Банктер қашан байыпты болады?

Газет мақаласы Айқын газеті №70

Кредит-қарызды ауылдас, көрші, ағайыннан алуға, ал теңге-ділдәні сандық түбінде сақтауға үйренген көшпелі халқымызда банк болмағаны белгілі. Алғашқы банктер Қазақстанда патша өкіметі тұсында ашылып, Кеңес Одағы тұсында мемлекеттік-салалық банктер түрінде дамыды. Бірақ бұл сектордың нағыз өрлеуі тәуелсіздік алған жылдарға тап келді.

Банктер қашан байыпты болады?

Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстанда қаржылық ұйым­дар саны буырқана өсті. Қазір айтса, адам сенбеуі мүмкін, бірақ ол тұста коммерциялық банктердің саны 200-ден асқан. Нақтырақ айтсақ, елімізде 1993 жылы 724 филиалы бар 204 банк, 1994 жылы 1 042 бөлімшесі бар 184 банк жұмыс істеген. Ізін­ше, саланы мемлекеттік реттеудің күшейтілуі, қайта-қай­та соққан дағдарыстар, жос­пар­лы экономикадан нарыққа көшудегі өтпелі кезеңде тез ау­қат жиып алған бірқатар бай­лар­дың шетелге көшіп кетуі және басқа да факторлар әсері­нен банктер бірінен соң бірі жабы­лып қалды. Осылайша, 2000 жылы банктер саны 48-ге, ал филиалдары саны 418-ге дейін кеміді. 
Ұлттық банктің дерегінше, 2019 жылдың бірінші тоқсаны­ның қорытындысы бойынша Қазақстанның банк секторында небәрі 28 банк қана жұмыс істей­ді. Бұл әрине, өте аз. Әрі нарық­тағы үлкен бәсекелестік туралы ауыз толтырып айту қиын.  
Салыстыру үшін келтірсек, көрші Ресейде 2019 жылғы сәуір­дегі жағдай бойынша бар­лығы 430 коммерциялық банк жұмыс істеп жатыр. Рас, оларда 2018 жылдан бергі бір жыл ішін­де банктер сапы 77-ге азайыпты. Бірақ бәрібір Қазақстандағыдан 15 есеге көп. Тіпті небәрі 6,4 мил­­лион ғана халқы бар көрші Қыр­ғызстанда 25 банк жұмыс істейді. 
Даму жөнінен қазақстандық банк секторын өзбекстандықпен салыстыруға болады. Жақында жария­ланған ақпаратқа жүгін­сек, ала шапанды ағайындары­мызда бүгінде 29 коммерциялық банк қызмет жасайды екен. Бірақ оның тек 6-ауы ғана жеке­мен­шікте көрінеді. Кейбір дерек­тер бойынша биыл Өзбек­стан­да жаңадан тағы екі банк – «Қазақстан халық банкі» құрған Tenge Bank, сондай-ақ грузиндік TBC Bank іске кіріседі деп күтілу­де. 
Қазақстанда 28 банк негізі­нен жеке қолда болғанымен, дағ­дарыс жайласа, олар қол жайып, мемлекеттен қолдау қаржы алатыны жасырын емес. Яғни, аты жекеменшік болғаны­мен, заты бюджеттік сүйемел­деу­ге зәру. 
Тағы бір салыстыру келтіре кетсек. 2019 жылдың І тоқсаны­ның қорытындысы бойынша, Өзбекстан банктеріндегі халық­тың салымдарының көле­мі бір­ден 8,1%-ға ұлғайып, 15,891 трил­лион сумға (1,88 миллиард дол­ларға) жеткен.
Өзбекстан Республикасы Орталық банкінің дерегінше, жыл басынан бері оларда ұлттық валю­тадағы депозиттердің кө­лемі 10,3%-ға артқан. Бұл рет­те өзбек сумындағы салымдар үлесі 62%-ды иемденіпті. 
Тұтастай алғанда, 2018 жыл­дың қорытындысы бойынша, ӨР-де халықтың банктердегі жи­нақ­тарының жалпы мөлшері 14,7 трил­лион сумға немесе 1,7 мил­лиард долларға жетті. Өзбек ағайындардың әл-ауқатының қалай еселеп молайып келе жат­қа­нын аңғару үшін 2017 жыл қорытындысында оларда халық салымының көлемі 12,2 трил­лион сум немесе 1,4 миллиард дол­лар ғана болғанын айта кеткен жөн. Оның алдында 2016 және 2015 жылдары бұл көрсет­кіш тиісінше бар-жоғы 8,531 трил­лион сумды (1 млрд доллар­ды) және 6,966 триллион сумды (824,2 миллион долларды) ғана құраған.
Қазақстанның жағдайына келсек, Ұлттық банктің дерегін­ше, 2019 жылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша еліміз­де резиденттердің депозиттері­нің көлемі наурыз айында 2,1%-ға азайып, 17 триллион 207,9 млрд теңгені құраған. Соның ішінде 8 триллион 757,9 млрд теңгесі заңды тұлғалардың, яғни отан­дық компаниялар мен ұйым­­дардың депозиттеріне тие­сі­лі. Олардың салымдарының көлемі 4,3%-ға кеміген.

Ал халықтың жайына тоқ­тал­сақ, жеке тұлғалардың депо­зит­тері 8 триллион 450 млрд теңге (21,9 миллиард доллар) болыпты. Бірақ болмашыға ғана, 0,1%-ға ұлғайған.
«Ұлттық валютадағы депо­зит­тердің көлемі бір айда 1,4%-ға ғана ұлғайды. Қазір ол 10 трлн 60,4 млрд теңгені құрайды. Ал шетел валютасында депозиттер 7 трлн 147,4 млрд теңгеге тең және 6,8%-ға азайды. Доллар үле­сі 2019 жылғы наурыздың со­­ңында 41,5%-ды (2018 жылғы жел­тоқсанда – 48,4%) құрады», – деп мәлім етті қаржылық рет­теуші. Яғни, өзбек сумына қара­ғанда, қазақ теңгесінің депо­зит­тердегі позициясы әлдеқайда әлсіз­деу. Халықты доллардан бас тартқызуға АҚШ валюта­сын­­дағы депозиттер сыйақы­лары­ның 1 пайыздан аспауы да көп ықпал ете алмағандай.  
Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа сыйақы став­ка­сы 7,2%-ды, ал жеке тұлға­лар­дың депозиттері бойынша 9,4%-ды (былтыр 10,4% болған) құра­ды.
Коммерциялық банктер бай­лы­­ғының ауқымы да анық­тал­ды. ҰБ мәліметінше, банк секторының жиынтық активтері 2019 жылғы 1 сәуірде 24 трил­лион 577,4 млрд теңгеге теңелді. Сөйтіп, биылғы жыл басынан бері 2,6%-ға азайған. 
Активтердің құрылымында ең көп үлес кредиттерге келеді: 48,2%. Одан кейінгі ірілері – баға­лы қағаздар (21,5%), қолма-қол ақша, тазартылған-аффи­нир­ленген алтын және басқа да бағалы металдар, корреспон­дент­тік шоттар (12,9%).
Қазіргі кезде отандық банк­тер­дің кредиттік портфелі бір­шама тазартылыпты. Атап айт­қанда, берешегі төленуі қойыл­ғанына 90 күннен астам уақыт өткен кредиттер (яғни, NPL) көлемі 1 триллион 122,8 млрд теңге немесе несие портфелінің 8,6%-ына пара-пар. 
Отандық банктер шетелден алған қарыздарын қайтаруда. Бұған қоса, кейбір банктерден халық өз салымдарын әкетуде. Нәтижесінде, банк секторының жиынтық міндеттемелерінің көлемі 21 триллион 516,9 млрд теңгені құрап, жыл басынан бері 3,2%-ға төмендеді. 
– Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлесті клиенттердің салымдары (77,4%), ай­­налымға шығарылған баға­лы қағаздар (8,2%), басқа банктерден және банк опера­ция­­ларының жекелеген түр­ле­рін жүзеге асыратын ұйым­дар­дан алынған қарыздар (2,7%) иеле­не­ді. Жиынтық міндеттеме­лер­дегі банктердің бей­рези­денттер (шетел­діктер) алдын­дағы мін­дет­­темелерінің үлесі 2019 жыл­дың басымен салыс­тыр­ғанда 6,2%-дан 6,4%-ға дейін ұлғайып, 1 трлн 309,5 млрд теңгеге жетті, – дейді Ұлттық банк өз есебінде.
Банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2019 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша 3 трлн 60,5 млрд теңгені құрады және 1,3%-ға көбейген. Банк­терде 50,3 млрд теңге таза шы­ғын (ағымдағы шығыстардың ағым­дағы кірістерден асып кетуі) да тіркеліпті. 
Сарапшылар еліміздегі саны онсыз да аз банктердің қатары ары қарай селдірей беруі мүм­кін­­дігін айтады. Қазақстандық қор биржасының (KASE) ресми сайты AsiaCredit Bank пен Capital Bank Kazakhstan «Тенгри банкіне» қосылуы мүмкін екенін жариялады.  
«31 мамырда Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank акционерлерінің бірлескен жиыны өтеді. Онда дәл осы мәселе талқыға салынады. Жиын күн тәртібіне Тенгри банкі­нің ерікті түрде қайта құрылымдануы, сондай-ақ оның AsiaCredit Bank пен Capital Bank-ті өзіне қосып алуы туралы келісімшартты бекіту мәселелері енген» делінген хабарламада.