Сақтандыру қорына 2 миллион түскен

Алматы қаласы бойынша жыл басынан бері сақтандыру қорына  2 млн 317 мың теңге түскен. Жыл басынан бірыңғай жиынтық төлемді 1574 адам төлеген екен. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлады.

Сақтандыру қорына 2 миллион түскен

Елімізде бірыңғай жиынтық төлем биыл 1 қаңтардан бастап енген болатын. Жиынтық төлемнің ішінде өзге де әлеуметтік төлемдерге қоса сақтандыру жарнасы да бар. Ол жалпы соманың 40 пайызын құрайды.

БЖТ – республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 айлық есептік көрсеткіш немесе 2525 теңге, ауылдық жерлер үшін – 0,5 АЕК немесе 1263 теңге көлемінде белгіленген.

Хабарламаға сүйенсек, мамыр айының басында қорға 168 млрд теңге жинақталған. Оның басым бөлігі жұмыс берушілерге тиесілі.

«Биыл жұмыс берушілер қарамағындағы жұмыскерлер үшін жарна төлеп жатыр. Заң бойынша әр жұмыскердің атына оның табысының 1,5% мөлшерінде аударым жасалады. Төлем жұмыс берушінің өз есебінен төленуі тиіс. Жеке кәсіпкерлер, қарапайым азаматтар жарна аудару міндетінен босатылған. Бұл санаттағылар жүйеге қаржы аударуды 2020 жылдан бастайды», – дейді МСҚ Алматы филиалы басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Атап айтқанда, жұмыскерлер келер жылдан бастап табысының 1%, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар табыстың 1% сақтандыру қорына аударады. Ал, мемлекет 15 санатқа жататын 10 миллионға жуық адамды сақтандыратын болады.