Kaspi.kz қосымшасы арқылы туысына ақша аударса, телефонына бірлік салса салық төлемейді

Kaspi.kz қосымшасы арқылы туысына ақша аударса, телефонына бірлік салса салық төлемейді
Фото: Интернеттен алынды

Егер адам ұялы телефонына ақша салса немесе жақындарына көмек ретінде ақша аударса, бұл табыс ретінде саналмайды.

«Спутник Қазақстанның» жазуынша, Қаржы министрлігі барлық төлемге бірдей салық салмайды. 

Қаржы министрлігі салықтан жалтарған кәсіпкерлерді анықтау үшін қазақстандықтардың ақшалай аударымдарын тексереді. Бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың айтуынша, Қаржы министрлігі Kaspi банкінің ғана емес, барлық екінші деңгейлі банктер арқылы аударылатын электронды ақшаның бір бөлігіне салық салуды жоспарлап отыр.

«Бізде электронды түрде жүргізілетін процедураларға салық салынуы тиіс. Егер ол адамның табысы болса. Салық мөлшері әртүрлі. Мәселен, егер ол жеке кәсіпкер болса, онда жеке табыс салығы, егер заңды тұлға болса, корпоративті табыс салығы, қосымша құн салығы және тағы басқа» – деді Шолпанқұлов.

Оның айтуынша, барлық төлемге бірдей салық салынбайды. Мәселен, егер адам ұялы телефонына ақша салып немесе жақындарына көмек ретінде ақша аударса, бұл табыс ретінде саналмайды. Сәйкесінше, салық та салынбайды. Әр ақша аударымы жеке-дара қаралады.