Қаржы министрі халықты алыпқашпа әңгімеге сенбеуге шақырды

Қаржы министрлігі Kaspi секілді жедел аударым жүйелеріндегі аударымдардан қандай да бір қосымша төлемдер немесе салық алуды жоспарлап отырған жоқ.

Қаржы министрі халықты алыпқашпа әңгімеге сенбеуге шақырды
Фото: Интернеттен алынды

Сондай-ақ, жеке тұлғалардың қолма-қол ақшасыз аударымдарына тексеру жүргізуді де көздемейді. Бұл туралы Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.

«Kaspi секілді жедел аударым жүйелері халық пен бизнес арасында үлкен қолданысқа ие. Аударым үшін комиссияның болмауы, пайдаланудың жеңілдігі мен қолайлығы осы қызмет түрінің танымалдығын арттырды. Әрине, Қаржы министрлігі қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсуі көлеңкелі экономиканың төмендеуіне ықпал ететінін түсінеді. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыру бойынша ыңғайлы және қазіргі заманғы инфрақұрылымды дамыту үшін біз банктермен етене жұмыс істеуді көздейміз, – дейді министр. – Ал кәсіпкерлік қызметке келетін болсақ, ол міндетті түрде ашық болуы керек. Атап айтқанда, кәсіпкерлер заңнамаға сәйкес фискалдық чектер беруге, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап онлайн кассалық бақылау машиналарын пайдалануға міндетті».

Министрдің айтуынша, Kaspi-ді кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын кәсіпкерлер бұл міндеттемелерден босатылмайды. Түбіртектің болуы тұтынушылар құқығын қорғау үшін маңызды. Сол себепті Қаржы министрлігі өз бизнесінде жедел аударымдар жүйесін қолданатын кәсіпкерлердің кірістерін әкімшілендіру мәселесін пысықтап жатыр екен.

«Мысалы, онлайн кассалық бақылау машиналары мен автоматты түрде толтыру және салық есептілігін жөнелту функциясы бар POS-терминалдарды біріктіру арқылы кірісті әкімшілендіруге болады. Мұндай пилоттық жоба Kaspi банкпен бірге келесі жылы іске асады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап патент немесе оңайлатылған декларация секілді арнайы салық режимдерін қолданатын шағын бизнес 3 жылға салық төлеуден және тексерулерден босатылғанын атап өткім келеді», – деген Ә.Смайылов осы мәселелрді назарға ала отырып, халықты алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге шақырды. Өйткені жеке тұлғалар үшін алаңдауға еш негіз жоқ.