4068,6 мың доллар. 
2016 жылмен салыстырғанда, қой еті экспорты 4,2 есеге артқан. Соңғы кезде қозы етіне де сұраныс өсе түскен. Министрліктің мәліметін­ше, қазақстандық ет өнімдерін сатып алуға дәл қазір Иран, БАӘ, Қытай елдері мүдделі. Сыртқа қарай сапалы ет жөнелту үшін жоғары деңгейлі ет өңдеу зауыты да керек-ақ. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының айтуынша, биыл Алматы облысында сондай зауыт пайдалануға берілуі мүмкін. Сонымен қатар жақсы жайылым мен мал басының молдығы да маңызды рөл ой­найды. Қазір еліміз жайылым көлемі бо­йын­ша әлемде бесінші орында, тиісінше 180 мил­лион гектар жерді әлі еркін игеруге болады. «2014 жылы бізде өзіміздің жануарларды табу қиын еді. Бірақ «Сыбаға» бағдарламасының аясында 2016-2017 жылдары 5 мың асылтұ­қым­ды бұқа біздің иелікте болды. Ал 2018 жылы олардың көлемі 100 пайызға жетті. Енді кәсіпкерлер қимылдауы керек. Географиялық тұрғыдан бізге сауда жасау өте қолайлы. Ресей де, Қытай да алып мемлекеттер. Нарығы да өте ауқымды. Екі ел де жылына 2 млн тоннадан астам ет сатып алады. Осы пайданы кәдеге жа­рату үшін шаруаларға тиімді жағдай жасау ке­рек», – дейді кәсіпкер Сырым Ертаев отандық «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында. 
Министрліктің мәлімдеуінше, «Сыбаға» бағдарламасы биыл ары қарай жетілдіріле түспек. Былтыр жыл аяғында мал және өсімдік шаруашылығына арналған брифингте ведом­ство ет экспорттау жоспарының 25 пайызға артқанын жария еткен. Яғни, былтыр сыртқа 15 мың тонна ет шығару көзделіп, бірақ шын мәнінде, 18,8 мың тонна ет шекара асқан. «Ша­ғын және орта шаруашылықтарға негізделген «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарла­масын іске асыру басталып кетті. Оны жүзеге асыру үшін арнайы жеңіл несие беруді қарас­тыратын «Сыбаға» бағдарламасы бастау алды. Жұмыс жылдың екінші жартысында бастал­ға­нымен, белгіленген межеден артық орындалды. Бүгінгі таңда 700 фермер несие алды» деген болатын сол жиында министрлік өкілдері. 
2018 жылғы мәлімет бойынша, қазір әлем бойынша 66 млн тоннаға жуық сиыр еті желі­неді екен. 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш жы­лына 105 млн тонналық межеге дейін жетуі мүмкін. Бұл ретте Бразилия, Аргентина, Авс­тра­лия, Жаңа Зеландия елдері мүмкіндіктерін толық пайдаланса, Қазақстан өз ресурстарын жеткілікті деңгейде игере алар емес. Әрине, Қытай нарығының ашылуы – біз үшін үлкен мүмкіндік. Себебі, миллиардтан астам халқы бар мемлекетті етпен қамтамасыз ету мүмкіндігі біраз жылдан соң бұйырып отыр. Мұны, әлбетте, кәдеге жарату керек. Дегенмен бұл нарықта мықты бәсекелестік те бар. Еліміздегі 180 млн гектар жердің 58 миллион гектары ғана пайдаланылуда. Ал небәрі 15 млн гектар жа­йылымдық жері бар Канада гектарына 80 келі сиыр етін өндіріп отыр. Уругвай (14 млн гектар) әр гектардан 45 келі ет жинайды. Жаңа Зе­ландия болса бар-жоғы 11 млн гектар жері болғанына қарамастан, гектарына 60 келіден астам ет өндіреді. Сәйкесінше, бұл елдер жыл сайын 400-600 мың тонна етті сыртқа тасиды. Ал біз болсақ, гектарына 5 келіден төмен кө­лемде ет өндіріп, былтыр 800 келі етті әрең де­генде саттық. Бұл тұрғыда Австралия да біз­бен деңгейлес. Яғни, әр гектарына 10 келіге жуық қана ет өндіреді. Бірақ артықшылығы – олар 350 млн гектар жайылымды түгел пайда­ланады да, жыл сайын 2-3 млн тонна етті еркін саудалайды. Сондықтан Қытай нарығына шықтық деп қуануға әлі ертерек те сияқты. Алдымен бәсекелестер деңгейіне жетуге тал­пыну қажет. Әйтпесе, ертеңгі күні ойыннан шығып қалуымыз да кәдік қой.