Бәсекеге қабілетсіз банк кімге керек?

Газет мақаласы Айқын" газеті №94

Қаржы секторында біраз өзгеріс болып жатыр. Әсіресе, банк саласындағы бірігу процесі әрі қарай жал­ғасып келеді. Сарап­шылар алдағы уақытта еліміздің қаржы нарығында шамамен 23-24 банк қалады деген болжамын да айтып үлгерді. «Банктердің ықшамдалуы қаншалықты тиімді?» деген сауалды қаржыгер Ілияс Исаевқа қойған едік.

Бәсекеге қабілетсіз банк кімге керек?

– Бұл – өте тиімді тәсіл. Эко­номикаға ешқандай көмегі жоқ, тек жалақы алып, сосын берген несиесі проблемалық несиеге айналып, Үкіметтен қол жайып көмек сұрап отырған банктердің бізге қажеті не? Өйткені эконо­микамыз соншалықты үлкен емес. Кейде «Он банкпен де жұмыс істеуге болады» деген сөз айтылып қалады. Біз түбі соған келеміз. Себебі, уақыт өткен сайын банктердің жағдайы онша оңалып жатқан жоқ. Әрине, бұл макроэкономикалық жағдайға, өндірістің, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына да байланысты. Коммерциялық банктер өндіріссіз, нақты сектордың дамуынсыз өз бетімен дамып кететін секторға жатпай­ды. Өндірістік сектор қалай да­миды, коммерциялық банк те несие беріп, қызметін жандан­дыра алады. Мысалы, бізде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласы бар, – дейді экономист. – Бізде Ресей, Қытай, Пәкістанның ен­шілес банктері жұмыс істейді. Олар да кезінде пайда табу мақ­сатында нарыққа енген. Бірақ қазір олардың да қаржылық жағдайы көңілден шығатындай емес. Соған қарағанда, коммер­циялық банктер міндетті түрде саны жағынан да, сапа жағынан да ықшамдала түсуі керек. Бі­рінші тоқсанның қорытындысы бойынша коммерциялық банк­тердің жағдайы онша мәз емес, 50 миллиард теңгедей шығынға ұшырады. Өткен жылдың бірінші тоқсанында керісінше 214 мил­лиард теңгедей пайдаға шыққан. Биыл бірінші тоқсанда зиян шек­кен 50 миллиард теңге негізінен үш банктің үлесіне тиіп тұр. Әсі­ресе, Цеснабанк үлкен шығынға ұшыраған. Аса көп шығын бол­маса да, оның қатарында АsiaCredit bank пен Пәкістанның Халық банкінің акционерлік қоғам түрінде құрылған Қазақ­стандағы еншілес банкі бар. Қалған банктердің пайдасымен салыстыра келгенде, осы үш банктің шеккен зиянының таразысы басым болып тұр. Соның нәтижесінде, бүкіл банк секторы 50 миллиард теңгедей шығынмен шыққан. Бұл – үлкен проблема. Содан кейінгі тағы үлкен мәселе, бірінші тоқсанның нәтижесінде коммерциялық банктердің жалпы несиелік қоржыны азайған. Мысал үшін кейбір мәліметтерге сүйенсек, бірінші тоқсанда жалпы Қа­зақстанның банк секторының несиелік қоржыны 22,4 миллиард теңгеге дейін кеміген. Осының нәтижесінде, 15-тей банктің несиелік қоржыны проблемалық несиеден арылмай жатыр. Проблемалық несиенің үлес салмағы өте жоғары. Мысалы, Capital Bank Kazakhstan-ның қоржынында проблемалық не­сиенің үлес салмағы 72 пайызға дейін жеткен. Зиян шеккен ­Пәк­істанның Халық банкінің ак­цио­нерлік қоғам түріндегі Қазақ­стандағы еншілес банкінің де уақытылы қайтарылмаған ­не­сиесі 31 пайыз. АsiaCredit bank, ForteBank-тердің де несиелік қоржынының сапасы өте төмен. АsiaCredit bank-тің уақытында қайтарылмаған несиесі бүкіл несие қоржынының 51 пайызын құрайды. Үлкен шығынға ұшы­раған Цеснабанктің несие қор­жынының 40 пайызы уақытында қайтарылмаған несие. Еуразия банкінде проблемалық несие көлемі – 31 пайыз.

Қазіргі таңда елімізде мик­роқаржылық ұйымдардың жұмыс қарқыны жақсы дамып келеді. Шағын несие ұйымдарының ауыл шаруашылығы саласын, сауда, шағын және орта кәсіп­керлік нысандарын несиелеу көлемі артқан. Сондай-ақ бұл қаржы саласында проблемалық несие көлемі өте аз. Қазіргідей банктер өз жұмысын үйлестіре алмай отырған жағдайда алып территорияға ие елімізде осы микроқаржылық ұйымдардың жұмысына көбірек мән беру керек сияқты. Бұған біздің сарап­шымыздың пікірі қандай?

– Мәселе – мән беруде емес, бәсекеде. Банк секторына бә­секелес болатын екі сала бар. Бірінші – қор нарығы. Екінші­сі – банкке жатпайтын несиелік ұйымдар. Оған микроқаржы ұйымдары, несиелік серіктес­тіктер, агронесиелік корпора­циялар кіреді. Бәсеке­ неғұрлым қатаң болған сайын со­ғұрлым көшке ілесе алмағандар шетке ысырылып қалады. Біздің банк секторы бәсекеге қабілетсіз екенін көрсетіп отыр. Себебі, банк секторы, бірінші – несиелік тәуекелді сақтамайды. Екінші – нормативтерді орындамайды. Үшінші – есепті жасыратын жағдайлар кездеседі. Несие қоржынының сапасы туралы көптеген мәлімет те жасырылады. Бұл – банк секторында тәуекел өте жоғары деген сөз, – дейді қаржыгер Ілияс Исаев. – Кейбір мамандар бірінші тоқсанда коммерциялық банктердің несиелік қоржыны азайып кеткенін айтады. Несие беру азайған. Әрине, банктердің жағдайының бәрі бірдей емес. Соның ішінде қаржылық жағ­дайы өте жоғары алғашқы он­дыққа кіретін кейбір банктердің бірінші тоқсанда несиелік қор­жыны қысқара түскен. Атап айтқанда, Halyk банк, АТФ банк, ForteBank пен Еуразиялық банктің несиелік қоржыны қысқарған. Неге? Кейбіреулер мынадай объективті себептерді айтып жатыр. Біріншіден, банк секторында депозиттік база тө­мендеген. Мысалы үшін бірінші тоқсанда жалпы банк секто­ры­ның депозиттік базасы 222 мил­лиард теңгеге азайған. Мұндағы тағы бір себеп – негізі бірінші тоқсанда бизнестің белсенділігі өте төмен болады. Бұл жылдағы қалыпты жағдай. Осы кезде жаңа келісімшарттар жасала бастайды, ауа райы да әсер етеді. Оның үс­тіне, долларсыздандыру тө­мен­деген. Жыл басында 48,4 па­йыз болса, қазір 41,5 пайызға дейін түсті. Бұл бір жағынан ұлттық валюта үшін оң жағдай, бірақ біздің экономикамыз экс­порт пен импортқа байланысты. Бұл жағынан алып қарағанда құптарлық емес. Өйткені біз тұ­тыну нарығымыздың 40-50 па­йызын сырттан әкелеміз. Тіпті техника, технологияның бәрін сырттан тасимыз. Міне, осыған байланысты долларсызданудың төмендеп кетуінің өзі банктердің несиелік белсенділігін төмен­деткен сияқты. Коммерциялық банктердің депозиттік базасы азайғанын айттық. Жеке тұлға­лардың 22,2 миллиард теңгедей депозиті сыртқа кеткен. Осын­дайда «Егер банк секторынан депозит кетіп жатса, ол ақшалар қайда барады?» деген сұрақ туады. Менің түсінігімде, осы бір мәселе банк секторы мен қор нарығы және банк секторы мен банкке жатпайтын несиелік ұйым­дардың арасындағы бә­секенің көрінісі сияқты. Себебі, қор биржасының сауда-саттық құрылымын қарап отырсақ, корпоративтік бағалы қа­ғаздар­мен сауда өскен. Олардың табыс деңгейі жоғарылау. Демек, бізде корпоративтік бағалы қағаз­дардың табысы жоғары, тәуекелі төмен болса, онда проблемалық несиелері өсіп бара жатқан банк секторындағы депозиттерді алып, корпортивті бағалы қағазға салмай ма? Осындай тенденция бар. Яғни, банк секторында жеке тұлғалардың депозит базасының азаюының да бір себебі – осы. Мысал үшін қазіргі кезде қор нарығын Үкімет қолға алып жатыр. Астана халықаралық қаржы орталығын іске қосты, Алматыдағы қор биржасы бар. Соған қарағанда, қор нарығында болар-болмас бір жандану бар сияқты. Акциялар нарығы сол күйінше тұр, бірақ корпоративтік бағалы қағаздар нарығы аздап болса да көтерілген. Сонда егер акция нарығы сол күйінде қалды десек, бағалы қағаздар нары­ғы­ның қор нарығындағы үлесі 5 па­йызға дейін көтерілген. Бұл кор­поративтік бағалы қағаздар нарығының өсуі нәтижесінде. Ақша банктен осылай кетуі де мүмкін немесе банкпен бәсекеге түсетін тәуекелі өте төмен мик­роқаржылық ұйымдарға кетуі де мүмкін. Себебі, халық банкке салған депозитінің жағдайын көріп отыр. Банктің несиелік қоржынының сапасы он жылдан бері оңалмай келеді. Мысалы, 2017-2018 жылдары Үкімет банк секторын оңалтамыз деп 14 мил­лиард доллар жұмсаған екен. Бірақ жағдай әлі оңалған жоқ. Халық жағдайды түсінді. Қар­жылық сауат бар. Қор нарығын, микроқаржылық ұйым­дардың жағдайын банк­термен са­лыс­тырып қарауға ша­малары жете­ді. Қазір олар тә­уекелі төмен қар­жы институт­та­рын іздеп жатқан сыңайлы.

Қаржыгердің айтуынша, банк секторынан депозиттің кетуінің тағы бір себебі – былтыр Қазақ­станда алтын нарығын қалып­тастырудың нормативтік құжат­тары қабылданды. Бұл туралы біз де бірнеше мақала жазғанбыз. Демек, елде алтын нарығы қалыптаса бастады. Мысал үшін қазір тұтынушы қанша алтын алғысы келсе, сонша алтын ала алады. Банк секторынан ақша­ның кетуінің бір себебі – осы. Себебі, алтын­ның тәуекелі тым аз. Қаржы құралы ретінде ақ­шасын сала салады. Алтын нарығының өз ережесі, нормативі бар. Оның үстіне алтынды кез келген айырбастау пункттерінен сатып алуға болады. Алтынның сақтау қаптамасын бұзбаса, бүлдірмесе, ақша қажет болған кез келген уақытта оны қайта сата алады. Сертификатымен тұрады. Сақтайтын жер болмаса, банктің сейф қызметін пайда­лануға болады. Міне, осы жағдай да банк секторының депозиттік базасының әлсіреуіне әкеліп соққанын қаржыгер жоққа шығармайды. Бір жағынан алып қарағанда, қазіргі таңда са­лым­шы үшін талас күшейе түскен сы­ңайлы. Бұл қаржы секто­ры­ның қай саласы үшін де етек-жеңді жинап жұмыс істеу қа­жетін ұқтырғандай.